Басты жаңалықтарСу тасқыны

Он күнге созылған сынақ: ауыл тұрмысы түзеліп келеді

«Ешкім елеусіз қалмайды. Мемлекет шығынды түгел өтейді. Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі. Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Биылғы су тасқыны кезінде Әйтеке би ауданында 115 үй зардап шекті, оның 51-і қалпына келтіруге жатпайды. Аудан орталығында ұйымдастырылған үш эвакуациялық пунктке 1 700 адам жеткізілді.

Көктемгі су тасуы бұл аудан тұрғындарына да аз бейнет әкелген жоқ. Құтқару қызметі сағат сайын тыңғылықты тіркеп отырған көріністер осы жайдың нақты дәлелі іспетті.

Қауіп-қатердің алғашқы белгісі 25 наурызда 1 сағат 49 минутта тіркеліпті. Төтенше жағдайқызметі мамандары Талдық селосына таяу тұстағы сайда еріген қар суының қауіп төндіретіндігін анықтаған.

Осыған байланысты аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев село тұрғындарының сақтық шараларын жасауы жөнінде хабарлады. Өкінішке қарай, сағат 17.00 шамасында жергілікті тұрғындар Данағұл атап кеткен сайдағы ағынды су көзді ашып-жұмғанша көпірді бұзып өтіп, ауыл тұрғындарын сыртқа шығармай тастады. Уақыт өткен сайын жағдай күрделене түсті.

Қалай болып еді…

Тұрғындарды үрей құшағында ұстаған қауіпті жағдай ауданда 10 тәулік бойы сақталды. Қатердің алғашқы хабары 26 наурызда кешкісін жетті.

26 наурыз. 19.30 сағат.Еріген қар суы сайлар мен еңіс жерлерге мол жиналып, кенеттен айналаны жайпап кетті, Милы, Көрпе ауылдарын аудан орталығынан бөліп тастады. Төтенше жағдай қызметі мамандары, аудандық әкімдік қызметкерлері, еріктілер апатты орындарға жедел жетіп, жағдайды бағамдады. Бұл жердегі тұрғындардың бір бөлігі кідіріссіз көшірілді, оларға қажетті көлік берілді.

27 наурыз. 10.00-2.00сағат.Самара-Шымкент республикалық маңызы бар автожолдың үлкен бөлігі су астында қалды. Осы автожол жанынан өтетін Аралтоғай және Қарабұтақ селоларының тұрғын үйлеріне де ағынды су еркін еніп кетті. Аралтөбе және Құмқұдық селолары тұрғындарынан аулаларды су басып кеткендігі туралы хабарлама түсті. Аудандық әкімдік пен төтенше жағдай мекемесі қызметкерлері, еріктілер бұл жерлерге барып, ауыл тұрғындарын аудан орталығына жеткізді.

27 наурыз. 10.00-14.30сағат. Темірбек Жүргенов селосында Ырғыз өзені жағасындағы үйлерді су басып кету қаупі байқалды. Өзен жағалауындағы үйлердің тұрғындарына бұл жағдай ескертіліп, олардың эвакуацияға дайын тұруы ескертілді.

28 наурыз. 10.00сағат. Аудан әкімі су жағалауындағы көшелердің тұрғындарымен кездесіп, қай кезде де көшіруге әзір болуға шақырды, адамдарды құтқару үшін барлық шара қабылданып жатқанын мәлімдеді.

29 наурыз. 03.00сағат. Эвакуациялық штабтың жедел мәжілісі өтті. Аудан картасында су тасқынына ұшыраған орындар белгіленіп, су басып кету қаупі төнген жағдайда ауыл тұрғындарын құтқару жөніндегі жедел шаралар жайы белгіленді.

29 наурыз. 8.00сағат. Мобильді топ мүшелері су басып қалу қаупі сақталған орындарда болып, көшіруге тиісті тұрғындарды анықтады, малды түгелдеу жұмыстары жүргізілді.

29 наурыз. 19.00сағат. Талдысай ауылындағы судың екпінді ағысы бөгеттің шлюзін істен шығарды. Ауданда төтенше жағдай режимін жариялауға шешім қабылданды. Аудан әкімі ауыл тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарының басы-қасында болу үшін өзі келді.

30 наурыз. 6.00сағат. Қарабұтақ-Қостанай тасжолы учаскесінде қауіпті жағдай орын алды. Сеңнің жиналып қалуы салдарынан су деңгейі көтеріліп кетті. Бұл жолдардың су астында қалып, таяу маңдағы ауылдарға қатынас үзілуі қаупін байқатты.

31 наурыз. 8.00сағат. Төтенше жағдайға байланысты орын алған зиянды анықтау және аудан орталығы, село тұрғындарына келген залал дәрежесін, су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлер санын есептеу үшін құрылған комиссия өз жұмысын бастады.

1 сәуір. 18.00 сағат. Әйке ауылында жаяу жүргіншілер өтетін көпірді су алып кетіп, соның салдарынан тұрғындар аудан орталығымен қатынастан қол үзді.

1 сәуір. 23.00. Құтқару жұмыстарына ауданға келген Қызылорда облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің құтқарушылары қосылды.

5 сәуір. 9.00 сағат. Жағдай қалыпқа келді. Ырғыз өзенінің арнасындағы су деңгейі төмендеді, қауіптің беті алыстады.

Аудан әкімдігі бірден шығындарды қалпына келтіру мен өтемақы төлеу бойынша жұмыстарға кірісіп кетті.

Ешкім де көмексіз қалмайды

Қауіп-қатер мен үздіксіз үрейге толы осы он күн ішінде аудан әкімдігі қызметкерлері күні-түні дерлік демалыссыз жұмыс істеді.

— Біз үшін жедел, әр сәт сайын өзгеріп, құбылып отыратын ахуалға байланысты кідіріссіз қимылдар жасауға тура келді.

— Адамдар арасында үрей, қорқыныш тумауына ерекше мән бердік, зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсетіп, оларды қауіпсіз жерге көшірдік.

Алғашқы сағаттардың өзінде әкімдік қызметкерлері сапынан мобильді топтар құрылды. Олар қажеттілігіне қарай қауіпті ахуал байқалған орындарға шығып тұрды. Бірқатар қызметкерлер адамдарды эвакуациялық мекенжайларға орналастырып, оларға қажетті тұрмыстық заттар мен азық-түлік, дәрі-дәрмектер жеткізіп берді. Басқалары су тасқыны салдарынан келген зияндарды бағалау жұмыстарымен шұғылданды, — деді бізге аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.

Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесу барысында жағдайды қалпына келтіру, шығындарды өтеу және бірреттік жәрдем көрсету төлемдері үшін қандай қолдау шаралары қабылданып жатқанынан хабардар етіп, түсіндірді.

Сонымен қатар зардап шеккендерге жаңа тұрғын үй құрылысын салу үшін іске тартылған мердігерлік ұйымдар басшыларымен келіссөздер жүріп жатты. Ауданға үздіксіз келіп жатқан гуманитарлық көмектер де кідіріссіз қабылданды.

Төтенше жағдай кезінде үш эвакуациялық пунктке 2 мыңнан астам адам орналастырылды.

— Біз жұртшылықпен кездесулер мен жағдайды талқылау барысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін олардың өздері таңдаған қауіпсіз орындарда жаңа тұрғын үйлер салынады деген ортақ шешімге келдік.

— Зияндарды толық бағалаудан кейін 25 отбасы үшін жаңа тұрғын үй салынатын болды. Оның ішінде 9 отбасы жаңа жерге қоныстануға тілек білдірді, ал қалғандары бұрын тұрған жерлеріне тоқтады. Бұдан басқа 26 отбасына бұрын салынған дайын үйлерді сатып алып береміз. Қазіргі уақытта 13 үй сатып алынды, қалғандарының құжаттары рәсімделіп жатыр.

Өтемақы мәселелерін де жедел түрде шештік. 64 отбасына үйлерін жөндеуге қаржы бөлінді, бұдан басқа зияндарды өтеуге (жөндеу жұмыстары, жиһаз және тұрмыстық техника алу) жалпы сомасы 92,8 миллион теңге бөлінді , — деп атап көрсетті Дәулетияр Тоғызбаев.

Қауіп қайдан демеңіз…

Темірбек Жүргенов селосының тұрғыны Гүлзада Өтемұратова осы уақытқа дейін өзін шаруа тірлігі бар, алаңсыз жандардың қатарына қосып келген еді. Ескі де болса басында өз үйі бар. Ең бастысы, шаңырағына игілік әкеліп отырған жұмыспен шұғылданатындығына тәуба ететін. Жақында ғана жеке көлікке ие болған, электрлі скутері барамын деген жеріне кідіріссіз жеткізетін. Енді сондай әдемі сәттеріне кенеттен көлеңке түсуі оған оңайға соқпады. Наурыз айының соңғы күндерінде Ырғыз өзенінің тасыған суы арнасынан асып, селоның жағалаудағы үйлері мен аулаларын басып қалды. Осындай қарбалас сәтте Гүлзада қажетті заттарын да алып үлгерместен, бағып отырған құс-үйректеріне дейін амалсыздан қалдырып, уақытша қоныстану мекеніне келуге мәжбүр болды, одан кейін көрші көшедегі туысының үйіне орналасты.

Осыдан ширек ғасыр бұрын ол Ресейден бұрын Комсомол атауын иеленген селоға қызымен бірге көшіп келген екен. Сол кезде шағын үй сатып алған.

—Мамандығым бойынша бухгалтермін, бірақ жаңа қонысқа көшіп келген соң өз жеке шаруамды жүргізуді қалап, қаз-үйрек, тауық сатып алғанмын, —деп, өз ойымен бөлісті елуден енді асқан кәсіпкер әйел.

Келесі күні үйіне оралған ол үйінің әлі су ортасында тұрғанын көреді. Үй жиһаздары мен тұрмыстық заттары да пайдаға аспайтыны белгілі болды, ал қаз-үйректері мен тауықтарының жартысы өлген.

«Мемлекеттің қолдауы үмітімді оятты»

Бұдан жарты ғасыр бұрын сол кездің талғамына сай салынған үй су тасқыны сынағына шыдас бере алмады, ғимараттың іргетасы қозғалып, қабырғада сызаттар пайда болды. Мұндай жағдайды көрген Гүлзада дәл қазіргі уақытта өзінің басқа үй сатып ала алмасын да, жаңасын тұрғызуға күші жетпейтінін де түсінді. Ол өзінің өмірінің, тыныс-тіршілігінің осы үйге тікелей байланысты болып тұрғанын ұғынған кезде күйзеліс қамытына еніп кеткенін де байқамай қалды. Тума-туыстардың ақыл-кеңесімен бастапқыда үйде жөндеу жұмыстарын жүргізгісі келген, бірақ әбден ылғал сіңіп қалған қабырғалар кез келген сәтте құлап түсуі мүмкін еді.

Төтенше жағдай орын алғаннан бір күн өткен соң аудан зиянды бағалау жөніндегі әкімі бастаған комиссия мүшелері тұрғын үй мен ауланы аралап көріп, өз тұжырымдарын жасады.

—Мен тұрған үйімнің енді қалпына келтіруге жатпайтындығын және зиянның өтелетіндігін естігенде онша сене қоймадым.

— Өйткені бұл миллиондаған қаржы ғой. Жергілікті билік тұрғын үйде басқа да шығындарымды жабатындығын хабарлағанда, алғыстан басқа не айтарымды білмедім, — дейді Гүлзада.

Аудан әкімдігі басшылығы сөздерінде тұрып, тиісті ақшалай өтемақыны жедел түрде төлеп те берді.

—Сіздің жаңа үйіңіз бұрынғыдан кем болмайды, оған ешқандай уайымдамаңыз, —деп аудан әкіміДәулетияр Тоғызбаев бірден сендіріп айтты.

Бірнеше күннен дейін аула ішінде жаңа үйдің іргетасы құйылып, құрылысшылар іске кірісіп те кетті. Көп ұзамай ғимараттың қабырғасы көтерілді. Жалпы аумағы 160 шаршы метрден асатын кірпіш үйде қолайлы жағдайдың бәрі қамтылған.

—Қазақта «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген мақал бар.

—Жаңа үйдің салынуы менің ертеңгі күнге үлкен үмітімді оятты. Кеше ғана бәрі біткендей, өзімді құрдымға кеткендей сезініп едім, бүгін мемлекеттің, ел басқарған азаматтардың көмегі арқасында жарық дүние есігін қайта ашқандай болды. Шынында да, біздің бірлігіміз болса, тірлігіміз де жақсы болатынын сезіндім. Барлығыңызға алғысымды айтамын, — дейді Гүлзада.

Санат РӘШ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button