Басты жаңалықтар

«Қазақавтожол»: Қысқы маусымға дайынбыз!

Сейсенбіде Ақтөбе қаласындағы №11 жол пайдалану бөлімшесінде «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы осы жылдың тоғыз айын қорытындылап, қысқы маусымға дайындықты пысықтады.

Сондай-ақ автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаментімен бірігіп арнайы қар тазалағыш көліктердің техникалық байқауы ұйымдастырылды. Оған аудандық жол бөлімшелерінің механизаторлары өз көліктерімен келіп қатысты.

Шара барысында «Қазақавтожол» РМК Ақтөбе облыстық филиалының директоры Әкімжан ӨТЕМҰРАТОВПЕН сұхбаттасқан едік.

—    Әуелі облыстық филиалдың негізгі міндеті туралы айтсаңыз…

—    «Қазақавтожол» — 1998 жылы құрылған республикалық мемлекеттік кәсіпорын. Кәсіпорынның негізгі міндеті — республикалық маңызы бар жолдардағы көлік қозғалысының жыл бойы үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету. Одан әрі таратып айтсам, еліміздің жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын күтіп-ұстау, оның айналасын көгалдандыру және ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік тапсырысты орындау, мемлекеттік басқару органының тапсырмасы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу немесе жаңадан жасау, автомобиль жолдарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және сондай жағдай туындаған кезде шара қолдану, автомобиль жолдарында сервистік қызмет көрсетуді дамыту. Біздің филиалда жұмыс істейтін 250 адам осы міндеттерді атқарады. Ал қыс мезгілінде, қосымша еңбек күші қажет болғанда, жұмысшылар саны бұдан да көбейеді.

Біздің облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдың жалпы ұзындығы — 1864 шақырым. Қазір 417 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұған қоса біздің филиал жұмысшылары 92 көпір және 953 су өткізгіш құбырларды күтіп-ұстайды. Жалпы облыс бойынша көліктердің тоқтаусыз және қауіпсіз жүруін қамтамасыз ететін 142 техника бар.

—    Әдетте Қоян жылының қысы қатты болады деседі… Қысқы маусымға әзірлік қалай жүргізіліп жатыр?

—    Бұл шаруа 2011-2012 жылдарға арналған жоспарлы түрде белгіленген міндеттер аясына кіреді ғой. Бізде облыстық филиал қызметкерлерінен құрылған екі орталық бар: жедел штаб және жол қадағалау штабы. Бұлар нысанаға алған мақсат — қыста көліктердің үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, жолдар мен жол құрылыстарын қар басып қалудан қорғау, мұздақтарды жойып, жолды қардан тазарту. Сондай-ақ жедел қимылдайтын жұмысшылар штабы алдағы қысқы маусымға арналған жол бойындағы ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар жоспарын бекітеді. Жұмыс объектілеріне сай есеп-қисап жүргізіп, қажетті материалдар қорын, техника қорын және жұмыс күшін анықтайды.

—    Ал материалдық базаның халі нешік? Қыста жолды қардан тазалауға немесе мұздақты жою үшін көліктер жеткілікті ме?

—    Қыс мезгіліндегі шаруаның негізгісі қар аршу ғой. Бұл шаруа да жолдың санаттарына байланысты бірнеше тарапқа бөлінеді. Мысалы, бірінші санаттағы жолдар 2-6 сағат арасында тазартылып болуы керек, ал үшінші санаттағы жолдар 12 сағат ішінде тазартылып болуы тиіс. Осындай жылдамдықта жұмыс істеу үшін қысқа дайындықты алдын ала пысықтап аламыз. Барлық аудандардағы көліктерді жинап, олардың техникалық дайындықтарын тексереміз. Осы жолы да әр ауданнан механизаторларды шақырдық. Олар өздері жүргізетін қар тазалағыш техникаларымен келді. Бәрі де сақадай сай.

Ал тиянақтап айтсам, қысқы маусымда көліктердің тоқтаусыз және қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету үшін облыс бойынша 77 арнайы қар тазалағыш көлік жұмыс істеуге әзір. Яғни, қар тазалауға арналған 16 шнекоротор, 12 трактор, 3 бульдозер, 2 тиегіш, басқа да жүк көліктері бар. Биыл кәсіпорынның қар тазалау техникаларының қатары толықты. «СШР-1» маркалы 2 шнекоротор, «GR-2151» маркалы 4 автогрейдер, «65111» маркалы 2 «КаМАЗ» автокөлігі, «SD-16» маркалы 2 шынжыр табанды бульдозер сатып алынды. Енді 18 өндірістік база (гараждар мен тұрақтар), 14 қазандық, 3 химреагенттік сақтау қоймалары пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасалып, жол бойынан 21 жылытқыш бөлімше, оның ішінде 7 шайхана ұйымдастырылады.

—    Осы кезге дейін қандай шаруалар тындырылды?

—    Біраз шаруалар атқарылып жатыр. Кейбіріне тоқталсақ, жаз бойы 1447 шақырым бойындағы шөп шабылып, 48 шақырым жол бойындағы талдар мен бұтақтарды кесу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, «Тайғақ жол», «Ең жоғарғы жылдамдықты шектеу» акциялары аясында уақытша 108 жол белгісі әзірленді. Ал қыстыгүні ұзын жолды қар басып қалмас үшін күзде шабылған талдарды өріп, оны уақытша қалқан ретінде пайдаланамыз. Темір-бетонды қалқандарды тұрақты етіп орнатамыз. Мысалы, жолдың қар басып қалатын ең қауіпті учаскесі — Қарабұтақ-Комсомол бағыты бойына орнатылған темір-бетонды қалқандар 5 жылға шыдады. Өткен жылдардағы тәжірибені ескере отырып, осы жылы Ресей Федерациясы шекарасындағы Самара-Шымкент автожолының 799-872 шақырымы аралығында қарға тосқауыл темір-бетонды қалқандар орнату бойынша жөндеу жұмыстары орындалды. Биыл Ақжар поселкесінің тұсына 10 шақырым қалқан орнатылды.

—    Қауіпті учаскелерде алдын ала қандай шаралар қолға алынып жатыр?

— Жолдың қар басып қалатын ең қауіпті учаскелері: Самара-Шымкент бағытындағы жол — 219 шақырым, Ақтөбе-Астрахань жолы — 84 шақырым, Қарабұтақ-Комсомол автожолы — 90 шақырым, Ақтөбе-Орск автожолы — 47 шақырым, Ақтөбе-Мәртөк көлік жолдары — 30 шақырым.  Жыл сайын осы жерлерге тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады, қуатты жол техникасы бекітіледі. 120 тонна техникалық тұз, 204 тонна көмір және 1500 текше метр құмды-қиыршықтасты қоспа әзірленді. Ауа райы болжамы мен дауыл туралы ескертпе хабарлама алу жөнінде гидрометеоқызметпен келісімшарт жасалды. Сондай-ақ тәулік бойы автомобиль жолдарындағы қозғалыстың шектелуі мен күн райы жағдайын, көлік жолдарындағы оқиғаларды бақылап отыратын диспетчерлік қызмет жұмыс істейді. Байланыс телефоны: 54-46-42, 54-40-36.

Тақырыпқа орай

Қандыағаш жолы бетоннан салынбақ

Бағлан БАЙМАҒАНБЕТОВ,

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаментінің директоры:

— Жолына қарап елдің әлеуетін тануға болады. Шетелге барғанда да ең әуелі есте қалатыны — жол. Бізде елді мекендердің арасы тым алшақ, жол ұзақ. Дегенмен, облыс аумағындағы жолдың деңгейін дамыған елдердің жолына жеткізгіміз келеді. Осы салада қызмет етіп жүргеніме он жылдан асып кетті. Мен келгенде қаланың айналасында сүрінбей жүретін жол болған жоқ. Қазір жалпы жолдың шамамен 55 пайызы дұрысталды. Ендігі мәселе — Ақтөбе-Астрахань бағытындағы жолды дұрыстау. Осы бағытта қазір «Азия даму банкі» арқылы жоба әзірлеп, жаңа шаруаны қолға алып жатырмыз. Бұл жол бес ауданның үстімен өтеді. Біз Ақтөбеден Қандыағашқа дейінгі 100 шақырым жолды таза бетоннан салғымыз келеді. Бұл — облыс аумағындағы бетоннан салынған алғашқы жол болмақ. Рұқсат алып, жобасын жасап жатырмыз. Жол құрылысын 2014 жылы бастау жоспарланып отыр. Бұл үлкен жаңалық болар еді.

Аудандық жол бөлімшелері кеңселерінің кейбіріне газ құбырын жүргіздік. Былтыр қандыағаштықтар жаңа ғимаратқа көшті. Ал биыл Шалқарда жол бөлімшесі ғимаратының құрылысы жүріп жатыр.

Тағы бір жайт, әлі де техника жағы тапшылау. Айталық, қазір жол бөлімшелерінің көлікпен қамтамасыз етілуі 35 пайызға ғана жетіп тұр.

Сондай-ақ жолды жөндеуге, жаңадан салуға қаржы аз бөлінеді. Мысалы, бір шақырым жолды жаңадан салу үшін шамамен 80-100 миллион теңге қаржы кетеді екен.

 

Жаңа көлікке отырдым…

Әлімбай СИЖАНОВ,

Қарабұтақ жол бөлімшесінің механизаторы:

— Әйтеке би ауданының Қарабұтақ елді мекенінде тұрамын. Жол бөлімшесінде жұмыс жасағаныма жиырма бес жылдай болған екен. Басшылар ұзақ жылғы еңбегімді бағалап, жаңа техника берді. Әрине, бұрыннан да осындай ірі көліктерді жүргізіп келемін. Қар тазалайтын бұл жаңа көлікті қыркүйекте Қостанайдан әкелді. Жаңаның аты жаңа, бұзылмайтындай етіп күтіп ұстаймын. Жалақымыз да тәуір, 50-60 мың теңге аламыз.

 

Тәжірибе алмасып тұрамыз

Сейітжан МОЛДАШЕВ,

«Қазақавтожол» РМК Атырау облыстық филиалының директоры:

— Жыл сайын бір-бірімізге барып-келіп, тәжірибе алмасып тұрамыз. «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе филиалының қыс маусымына дайындықтарын көрдім. Алайда біздің қыс сіздердегідей емес, жылы. Сосын облыс аумағы да шағындау. Филиалда 137 адам жұмыс істейді. 35 техникамыз бар. Биыл тағы қосымша 13 көлік алдық. Бізде көбіне жаңбыр жауып, мұздақ болады. Оны болдырмау үшін арнайы құм әзірлеп жатырмыз. Бір тәуірі — өзіміздің Индер ауданынан шығарылатын тұз бар. Жалпы, қыс маусымына 87 пайыздай дайынбыз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button