Басты жаңалықтар

Саябақтар мен скверлер жайнайды!

Көгалдандыру

Қаламыздың саябақтары мен скверлері таяу уақытта жаңа түрге ие болады. Және бұл қалалық әкімдік пен қала кәсіпорындарының жаңа бірлескен бағдарламасын іске асыруға байлансты болмақ.

Біз түрлі жылдары облыс орталығын көгалдандырып, саябақтар мен гүл алаңдарын өсірген, ағаш егіп, оларға күтім жасаған қала тұрғындарына зор алғыс айтамыз. Олардың еңбегінің нәтижесінде бүгінде Ақтөбе жерінде 3 саябақ пен 21 сквер бар. Енді біздің алдымызда қаланың жасыл қорын сақтап, ұлғайту міндеті тұр.

Қалалық билік оларды жақсы күйінде сақтау үшін іс-шаралар алуда, бірақ бюджет қаржылары әрқашан жете бермейді. 11-шағын аудандағы орталық саябақта, Абай, Ә.Молдағұлова даңғылындарындағы, Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі гүл алаңдарында жұмыстар басталды, бірақ әлі де атқарылатыны өте көп. Скверлердің көпшілігінің түрі көз тартпайды, қоршаулары жоқ, қала халқының демалыс орны деп атауға ауыз бармайды.

Қала әкімі А.Мұхамбетов ірі кәсіпорындар мен мекемелер басшыларына қаланың 140 жылдығына орай көгалдандыруға және скверлерді жаңғыртуға өз үлестерін қосуға ұсыныс жасады. Биылғы жылы  Ақтөбеде кемінде 50 мың ағаш, бірінші кезекте саябақтар мен скверлерде  отырғызу керек. Ол үшін ауқымды жұмыс жүргізуге тиіспіз.

Қала әкімі А.Мұхамбетов 45 ақтөбелік кәсіпорынды 2 саябақ пен 21 скверге бекітті. Өткен сейсенбіде А.Мұхамбетов осы кәсіпорындар мен  мекемелер басшыларымен кездесу кезінде келелі әңгіме өткізді.

Кәсіпорын басшыларына 9 мамырға дейін бекітілген аумақты қарап, іс-шаралар жоспарын жасау тапсырылды. Онда скверді қажетті түрге келтіру үшін барлық жұмыстарды жүргізу қарастырылу керек. Әрине, әрбір скверге жеке көңіл бөлінгені дұрыс. Сонымен қатар қоқыстарды жинап, шығару, қураған ағаштарды кесіп, жинастыруды ұмытпау керек. Шұңқырлар қазып, ағаштар мен жиектастарды әктеу, топырақты қопсыту және ең бастысы ағаштар мен бұталар отырғызуды естен шығармайық.

Қажетті жерлерге қоршаулар, отырғыштар, урналар қою қажет. Қала әкімі  өзінің орынбасары Сәния Қалдығұловаға нақты әрбір скверге кәсіпорынды бекітуді тапсырды. 1 маусымда ақтөбеліктер өзіне тапсырылған іске деген кәсіпорындардың жауапкершілік деңгейін бағалап, өзгерістерді көруге тиіс.

Мәселен, Абай даңғылына «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ, «Нерудник» СҮ» ЖШС, «Қазақтелеком» АОДТ бекітілді.

Байғанин скверіне – «Максимус» ЖШС, Қобландин скверіне – Ақтөбе облысы бойынша кедендік бақылау департаменті, №39 және 17 мектептер ауданындағы скверге – «Ұлы Қабырға» ҚҚБК» ЖШС, №16 мектеп скверіне – «Стройдеталь» ЖШС, Победа скверіне – «Ақтөбе басжабдықтау» АҚ, Кереев көшесіндегі скверге «КТП» ЖШС бекітілді.

Аппарат құрылысшылары скверін – «Интерстиль» ЖШС, Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі скверді – «Завод ЖБИ-25» ЖШС, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ АПФ, Авиақалашық скверін «Авиажөндеу зауыты 406 ГА» АҚ, «Компания «ГИС» АҚ, «Айс» ЖШс, «Антарес» және «Фарход» мейрамханалары көркейтетін болады.

«Ақтөбеспецстрой» ЖШС мен «Газстройсервис» ЖШС облыстық филармония скверін, «ТНК Казхром» АҚ АЗФ және «АЗХС» АҚ «Алақай» қуыршақ театры ауданындағы скверді тәртіпке келтіреді. Тургенев көшесіндегі скверлерде «Ақтөбе ТЭЦ» АҚ, «Тағам» ЖШС, «Жылжымайтын мүлік жөніндегі  орталық» БТИ, ХҚО ұжымдары, Алтынсарин көшесіндегі скверде – «АктобеГорДорстрой» ЖШС, 12-шағын аудандағы скверде – «Дастан-Ақтөбе» ЖШС, Студент скверінде «Кабиев и Л» ЖШС жұмыс істейтін болады. Ә.Молдағұлова даңғылындағы скверге «Ақтөбецентр» СК» ЖШС, «Емшан» ЖШС, «Көктас-Ақтөбе» АҚ, «Альянс банк», «Энергосистема» ЖШС РЭК, 101-атқыштар бригадасы көшесіндегі скверге «Агис темир» ЖШС бекітілді. «Актюбрентген» АҚ №6 мектеп жанындағы скверді тәртіпке келтіреді.

Саябақтар туралы жеке әңгіме болды.

11-шағын аудандағы орталық мәдениет және демалыс саябағы, кіре берісін қоспағанда, негізінен көркейтілмеген. Белгілі болғанадй, саябақты қайта жаңғыртудың 1-кезеңі, соның ішінде жаңа сахна салу, брусчаткалар орналастыру, жаңа жарықтандыру сияқты жұмыстар өткен  жылы орындалды. Биылғы жылы айналасы қоршалып, жүгіретін жол жасалады, қураған ағаштар кесіліп, қоқыстар шығарылады, жаңа ағаштар отырғызылады. Осы саябақты тәртіпке келтіру үшін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «Батыс мұнай» ЖШС, «Актюбинский завод металлоконструкций» ЖШС, «МАС-ТАК» ЖШС бекітілді. Олар өз күштері мен қаржыларын жұмылдырады.

Сонымен қатар саябақ аумағының бөлігін қайта жарақтандыру және СвятоНикольский храмынан бастап Әбілқайыр хан даңғылына, «Нұр Ғасыр»  мешітіне дейінгі сулы-жасыл гүлзар құрылысының жұмыстарын орындау жоспарлануда.

Басқа 2 саябақ туралы айтқанда, Ретро-саябағында соңғы жылдары елеулі өзгерістер болып, анағұрлым жақсарса, А.С.Пушкин атындағы саябақтың халі нашар екенін жұртшылық біледі.

А.С.Пушкин атындағы саябақ 1992 жылы жекешелендірілгеннен кейін келеңсіз күйде тұрды. Оны да түбірімен өзгерту қажет. Бұл саябақ жақын уақытта қаланың коммуналдық меншігіне берілетін болады. Қазір құжаттары әзірленіп бола келді.

А.Мұхамбетовтің пікірінше, қала тұрғындарының байырғы демалыс орнын тәртіпке келтіруді қалалық биліктен талап етуі орынды. Қазір оның аумағын көркейту үшін саябаққа «Трансмостгрупп» ЖШС, «Геом» ЖШС, Ақтөбе облыстық салық комитеті бекітілді. Қоршауын ауыстыру, кіре берісін өзгерту, қоқысты, қураған ағаштарды жинап, орындықтарды, гүл алаңдарын тәртіпке келтіру, 2 мыңға дейін ағаш көшеттерін отырғызу қажет. Ең бастысы, аттракциондарды 50 пайызға жаңалау міндеті тұр. Сонымен қатар осы саябақтың барлық бұрынғы мәдени дәстүрлерін жаңғыртып, ақтөбеліктердің әйгілі демалыс орны мәртебесін қалпына келтіру қажет.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button