Білім

Балдырған

Қызыл кітап

Төсегі — жусан, қу шөп

 

Тарғақ — балшықшылар отрядының бір тармағына жататын құс.

Сырт пішіні қызғышқа аздап ұқсайды, бірақ одан гөрі аяғы ұзындау, денесі сидам, қимылы ширақ.

Тарғақтың дене тұрқы 32 сантиметрдей, салмағы 170-250 грамм шамасында. Әтешінің жемсау тұсы қоңырқай сұр, құрсақ жағы қызыл күрең, тұмсығы, төбесі мен шүйдесі, төсі және ең басты қанат қауырсындары қара түсті болып келеді.

Тарғақ — жыл құсы. Қазақстанның шөлейт, қуаң далалы жерлеріне таралған. Көктем айларында ұшып келеді де, тамыз-қыркүйекте жылы жаққа қайтады. Олар Африканың солтүстік-шығыс жағын, Үндістанның солтүстік-батыс өңірін, Иран, Ирак, Пәкістанды қыстап шығады.

Тарғақ жерді сәл шұңқырлайды да, аздап жусан және басқа қу шөптерді төсеп ұя жасайды. Оған сарғылт секпілі бар 2-5 жұмыртқа салады да, оны әтеші мен мекиені кезек басып, 21-25 күн дегенде балапан шығарады. Қауіп төнген жағдайда жақындағандарды ұясынан алдаусыратып аулақ әкетуге тырысады, кейде ұясын қорғап адамға немесе хайуанға шүйілетіні бар. Қанаттанған балапандарын үйір-үйірге бөледі.

Тарғақ — пайдалы құс. Ол шыртылдақ қоңыздың личинкасы, көбелектің жұлдызқұрты, бізтұмсық пен шегіртке тәрізді зиянкестерді жеп, едәуір пайда келтіреді. Аздап өсімдік дәнімен де қоректенеді.

Тарғақ қазір Қызыл кітапқа енгізіліп, қорғауға алынған.

 

Арман

Өмірдің мәні

 

Арман деген бірінен-бірі биік ажарлы асқар шың емес пе?! Біріне қолың жетсе, екіншісі шақырып, алысқа ұмтылдырып тұрмай ма?!

Ал ойға алған арманның бәріне бірдей жетем деу — ағаттық. Бірақ бұл сол арманға жету үшін күреспеу керек деген сөз емес. Армандау керек.

Арман — адамның лаулаған сезімі, лапылдаған күш-қуаты. «Армансыз адам — қанатсыз құс» дегендей, арман — өмірдің мәні, армансыз адам жоқ деп ойлаймын.

Ендеше мен де өз арманымды өз шыңына жеткізгім келеді. Сабақты үздік оқып, ұстаз берген тапсырмаларды тиянақты орындасам деймін.

Мен өмірге келгеннен бері ата-анамды жақсы көремін. Оларды ренжітпеу — менің басты міндетім. Өйткені арманымның орындалуына олардың да қосатын үлесі мол. Заманауи компьютер, ұялы телефон алу — арманым, бірақ ең басты арманым — Астанаға бару, Елбасы Нұрсұлтан атамызды көру.

Мен өз елімнің азаматы болғаныма қуанамын.

Біз бақыттымыз!

Гүлдене бер, Қазақстан!

Аят ОРЫНБАСАРОВ,

Северный орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

 

Туған елім

 

Туған елім — тілегім,

Елжірейді жүрегім.

Туған жерім — алтыным,

Ата-анамдай сүйемін.

 

Қазақстан — ұлы елім,

Мақтан етіп жүремін.

Туған елді ардақтар

Дүрсілдеп соққан жүрегім.

 

Айдана ҚУАНТАЕВА,

Қарашоқат орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Шәкірт ойы

 

Таусылар ма арманың,

Қанат қағып талмадым.

Мақсатыма жетпекке

Күш-жігерді арнадым.

 

Белді бекем байладым,

Білімімді сайладым.

Қиындықтан қаймықпай,

Тура жолдан таймадым.

 

Алтыбай НАЗАРБЕК,

Ақтөбе қазақ-түрік лицейінің 7-сынып оқушысы.

Достық

 

Достық деген — ұлы сезім өмірде,

Достық оты жарқырасын көңілде.

Досыңменен қиындықты бөлісіп,

Қуанғайсың шаттық тойы төрінде.

 

Достық деген адалдықты қалайды,

Досың сені періштеге балайды.

Адал достар қол жәрдемін аямас,

Арам достар жақсылығын санайды.

 

Дос дегенің жадыратар жаныңды,

Дос дегенің бірге шырқар әніңді.

Дос дегенің өміріңді жайқалтып,

Дос дегенің келтіреді сәніңді.

 

Айзада ҚОҢЫРБАЕВА,

Қурайлы мектеп-интернатының оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Он дерек

 

…Қашан пайда болды?

Тікенекті сымтемір — 1867 жыл, Льюсен Б.Смит, Америка Құрама Штаттары

Компакт-диск — 1980 жыл, «Филипс» және «Сони» компаниялары, Нидерланды, Жапония.

Магнитті компас — ХІІ ғасырға таяу кезең, Қытай, Еуропа.

Жеке компьютер — 1974 жыл, «МИТС» (Микроаспаптық телеметрикалық жүйе) компаниясы, Америка Құрама Штаттары.

Конверт — 1696 жыл, Джеймс Огилви, Шотландия.

Ауаны кондиционерлеу — 1902 жыл, Уиллис Хэвиленд Карье, Америка Құрама Штаттары.

Тамақ консервілері — 1809 жыл, Никола Аппер, Франция.

Консервіні ашатын пышақ — 1858 жыл, Эзра Дж.Уорнер, Америка Құрама Штаттары.

Металл консерві банкасы — 1933 жыл, «Америкэн Кэн» компаниясы, Америка Құрама Штаттары.

Коньки — біздің дәуірімізге дейінгі 1000 жылдар шамасы, Скандинавия.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button