Құқық

Бостандықтың қадірі

Сот

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, өмірде мұндай да жағдайлардың болып жататынына етіміз үйреніп келеді. Біреулер тергеліп, біреулер сотқа сүйреліп жатады. Қилы-қилы тағдыр. Ал енді сол адамдар басына іс түсіп, пұшайман болып жүргенде өзінің құқын біле ме? Құқық қорғау органдары тарапынан  ара-тұра кездесіп қалып жататын заңсыздықтардан өзін-өзі қорғай ала ма? Біздің қоғамымыздың өзі бұған қаншалықты дайын?

Өткен жұма күні қаламыздағы «Dastan ReaI Estate Aktobe» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәжіліс залында өткен дөңгелек үстел басқосуында әңгіме осы мәселелер төңірегінде өрбіді. Егер, дәлірек айтсақ, дөңгелек үстел басындағы  мәслихаттың басты тақырыбы  қылмыстық тергеу жағдайында жүрген адамның сотқа дейінгі құқын қорғауды күшейтумен байланысты еді. Оған ҚР Жоғарғы сотының, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда,  Атырау мен Маңғыстау облыстарының судьялары қатысты. Сондай-ақ прокуратура, адвокатура, ішкі істер департаменті мен қаржы полициясы департаменті органдары өкілдері шақырылды. Ақтөбеде өткен бұл шараны ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы, ҚР Жоғарғы соты, Судьялар одағы және Құқықтық саясатты зерттеу орталығы ұйымдастырды.

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжанов сөз сөйлеп, осындай үлкен құрамдағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің басқосуына табыс тіледі.

Құқықтық саясатты зерттеу орталығының ұлттық сарапшысы Татьяна Зиновичтің, осы орталықтың атқарушы директоры Назгүл Ерғалиеваның, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының құқықтық мәселелер жөніндегі қызметкері Әсел Болатованың сотқа дейінгі қылмыстық істерді жүргізу кезінде сот  бақылауын кеңейту, бұл істегі теориялық және практикалық мәселелер, алдын ала тергеуге байланысты қылмыстық-процессуалдық заңдылықтарды реформалаудың болашағы жөніндегі баяндамалары тыңдалды.

Аталған мәселелерді талқылау барысында  Ақтөбе қалалық №2 сотының судьялары Гүлнар Тілепова, Әлима Әділова, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Данияр Қанафин, Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Ғизатолла Қырықбаев, т.б. сөз алып, алда сот билігін кеңейту бағытындағы нақты ұсыныс-тілектерін білдірді. Бұл мәселелерді күнделікті жұмыстарымен қабыстыра әңгімеледі.

Қазіргі шақта өркениетті, оның ішінде Батыс Еуропа елдері сот жазасын бірыңғай адамгершілікке негіздеп жеңілдетуді құптайтыны белгілі. Көп елдерде өлім жазасы жоқ, ол өмір бойы түрмеде отырғызылумен  ауыстырылды.  Енді батыс елдерінде сол өмірлік жазаға кесілгендерді түрмеде жеке камерада ұстаудың қаталдығы сөз бола бастады… Сол сияқты  қылмыс жасаған адамды сотқа дейін үйқамақта ұстау, тіпті сотқа дейін босатып жіберу жазалары тықпаланады. Осы дөңгелек үстел мәслихатында да Еуропада білім алған заңгерлер, құқық саясатын зерттеу орталығының кейбір қызметкерлері бүгінгі соттардың жұмысын сынап, сотқа дейінгі қылмыстық  тергеу, тексеру кезінде қылмыс жасаған адамға көбірек кеңшілік беру жағында болды.

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Е. Айтжанов, облыстық соттың апелляциялық сот алқасының төрағасы Р. Хайруллин, басқосуға қатысқан басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұған өз уәждерін айтты. Олардың ойынша, бұл жерде әр елдің ерекшелігі есепке алынуға тиіс. Шынын айтқанда, біздің қоғам бұған әлі де дайын емес. Сотқа дейінгі құқын жай азамат түгілі, заңгерлік білімі бар кейбір адамдардың өздері де біле бермейді. Оның үстіне жетпіс жыл бойы кеңестік тоталитарлық қоғамды бастан кешірдік. Содан запы болған халық заң орындарының, оның ішінде сот жүйесінің жазасынан қатты шошиды, оған сене де бермейді. Сотқа дейін алысқа ұзамау туралы қолхатпен босатқанда, қайта оралмай қоятыны, тіпті сытылып кетуге тырысатыны содан. Міне, осындай жағдайда қазіргі заң бойынша сот орны тікелей жазықты болады. Мұндай мысалдар сирек те болса, кездесіп қалып жүр. Осындай нақты дәлелдер келтіре отырып, сот жүйесінің басшылары батысқа бірыңғай көрсоқырлықпен еліктеуге болмайды деген түйінді пікір айтты. Олардың ойынша, сот жүйесін дамытқанда үлгі алу тұрғысында тек батыс мемлекеттері ғана емес, Азиядағы Қытай сияқты елдердің де тәжірибесі ескерілгені жөн. Азия елдерінің, оның ішінде, біздің еліміздің өзіндік ұқсастықтары, ерекшеліктері бар. Ұзақ тарихи өркениет жолынан өткен, экономикасы дамыған АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде сот жүйесінің мейлінше демократияланғаны және ақиқат. Бірақ қазір бұл елдердің өзінде де жағдай өзгерді. Мұны ақпарат құралдары арқылы күнбе-күн көріп, біліп отырмыз.

Аталған басқосуда сот, құқық қорғау органдары мен адвокатура, жергілікті үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлері тарапынан талқыланған тақырыпқа байланысты басқа да айтылған пікірлер, ұсыныстар, қойылған талаптар аз болған жоқ. Олардың талқыланған жерде қалмайтыны да ашық айтылды.  Алдын ала тергеудегі адамның құқықтық жобасы аясында өткен бұл әңгіме алда тағы да жалғаспақ. Осы жылдың 10 қарашасы күні ҚР Жоғарғы сотында осы мәселелерді талқыға салатын қорытынды дөңгелек үстел өтеді. Ақтөбедегі дөңгелек үстелде айтылған ұсыныс, тілектер сонда тағы сараланбақ.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Заңды кәсіпкерлік қорғалады

 

Конституцияға сәйкес әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлік қызмет еркіндігін және оны қорғау мен қолдауға кепілдік береді.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында мықты бизнес — қуатты мемлекет деген қағиданы қолдайтынын ерекше атап көрсетті. Бұл мақсатта алғаш рет «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заң қабылданды. Бизнеске әкімшілік қысымды одан әрі азайту үшін барлық мемлекет органдарына бақылау жүргізудің бірыңғай ережелері мен тәртібі бекітілді.

Бүкіл әлемде Қазақстан 2010 жылы бизнес мүдесі үшін реформалар өткізуден үздік болып танылды. Ең жағымды бизнес-климаты бар елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан  183 елдің арасында 59 орынға ие болды.

Шағын және орта бизнестің дамуы мен оған қолдау жасау мәселелері бойынша Елбасы нұсқауларын жүзеге асыру үшін «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы ғимаратында таяуда «Шағын және орта бизнес қызметіне негізсіз араласу фактілерін болдырмау бойынша өзара әрекет жасау туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Мұнда экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясының) басшылары және қызметкерлері облыс кәсіпкерлерімен кездесу өткізді.

Дөңгелек үстел басындағы жиынға «Атамекен» одағы» Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасы» заңды тұлғалар бірлестігінің Ақтөбе облысындағы филиалы мүшелері, «Нұр Отан»  ХДП облыстық филиалының өкілдері, жергілікті кәсіпкерлік құрылымдардың, бизнес- қоғамдастықтардың және бірлестіктердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Алғашқы болып сөз алған облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Қайрат Бижанов қолданылып жатқан шараларға қарамастан, жекелеген лауазым иелері кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін бұза отырып, олардың ісіне заңсыз араласуды әлі де жалғастырып келе жатқандығын атап өтті. Ол шараға қатысушыларды белсенді, салиқалы диалогқа және ашық әңгімеге шақырды. «Атамекен» одағы» Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасы» заңды тұлғалар бірлестігінің Ақтөбе облысындағы филиалының директоры  Асқар Садықов бақылау органдарының лауазым иелері тарапынан кәсіпкерлерге олардың заңды қызметі барысында негізсіз талаптар қоюдың нақты мысалдарына тоқталды.

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Серік Жұмабисов департамент тарапынан кәсіпкерлердің қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуын болдырмауда нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Бақылау-қарастыру міндеттері бар мемлекеттік органдардың  қызметкерлері өз қызметтерін орындау барысында кәсіпкерлерге қысым жасау арқылы ақша алу деректері әлі де кездесіп қалады.

Мысалы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының  аймақаралық «Батыс» көлік бақылау инспекциясының жетекші маманы Т.Серғазин ауыр жүк автокөлігін бөгетсіз өткізгені және әкімшілік-құқық бұзушылық хаттамасын толтырмау  үшін пара алып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.  Ал А. Жаржанов көлік бақылау инспекциясында жүргізуші бола тұрып, жоғарыда көрсетілген лауазымды тұлға Т.Серғазинге пара алуға бірнеше рет көмектескен. Ол 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып,  мүлкі тәркіленді.

Салық басқармасының бас маманы М. Мүсіралин «ТГМ» ЖШС-ын жедел таратуға көмектесемін деген сылтаумен, бірнеше рет бөтеннің мүлкіне қол сұққан. Оған  5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, департаментке мерзім сайын Ақтөбе қаласындағы базардың мал дәрігерлері үстінен шағым түсіп тұрады. Онда кәсіпкерлерден әр түрлі жеңілдік жасау сылтауымен жүйелі түрде пара алынатындығы айтылады.

Жедел шаралар нәтижесінде, бас маман — мемлекеттік мал дәрігер-инспекторы Ж.Сатыбалдиев ұсталды. Оған қатысты бірнеше қылмыстық істер қозғалды, қазір сотта қаралуда.

Сонымен қатар, рұқсат-лицензиялық құжаттар беретін мемлекеттік органдардың шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлік жұмыстарына кедергі жасау фактілері кездеседі.

Өртке қарсы департаменттің бас мамандары В. Геращенко және Н. Жақсығұлов кәсіпкерлерден қауіпті жүктерді өткізгені үшін бірнеше рет пара алған.

Мемлекеттік сатып алу жүйесінде де заң бұзушылығы кездеседі. Мысалы, Алматы облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бас маманы А. Жанатов 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Ол  «Эскада 2005» ЖШС   заң бұзушылықтарын тексеру қорытындысында көрсетпеуді 8 мың АҚШ долларына бағалаған.

Алға қаласының әкімі Т. Наурызбай Алға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысынан  20 мың теңге  пара алғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді.

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясының) бастығы Қ. Бижанов апта сайын сәрсенбі күні шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу мәселесі бойынша кәсіпкерлерге  қабылдау жүргізетіндігі осы дөңгелек үстел басында айтылды. Ал кез келген құқық бұзу оқиғалары мен заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірудің өзге де деректері, мемлекеттік бақылау-тексеру органдар жағынан қысым жасау туралы «144» сенім телефонына хабарлау қажеттігін еске салды.

 

(Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің материалдары бойынша дайындалды).

Балабақша неге жабылады?

 

Редакцияға Ақтөбе қаласындағы №32 «Шапағат» балабақшасында балалары тәрбиеленіп жатқан ата-аналар хабарласты. Олардың айтуынша, «Ақбөбек» оңалту орталығының ғимаратын жалдап отырған балабақша күтпеген жерден жабылмақ.

«Аталған ғимаратты жалға алу уақыты 2011 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Осыған байланысты қалалық білім бөлімінің өкілдері 2011 жылдың 25 қазанында балалардың ата-аналарын жинап, жиналыс өткізді. Бұл жиналыста аталған балалар бақшасының 2011 жылдың 1 қарашасында жабылатындығы туралы хабарды естідік. Тәрбиешілердің сөзіне қарағанда, балалар бақшасының жабылатындығы туралы Ақтөбе қалалық білім бөлімінің бастығы Оразбаева Ләззат Аманжолқызының жазбаша мәлімдемесі келген жоқ. Осы мәселенің анық-қанығын білгіміз келеді», — дейді олар. Балабақшаның бес күннен кейін жабылатыны туралы жаңалықты естіген ана-аналарға бұл жаңалық төбеден жай түскендей болды. «Қара күздің ортасында балаларымызды қайда апарамыз? Неге бізге балабақша жабылардан бұрын бес күннің ішінде емес, алдын ала айтпайды?..» — дейді ата-аналар.

Осы жағдайға байланысты Ақтөбе қалалық білім бөліміне ресми сауал жолдаған едік:

— Білім бөлімі атына жалға алу бойынша заң бұзушылықтарды жою жөнінде Ақтөбе қалалық прокуратурасының ұсынысы келіп түсті. Анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында осы жылдың 11 қазанында балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту қызметін ұйымдастыру үшін ғимараттарды жалға алу бойынша конкурс жарияланды. Конкурс қорытындылары 15 қарашада шығарылады.

Осыған сәйкес, №32 «Шапағат» мектепке дейінгі ұйымы мен «Ақтөбек» оңалту орталығы арасында жасалған шарт 15 қарашада бұзылатын болады. «Ақбөбек» орталығы директорының 12 қазан күнгі мектепке дейінгі ұйымға бөлме-жайлар бермейтіні жөніндегі хаты ескеріліп, ата-аналар жиналысы өткізілді. Онда ата-аналарға балаларын басқа мектепке дейінгі мекемелерге ауыстыру туралы ұсыныс жасалды. Әрбір ата-ананың пікірі ескеріліп, ауыстыруға байланысты әрқайсысымен жеке жұмыстар жүргізіледі. Балабақша қызметкерлері міндетті түрде жұмыс жасап жатқан балабақшаларға ауыстырылатын болады, — дейді қалалық білім бөлімінің жалпы орта білім беру және мектепке дейінгі білім беру секторының меңгерушісі И.Исаева.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Зиян — 30 миллион теңге

 

Бал ұстаған бармағын жалайтыны рас. Себебі бал ыдыстан асып кетіп, төгіліп қалуы да мүмкін ғой.

Ал ақша, әсіресе, бақылаудағы ақша төгіліп қалуы мүмкін емес. Не істеу керек? Негізі өз қалтаңнан тыс жердегі ақшаға тиіспеген жөн. Бірақ…

Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) «Ақтөбе облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығы» РМҚК-ның Байғанин аудандық филиалының меңгерушісі Б.Жуминге қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Ол 2007-2010 жылдар аралығында мемлекеттік қызметті атқаруға тиісті  тұлға бола тұра, өзіне пайда әкелу мақсатында заңсыз банктік шот ашып, келісім-шарт жасап,  шот-фактураларды заңсыз толтырған. Ал түскен қаражаттарды өзінің пайдасына жұмсап, мемлекетке 30 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірген.

Байғанин аудандық сотының үкімімен Б.Жумин   ҚР ҚК 177-бабының 3-бөлімі «б,г»-тармағында (алаяқтық), 193-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Демек, бал ұстағанның бәрі бармағын жалай бергені дұрыс емес екен.

А.ӘДІЛОВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button