«Ақтөбе» — 100!Басты жаңалықтар

Біздің қызметкерлер

Бүгін, 7 маусым күні «Ақтөбе» газеті бір ғасырлық ғұмырының парағын жауып, екінші ғасырының есігін ашты. Басылым осы жүз жылда уақыт пен кеңістіктің тынысын тап басып, елге, ұлтқа, мемлекетке, халыққа, оқырманғақызмет етіп, қоғамның рухани тірегі,«халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болды.

Бір ғасырда газеттің 21 494 саны жарық көріпті. Яғни әр жылда ұжым шамамен 215 газет шығарыпты. Бір жылда 365 күн барын ескерсек, газет мамандары ең аз дегенде соның 215 күнінде, 215 түнінде тынымсыз еңбек еткен. Иә, газет баспаға кететін күндері мамандар үйлеріне жұрт секілді кешкі алтыда кетпейді, кейде түнге дейін, тіпті таңға дейін жұмыс істейтін сәттердің болғанын білеміз. Оның арасында үздіксіз өткізіліп жатқан түрлі іс-шараларға қатысу, адамдармен кездесу, сұхбаттасу, түнді таңға ұрып мақалалар жазу, оны тексеру, беттеу секілді толып жатқан жұмыстарды және қосыңыз. Демек, газеттің әр қызметкері үшін басылым өз отбасындай, өз үйіндей болғаны сөзсіз.

Қара шаңырақтағы бүгінгі ұжым — өткеннің дәстүрлі жолы мен бүгінгі уақыттың жаңашылдықтарын тең ұстап келе жатқан буын.

2022 жылдың басынан «Ақтөбе» газетінің бас редакторы болып тағайындалған басылымның бүгінгі басшысы, Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі Сәтжан Дәрібай бұған дейін еліміздегі бірқатар республикалық газеттерде тілші, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2004-2021 жылдары облыстық «Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы болып еңбек еткен тұстарында басылымның дизайнының жаңа кезеңнің талаптарына сай өзгеруіне көп еңбек сіңірген ол бүгінде газеттің тұтас шығармашылық бейнесін жасау жауапкершілігін мойнына алды.

Қай уақытта да өзіндік пікірі, тертеге сыймайтын мінезі, бөлекше көзқарасы, дүниетанымы бар газет қызметкерлерінің ұйымшылдықпен жұмыс жасауы, оларды ортақ мақсатқа біріктіре білу, мақалаларының ұлттың, мемлекеттің мүддесімен үндес болуы керектігін қалам астынан қадағалау, шығармашылық ұжымның бір отбасындай еңбек етуі секілді толып жатқан міндеттер бас редактордың күн сайынғы жұмысының бір парасы ғана. Бірде жауатын бұлттай, бірде жаңа шыққан күндей аумалы-төкпелі мінезі бар редакторымыздың қашанда әділ, шыншыл мінезін ұжым жақсы біледі.

Газет шығару — ұжымдық еңбек. Бұл жерде ешкім жалғыз жүріп жол таба алмайды. Бас редактордан бөлек, бас редактордың орынбасары, жауапты хатшы, журналистер, беттеушілер, корректорлар, фототілшілер, сайт редакторы, терушілердің әрқайсысының атқарар қызметі, көтетер жүгі бар. Біреуі болмай қалса, жұмыс тоқтап қалады.

Қазіргі редакциядағы аға буын өкілдері Нұрмұханбет Дияров, Индира Өтеміс мұнда талай жылдан бері еңбек етеді. Жастардың барлығы жақсы аға тұтатын Нұрмұханбет Дияров газеттің 42 жылдық тарихына куә болып келе жатыр.

Ол осы жылдар ішінде талай республикалық шығармашылық конкурстардың бірнеше мәрте жүлдегері болып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталып, ақпарат саласының үздігі, Шалқар ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі атанды. Осы жарты ғасырға жуық тілшілік ғұмырында оның қаламынан туған мақалалары бірнеше кітапқа, өткеннің тарихын зерттеуге бет алған жас ғалымдардың еңбегіне жүк болары анық.Ешқашан ашу шақырып, дауыс көтермейтін, әрдайым көмекке даяр, сабырлы қалпын жоғалтпайтын жақсы ағадан жастар жағы жиі ақыл-кеңес сұрап жүргені…

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап бірнеше аудандық газеттерде еңбек еткен Индира Өтеміс оқу орнын бітіргеннен кейін облыстық, қалалық, республикалық газеттерде тәжірибе жинақтап, 2004 жылы «Ақтөбеге» келді. Ұлтымыздың ғылыми, мәдени, тарихи мұралары туралы тақырыптарды баспасөз бетінде жариялап, ұлт руханиятының түгенделуіне үлес қосып жүрген әріптесіміз ақпарат саласының үздігі атанды.

Газетке екі мыңыншы жылдардың басында келген кейінгі толқын — «Ақтөбенің» соңғы ширек ғасырындағы тарихын жасап келе жатқан жаңа буын. Егер аға буын өкілдерінің көпшілігі Қазақ Ұлттық университетінің түлектері болса, жастардың дені — жергілікті оқу орындарында оқыған мамандар.

1998 жылы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінде филология факультетінің журналистика бөлімі ашылғанда оқуға түскен біз кейін осы қарашаңырақта бірге қызмет ететінімізді білгеніміз жоқ.

Екінші курстан кейін, 2001 жылыгазеттің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлының шақыруымен газетке журналист болып қабылданған кезде мен сол кездегі ұжымның ең жасы болдым. Өз қатарластарымның арасында бірінші болып еңбек майданына араласып, бүгінде дені зейнетке шыққан, алдыңғы толқын ағалардан көп нәрсе үйрендім. Қазір үйренгенімді, жиырма үш жылда жинаған тәжірибемді журналистикаға енді аяқ басқан іні-сіңлілеріме үйрететіндей деңгейге жеттім деп толық сеніммен айта аламын. Сондықтан 2022 жылдың басында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин маған бас редактордың орынбасары қызметін ұсынғанда өз тәжірибемді жас журналистерге үйрететін уақыт келген шығар деп қабылдадым…

Екі мыңжылдықтың тоғысында қоғамдағы әр сала енді-енді компьютерлендіріліп, еліміз алғаш рет бүкіләлемдік интернет желісіне қосылған-ды. Газет тірлігін де күрт өзгерткен ақпараттық төңкеріс кезінде қатарға қосылған біз ақпараттық майданның бұрынғыдан да күрделі, қалам ұстағандардың жауапкершілігі жүгі бұрынғыдан да ауырырақ болатынын түсіндік.

Менің курстастарым — Гүлжан Базылқызы, Арайлым Нұрбаева мен бір-екі жыл кейінірек оқыған Айнұр Жалмағанбетова, Кәмшат Қопаевалар қолына дипломын алып, газетке қабылданды.

Газеттің әлеуметтік сала және мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Ақпарат саласының үздігі Гүлжан Базылқызы «Ақтөбеде» 2004 жылдан бері еңбек етіп келеді. Дерек іздеп жолға шыққан журналистің ең бірінші міндеті барған жерінен толыққанды ақпарат алып келу болса, бұл ретте Гүлжанға теңесер ешкім жоқ. Бас редактор қайда жұмсаса да, ақпаратқа сараң мекемелердің өзінен мол мағлұмат алып келе алатын мінезді тілшінің мақалалары қашанда оқырман тарапынан сұранысқа ие. Білім саласын осы салада еңбек ететін мамандардан артық біледі.

Арайлым Нұрбаева университетті үздік бітіргеннен кейін аталған оқу орнындағы газетте, қалалық, салалық газеттерде 4-5 жылдай жұмыс істеп, 2007 жылы облыс журналистикасының қарашаңырағына тәжірибемді толықтырамын деп келгенін айтады. Елде жоқ қызықты тақырыптарды тауып алатын Арайлымның көлемді-көлемді мақалаларды түн ұйқысы көз ілмей жазып, таңертең алдыңа әкеліп тастайтын еңбексүйгіштігі бір бөлек. Еңбек әрқашан өз жемісін беретіні ақиқат. Арайлым 2014 жылы республикалық «Алтын қалам» байқауының жеңімпазы атанды, бірнеше рет облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, газеттің абыройын асқақтатты.

2004 жылы «Ақтөбе» газетіне терімші-оператор болып келген Айнұр Жалмағанбетова бір жылдан кейін журналист болып жұмысқа қабылданды. Әлеуметтік тақырыптарды, жеке адамдар жөніндегі портреттік мақалаларды жазуда өзгелерден шеберлігі ерекшеленіп тұратын тілшінің жас буынның қабілетін, талантын көрудегі қасиеті де бір басқа. Содан да болар, газетке кейінірек келген жастар Айнұрды айналшықтап, «ұстазымыз» деп жақсы көретіні, сыйлайтыны көзге ұрып тұрады. Әріптесіміз биыл ақпарат саласының үздігі атанды.

2008-2021 жылдары «Ақтөбе» газетінде еңбек етіп, кейін басқа республикалық ақпараттар порталдарда, республикалық телеарналарда еңбек еткен, биыл өз газетіне тілші болып қайта оралған Кәмшат Қопаева өзін журналистиканың қай саласында болса да кәсіби маман екенін көрсете білген тілші. Газет жұмысымен бірге республикалық телеарнада да тілші болып еңбек ететін оның бос жүрген уақытын көрмейсің, қашанда қызықты тақырып іздеп, компьютерін тықылдатып отырғаны.

«Ақтөбе» газетінің ақпарат және саясат бөлімінің меңгерушісі, биыл газетте еңбек етіп жатқанына он жыл болған тәжірибелі журналист Данагүл Қазиханның қызметке алғаш қабылданған сәті күні кешегідей көз алдымызда. Бастапқыда білім саласынан журналистика саласына имене келген жас тілші жазуды қамшы салдырмай-ақ тез игерді. Журналистикамен қоса, шығармашылықпен айналысатын Данагүлдің өлеңдері республикалық, облыстық басылымдарда жарыққа шығып жүр.Өңірлік жастарды қолдау жөніндегі кеңестің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Данагүл бүгінде газеттегі ең мықты журналистердің сапында.

«Ақтөбе» газетінің экономика және ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Айбек Тасқалиев — «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы. Айбектің шығармашылық өмірбаяны жеңістерге толы. Себебі Айбек журналистика саласында ұйымдастырылатын байқауларға жиі қатысады және жүлдесіз қайтпайды. Бұл — Айбектің қаламының қарымдылығын байқататын бір дәлел. Газетте он жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Айбектің еңбексүйгіштігі, қызықты тақырыптар табудағы шеберлігі, өнерді сүйетіні, эстетикаға мән беретіні, ойындағысын ірікпей айтатын батылдығы — оны өзгелерден ерекшелендіріп тұрады.

Газетке апалы-сіңлілідей болып келген Ақерке Сатыбалды мен Ақбота Қалдыбек сынды жас журналистер үшін «Ақтөбе» берекелі басылым болды. Радиода еңбек етіп жүрген жерінен 2018 жылы газетке келген Ақерке мен Қостанай қалалық газетінен шығып, 2016 жылы «Ақтөбеге» келген Ақбота — екі бойжеткен «АқтөбеМедиа» ЖШС басшылығының қолдауымен Ақтөбеден пәтер алып, тұрмыс құрып, отбасылары толығып жатыр.

Қазіргі ұжымдағы ең жас тілші Ақмарал Мұқашеваның газетке келгеніне көп бола қойған жоқ. Бұрын кітапханашы болып еңбек еткен Ақмарал 2022 жылы жүрек қалауымен редакцияға келіп, өзін журналист ретінде байқап көрмекші болғанын айтады. Бүгінде қаламы біраз төселіп қалған тілшіміздің аяқ алысы жаман емес.

Газеттің бет-бейнесін, дизайнын жасап, оқырманға тауар ретінде ұсынуда басылымның секретариат бөлімінің қызметкерлерінің рөлі жоғары. Журналист мақаласын жазып, редактордың сүзгісінен өткеннен кейін мақала секретариатқа жолданады. Бұл жерде корректорлардың қырағы көздерінен өтіп, әр мақалаға фотокоррекспонденттің суреттері таңдалып, терімшілер қателерді жөндеп, беттеушілер мен дизайнерлердің құзырына бет жасау үшін беріледі. Бұл жұмыстардың басы-қасында жауапты хатшы жүреді. Аты айтып тұрғандай, бәріне ең алдымен сол жауапты. Ал бұл міндетті атқаратын Динара Сангулова 2008 жылдан бастап беттеуші міндетін атқарып, биыл ғана жауапты хатшылықты қолына алған еді. Баспаханаға кетпес бұрын газет беттерінің әдемі безендірілуін тексеріп, сыны мен мінін түзететін талапшыл хатшының командасындағы мықтылардың жұмысына көп нәрсе байланысты.

Ақтөбеліктер жақсы танитын фотокорреспондент Хайреден Раушановтың да қолтаңбасы газеттің бірнеше жылғы тігіндісінде сайрап жатыр. Ақтөбе облысының орталығында, аудандарында, тіпті шалғай ауылдарында газетке 1996 жылы келген фототілшінің объективіне ілінбеген бірде-бір нысан жоқ шығар, сірә. Бұған дейін ол бірнеше рет жеке фотоколлекциясынан көрмелер ұйымдастырды, белгілі фотограф Р.Ханалиев атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.

Газетіміздің беттеуші дизайнері Шолпан Мұхамбеталинаның ұжымдағы еңбек тәжірибесі — жеті жыл. Басылымның бет-бедерінің оқырманға ұнамды болуы үшін барын салатын аса еңбексүйгіш, уақытпен санаспайтын жас маман бүгінде қатарымызға енді ғана қосылған беттеуші Лаура Жаппароваға білгенін үйретіп, жол көрсетіп жүрген жайы бар.

Ешбір журналистің мақаласы корректорлар — он жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Қалдыгүл Мырзатаева мен екі жылдық тәжірибесі бар Ақбота Ақдәулетова оқымаса, газетке жарияланбайды. Екі қыздың көзі дүрбіден де өткір, қырағы. Әрдайым өз позициясын нақты дәйектермен дәлелдей алатын корректорлардың еңбегі ұшан-теңіз. Одан кейін мақалалар теруші маман Гүлмара Айназарованың алдына жөнелтіледі. Мінезі өткір, қайсарлығы өзіне жарасатын Гүлмара бұл қызметті редакцияда жалғыз өзі атқарады. Сондықтан да болар, Гүлмара еңбек демалысына кетіп қалса, оның орны кәдімгідей ойсырап қалады.

2009 жылы газетіміздің сайты жасалып, басылымның әр нөміріне шыққан мақалалар тұтастай сайтқа да жарияланып отыратын болды. Еліміздегі облыстық газеттердің ішінде ең бірінші болып жасақталған сайт жұмысын уақытпен бірге жетілдіріп,дамытып отыратын сайт редакторы, 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Аслан Сыдықовтың, ақпараттық ғасыр талабына сай газетіміздің әлеуметтік желілерін жүргізетін СММ-маманы Сая Қабылованың, газет қызметкерлерін қажет кезде темір тұлпарымен барар жерге дейін жеткізетін елгезек көлік жүргізушіміз Аслан Бижановтыңда еңбектерін атап өтпеуге болмайды.

P.S. Кеше кешке газетіміздің жыл басынан бергі 46-шы, 1924 жылдың 7 маусымынан бастап санасақ, 21 494-ші нөмірін баспаханаға тапсырдық.

Міне, таңертең баспаханадан шыққан «Ақтөбеміздің» жаңа нөмірін қолымызға алып отырмыз. Газетіміздің бұл саны — сүйікті «Ақтөбеміздің» бір ғасырынартқа тастап, екінші ғасырының есігін ашқан тарихи нөмір болып отыр.

Бұл ғасырың бұрынғысынан мазмұнды, мағыналы болсын, «Ақтөбем»!

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button