Басты жаңалықтар

Көкпар тартқан жұрт едік…

Қазақтың ұлттық ойындарының екі жүзден астам түрі бар дейді зерттеушілер. Соның бірі, бірегейі, әлемге мақтанып көрсетуге тұрарлығы — көкпар.  Ақиқатын айтсақ, біздің өңірде, жалпы Қазақстанның батысында осы бір керемет ойын мүлде ұмытылып кеткен-ді. Бұған осы өңірде отаршылдық саясаттың зобалаңы ерекше болғаны себеп болды ма, өзге себеп бар ма — ол жағы беймәлім. Енді, ерік өзімізге тигенде осы ғажайып спортты дамытуға не кедергі? Ақтөбе көкпаршылары елді таңдай қақтырар күн жақын ба?

Осы ойлармен Ақтөбе қаласындағы №10 облыстық балалар мен жасөспірімдер ат спорты мектебінің аға жаттықтырушысы, ұлттық дәрежедегі төреші Абат Аймағанбетовті әңгімеге тартқанбыз.  Сонымен…

Көкпарға ауыл баласы икемді

 

Аймақтағы көкпар ойынының дамуы, тиісті деңгейге көтеріліп, халықтық сипат алып кетуі №10 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебімен тікелей байланысты. Себебі ел аумағында өткізілетін жарыстарда облыстың намысын осы мектептің шәкірттері қорғап жүр. Көкпарды жандандырушылар да осылар. Мектептегі 400-ге жуық баланың 150-ден астамы ат спортымен шұғылданады. Алайда олардың ішінде көкпарға қызығатындары аз.

—  Біздің облысымызда көкпар ойыны дамымаған. Кеңес дәуірінде бұл спортқа мүлде көңіл бөлінген жоқ. Сондықтан барлығын басынан бастауымызға тура келді. Осыдан алты жыл бұрын ат спорты мектебі ашылды. Мектеп директоры Жомарт Маймақов пен ұлттық спорт  түрлері қауымдастығының басшысы  Аманқос Дербісалин бастаған  бірқатар азаматтар көкпар командасын жасақтауға ат салысты. Алғашқы кездері қиынға соқты. Тіпті, көкпарды қалай тарту керектігін де  білмейтінбіз. Ел аумағында өтетін чемпионаттарда ірі есептермен ұтылып жүрген кезіміз болды. Бірақ бірте-бірте тәжірибе жинадық. Қазір өзгелермен иық тіресе алатындай дәрежеге жеттік. Тек қана көкпар емес, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу секілді ұлттық ойын түрлері бойынша да жеңіс тұғырына көтеріліп жүрген жастарымыз бар, — дейді Абат Аймағанбетов.

Еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда ат спортының түрлері оңтүстік аймақтарда жақсы дамыған. Осы салада белсеніп жүрген іскер азаматтар жиі жарыс өткізіп, түрлі ас пен тойда көкпар тартуға мұрындық болса, демеушілер ат сатып алып беріп, қамқорлық жасайды. Сондықтан болар, оңтүстікте атқа отырмайтын бала жоқ. Яғни мықты көкпаршыларды таңдап алуға да мүмкіндік мол. Ал біз осы жағынан ұяттылау сияқтымыз.

— Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарға өзі иелік етуге тырысса, дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Оңтүстік өңірлерде жаппай көкпар жиі өткізіледі. Сондықтан Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының командалары мықты келеді. Ал біздің аймақта спорттың бұл түрі дамымағаннан кейін, жастардың қызығушылығы төмен. Көкпарға ауыл баласы икемді келеді. Алайда аудандарда  көкпар тартылмайтын болғандықтан, ауыл балалары спорттың бұл түрінен шет қалып жатады.  Ал мықты көкпаршылар ауылдан шығатынын ескерсек, осы мәселеге жіті назар аударуымыз керек. Ат спортын ауылда дамытпай,  ұлттық ойындарды жоғары деңгейге көтеру мүмкін емес. Бұл үшін тиісті орындар тарапынан арнайы бағдарлама қолға алынуы қажет. Мәселен, осы ат спорты мектебі сияқты білім ордалары аудандарда ашылып,  ауыл, аудан көлемінде аударыспақ, қыз қуу, көкпар ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, олардың ақтық сыны облыс орталығында қорытындыланса, сонда ғана көкпарға  қызығатын жастардың қатары көбейіп, жұмыс жүйелі жүрер еді. Өйткені ауылда көкпарды дамыту үшін жағдай бар, яғни ат та, оған қызығатын бала да табылады. Бұл үшін тек мемлекет тарапынан қолдау қажет. Қазір осы мәселені жиі көтеріп жүрміз,— дейді жаттықтырушы.

Иә, еліміздің батысында ат спорты кенже қалып отыр. Мәселен,  Атырау облысында көкпаршылар командасы жоқ, ал маңғыстаулықтар  оңтүстік жігіттерін жалдап алатын көрінеді.

Жалпы көкпарды дамытуға қатысты шешімін таппаған мәселе жетерлік. Абат Аймағанбетовтің айтуынша, біріншіден, тәжірибелі, білікті мамандар жетіспесе, екіншіден оқулықтар тапшы. Жоғары оқу орындарындағы дене шынықтыру және спорт факультеттері мен ат спорты мектебінің арасында ешқандай байланыс жоқ. Сондықтан жоғары білімді жастар көкпар, аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлері бойынша еңбек етуге  құлшыныс танытпайды. Ал Абат Аймағанбетов егер  жоғары білім беру мекемелерінде осы бағытта арнайы сабақ өткізіліп, бұндағы жастар ат спорты мектебінде тәжірибеден өтсе, ұлттық ойын түрлеріне қызығатын жастардың көбейетінін айтады. Әрі көкпардан  жақсы мамандарды даярлауға да мүмкіндік туар еді.

— Бокс пен футболға қалай жағдай жасалса, көкпарға да сондай қамқорлық таныту керек. Сонда ғана ұлттық спортымыз өзге спортпен тең түсе алады. Қазір мемлекет тарапынан осы бағытқа назар аударылып келеді. Мәселен, биыл жаңа ат спорты мектебінің құрылысы басталды. Келер жылы аяқталмақ. Өйткені біздің  мектеп ашылған күннен бастап біреудің ғимаратын жалға алып отыр.  Балалар атқа мініп жаттығатын ипподромды  мектеп иелігіне берсе дейміз. Себебі, өзгенің қарамағындағы  жер болғаннан кейін бір күні пайдалануға тыйым салуы әбден мүмкін. Тиісті орындар осы мәселені шешіп берсе жағдай едәуір жеңілдер еді, — дейді Абат Аймағанбетов.

 

Көкпар — күштілердің ойыны

 

Кез келген жігіт көкпаршы бола алмайды. Көкпарға қатысу үшін ептілік пен төзімділік керек.  Денесі шынықпаған әлжуаз жігіттерге көкпарда орын жоқ. Егер бойыңда күшің болмаса,  ат үстінде тұрып жердегі серкені іліп әкете алмайсың. Мәселен, жастар арасындағы көкпарда серкенің салмағы 20-25, ересектер арасында 30-35 келі болады. Ал бұндай денені көтеру үшін жігіт қайратты болуы керек.

Ат спорты мектебіне балалар он жастан бастап келеді. Олардың барлығы бірдей көкпарға жарамайды. Ішінен икемі барларды ғана  іріктеп аламыз. Жалпы көкпарға қатысқан баланың денсаулығы мықты әрі батыл, ержүрек болып өседі. Ат үстінде шыныққан жеткіншектің бойында намыс пен ұлттық рух болады. Ал бұндай балалардан әскерде мықты жауынгерлер шығады. Яғни көкпар сайдың тасындай төзімді, ел қорғайтын азаматтарды дайындайды, — дейді жаттықтырушы.

Ересектер арасында өтетін көкпарға жасы 18-ге толған кез келген азамат қатыса алады. Ал жасөспірімдер арасындағы доданың өз талабы бар. Олар жасына қарай сынға түседі. Сондай-ақ жарыс кезінде баланың қай облыстан келгені және сол жерде анық тұратындығы  қатаң тексеріледі. Мәселен, біздің облыстың намысын қорғайтын жасөспірім құжат бойынша Ақтөбе облысында тұруы керек.

— Бұндай талаптың болғаны өте орынды. Өйткені аймақта ұлттық спорт дамиды, жастар үйренеді. Сондықтан ересектер арасындағы жарыстарға да тек жергілікті жердің азаматтарын қатыстырып жүрміз. Егер атақ, даңқты ойласақ, ақы төлеп, өзге облыстың жігіттерін әкелуге  болар еді. Бірақ бізге алдымен өз облысымыздың  балалары үйренгені керек, — дейді Абат Аймағанбетов.

Ат және көкпаршы

 

Көкпарда жігіттің бағын ашатын негіз — астындағы пырағы.

— Көкпаршы ойын алаңына шыққанда, біріншіден, аттың күші, екіншіден, өзінің ептілігімен серкені тақымына басады. Осы жерде серкені ілуге аттың ықпалы көп, яғни тоқсан пайызы атқа байланысты. Ол адам тәрізді  қарсылас атты итеріп, үстіндегі шабандоздың еңкейіп серкені алуына жағдай жасайды. Егер ат пен көкпаршы бір-біріне сай келсе, жақсы өнер көрсете алады.

Көкпарға қосатын аттың басы жеңіл, шоқтығы биік, төсті, шапшаң әрі ірі болуы керек. Бұндай аттарды өзге мақсатқа мінбейді. Мәселен, Жамбыл облысында  «Лазер» деген аттың атағы жер жарып тұр. Бұл жүйрікке мінген көкпаршы командасын  жеңіске жеткізбей қоймайды. Жалпы оңтүстік өңірде көкпар ойыны бір ізге қойылғандықтан, бұл жақтың командаларына мықты аттарды демеушілер сатып алып береді. Ал біздің жағдайымыз басқа. Көкпарға арнайы ат дайындауға  мүмкіндігіміз жоқ. Мектепке қарасты он сегіз ат бар. Осы жануарларға балаларды мінгізіп,  өзге де спорт түрлерін үйретеміз. Жарыс жақындағанда ғана аттардың ішіндегі жарамдылары іріктеледі, — дейді Абат Аймағанбетов.

Көкпар — машақаты көп ойын. Жануарды жаратып, жемшөбін дайындау өз алдына, оны жарысқа апару үшін де қыруар қаржы керек. Ат спорты мектебінің көкпаршылары қолдың қысқалығынан ел аумағында өткізілетін чемпионаттарға жиі қатыса алмайды.  Ал өңірдегі ат спортына жаны ашитын ат төбеліндей азаматтар болмаса, қалтасында қаржысы барлар көкпарға қол ұшын соза қоймайды.

Осы тұрғыда демеушілер қажет. Олар ат сатып әперіп немесе көлік жағынан көмектессе қане?!  Әзірге ондай қамқорлық танытып жатқан азаматтар жоқ.  Жарыстарға  облыстық спорт басқармасының қолдауымен барып жүрміз, — деді аға жаттықтырушы.

Жалпы көкпар ойынын дамытуда оңтүстік өңірлерден үлгі алу керек-ақ. Мәселен, бұл аймақтарда арнайы көкпар клубтары жұмыс істейді. Жасы жиырмадан асқан кез келген азаматтың клубқа тіркеліп, тұрақты түрде аталған спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Елімізде көкпаршыларға жалақы төлеу мәселесі қарастырылмаса да,  бұл өңірлерде  клуб есебінен жігіттерге  қаржылай қолдау көрсетіледі. Ал біздің облыстағы осы бағытта жұмыс істеп отырған №10 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі  бұндай қамқорлық танытуға дәрменсіз. Бұнда ересектер жарысына қатысатын азаматтар ешқандай еңбекақы сұрамай, өз қызығушылығымен барады. Жарыс кезінде олар жұмыс істейтін мекемелерге сұраныс жіберіледі.  Бірі  түсіністік танытып, еңбекақысын сақтай отырып  келісімін берсе, бірі жұмыстан босатпайды. Ал еңбекақы төленіп, жағдай жасалмағаннан кейін тұрақты түрде көкпармен айналысуға жастардың құлшынысы жоқ. Осы мәселе алдағы уақытта шешімін табар деген үміттеміз. Өйткені биыл Үкімет спортқа бөлінетін қаржының елу пайызының ұлттық спортқа жұмсалатынын айтты. Демек, көкпар ойынының да күні туар.

 

Көкпар атын қалай баптау керек?

Абат Аймағанбетовтің айтуынша, бәйге мен көкпар атын екі бөлек әдіспен жаратады. Бәйге жүйрігінің бұлшық етін шынықтыруға күш салынса, көкпар атына семіздік қажет.

Көкпарға қосатын атты қырық күн мінбей, семіртеді. Бір ай бойы атқа бидай береді. Алғашқы күннен бастап бидайдың мөлшерін жылқының жегеніне байланысты бірте-бірте  көбейтіп, кейін керісінше азайтады. Ат әбден қоңданып, жілігі майға толғаннан кейін  далаға шығарып аунатып, мінбей жүргізу керек. Бұдан соң өз тәртібімен атты суытып, іш майын қатырған жөн. Жылқы семіз болса, күші көп болады. Бұндай атқа мінген жігіт тартыста серкені оңай іліп әкетеді. Жаратуы кем семіз атты бірден жарысқа қосуға болмайды. Ат арықтап, әлсіреп қалады. Жалпы атты қалай баптау керектігін кейінгі ұрпақтың білгені дұрыс. Өйткені атты баптау  жануарға  бір уыс шөп пен жем беру емес, бұл – бар ынта-жігермен атқарылатын іс. Егер бабы келіспесе, жылқының бағы байланады.

Қазіргі күні ат спорты мектебіндегі  жастарға белгілі  атбегі Хамит Жұмабаев ат баптаудың қыр-сырын үйретіп жүр. Біздің өзіміз де білмеген кейбір сұрақтарымыз болса, сол кісінің кеңесіне жүгінеміз,— дейді жаттықтырушы.

Көкпар аты — қазақтың жабы тұқымдас жылқысы. Ал Абат Аймағанбетов көкпарға ағылшын айғыры мен қазақы биеден туған жүйрікті қосқан тиімді екенін айтады. Өйткені бұндай жылқы  шапшаңдықты әкесінен, ал мықтылық пен төзімділікті енесінен алады. Жарыста  жеңіске жеткізбей қоймайды.

 

Жасанды серке

 

Өзге  малдың терісі жыртылғыш келетіндіктен көкпарға терісі берік, ұстауға ыңғайлы  серке тартылады. Серкені союдың да өз тәртібі бар. Жарыс басталар алдында көкпаршылар серкені ортаға алып шығады. Ақсақалдар бата беріп, ойынның сәтті өтуіне тілектестігін білдіреді. Бұдан соң   көкпарға қатысатын аттардың аяғы тұсалмасын, шабысы кең, екпіні қатты болсын деген ниетпен құрбандықтың аяғын матамай, төрт сирағын төрт жігіт ұстап тұрып, серкенің басын кеседі. Бұлшық еттері сіресіп қалмауы үшін  алаңқайда ұзақ жатқызады. Алайда шет елде ұйымдастырылатын жарыстарда еуропалықтар еліміздің көкпаршыларына серкені тарту малға жасаған қиянат екендігін айтып, қарсылық білдіріпті. Осыған орай соңғы уақытта жасанды серке, яғни муляж пайдалану мәселесі көтеріліп жүр. Ал Абат Аймағанбетовтың айтуынша, бұндай әдіс тиімсіз.

— Заман талабына сай бұл да дұрыс шығар. Алайда жасанды заттың кәдімгі серкедей болмайтыны анық. Өзіміз көкпарда бұндай серкені пайдаланып көрген жоқпыз. Бірақ жасанды резеңкені іліп әкетіп тақымға басқан кезде ыңғайлы болатынына күмән келтіремін. Көкпаршы да оның серке екенін сезінбеуі мүмкін. Егер жасанды серкемен ойнау талабы  енгізілсе, амал нешік, бірақ өз басым бұны қолдамаймын, — дейді ол.

 

Көкпаршы Мейрамбек

Ақтөбе қаласындағы №10 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашылғанына биыл алты жыл толады. Ұлттық ат спортын жандандыру мақсатында құрылған мекеме балаларды спорттың бірнеше түрі, яғни бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, күрес, тоғызқұмалақ бойынша даярлайды. Ашылғанына аз уақыт болса да бұндағы спортшылар ел аумағында өткізіліп жүрген жарыстарда жеңіске жетіп жүр.  Мәселен,  Нұрлан Додай, Мейрамбек Әлиев, Мағжан Ахетов, Азамат Дәулетов, Баубек Әлібеков, Жалғас Димашов сынды жастар тек қана көкпар емес, ұлттық спорттың өзге түрлері бойынша да облыстың намысын қорғап жүр. Оның ішінде  қазір осы мектепте жаттықтырушы болып еңбек етіп жүрген Мейрамбек Әлиевті атап айтуға болады. Мейрамбек көкпардан бөлек, ат үстіндегі күрес саналатын аударыспақ жарысына да қатысады. Осыдан екі жыл бұрын Астана қаласында өткен сайыста чемпион атанса, жуырда Өскеменде  өткен додадан жүлдемен оралды. Бұдан бөлек ол — әр жылдары Астана, Тараз қалаларына ұйымдастырылған жастар арасындағы чемпионаттардың жеңімпазы.

Бала кезінен ат құлағында ойнап өскен азамат жылқыны жақсы көру қанына сіңген қасиет екенін айтады. Әкесі Зайғали жылқышы болса, ауылдас, әрі туыс ағасы Камал бәйге аттарын ұстапты. Ат баптаудың қыр-сырын әкесінен үйренсе, шабандоз болуына ағасы себепші болған.

— Мектепті бітіргенше Камал ағамыздың  жарысқа қосқан жүйріктеріне мен міндім. Өзім туып өскен Мұғалжар ауданы Орқаш ауылында өткен шағын жарыстардан бастап,  ел аумағында ұйымдастырылатын ірі бәйгелерден қалмай қатысып жүрдім. Қалаға келгеннен кейін де бұл кәсібімнен  қол үзгім келген жоқ. Қазір өзім еңбек етіп жүрген мектепке келіп жаттығуымды жалғастырдым. Алғаш көкпарға 2007 жылы қатыстым. Ол уақытта тәжірибеміз аз болғандықтан, жиі ұтылып қалатын едім. Ал қазір тәжірибе жинадым. Өз білгенімізді кейінгі балаларға үйретіп жүрміз.

Көкпар — мықтылардың ойыны. Дода кезінде аттан құлап немесе  атпен бірге  жығылатын жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті жарақат алатын кезің болады. Осының барлығына шыдауың қажет. Сондықтан кез келген бала  көкпаршы болуға құлшына қоймайды. Әрі қазіргі балалардың көбі әлжуаз. Алғашқы күні аттан құласа, мектепке мүлде  жоламай кететіндер бар. Ал көкпаршы боламын дегендер жығылса  да, жарақат алса да қаймықпай қайта келеді. Осындай балалардан ғана мықты көкпаршы шығады. Өйткені додаға түсу үшін, бірінші, жарамды ат, екінші, жүректі жігіт керек. Ал шеберлік бірте-бірте шыңдалады. Сондықтан келген балалардың ішінен батыл, қайсар ұлдарды таңдап алуға тырысамыз, — дейді Мейрамбек.

Қазір көкпаршы «Жұлдыз» атты жүйрікті жаратып жүр. Сәтін салса, жазғытұрымғы жарысқа қатыспақ.

 

 

Этнографтардың айтуынша, «көкпар» сөзінің әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Мал баққан көшпелі халықтар көк бөріні соғып алып, оны ат үстінде жүріп бір-бірінен ала қашып, мәз-мейрам болған. Кейін ол ұлттық ойынға айналыпты. Көкпар — тек қана қазақтар емес,  Орта Азия халықтары арасында да кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз, өзбек тілінде  «Улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады екен. Ал Ауғанстандағы «бузавиш» ойыны көкпарға өте ұқсас болса,  Аргентина халқының да осы тәрізді  ат спорты ойыны бар.

1949 жылы елімізде көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Алаң көлемі қатысушылар санына сәйкес жасалады. Егер әр команда 5 адамнан болса, алаң аумағының ұзындығы 300 метр, ені 100 метр; 10 адамнан болса, 500х200 метр; 15 адамнан болса 700х300 метр; 20 адам болса, 1000х500 метр.

— Көкпарға тартылған серкені  қазақ киелі санаған. Тартыс аяқталғаннан кейін серкені сәбилі бола алмай жүрген әйелдерге берген. Себебі жаужүрек жігіттердің  тақымынан өткен серке шаңыраққа нәресте әкеледі деп сенген. Бұрындары сәби сүйе алмай жүрген отбасы көкпар тартысын арнайы ұйымдастыратын болған, — дейді Абат Аймағанбетов.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Көкпар міндетті түрде серкемен тартылу керек, ал жабирлеу мәселесіне келетин болсак серкени ешкім тиридей тартып жаткан жок кой, ал осы кокпар мәселесінде шетелдіктер бизге акыл айтпай ақ қойсын. Ата бабамыз тарткан кокпар бул биздин салт дәстүрімиз, ал салт дәстүрден айырамыз десе онда баска ангиме, оны мемлекет басшылары атка минер азаматтардын шешетин иси сол кисилерге келген сын деп тусинемин

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button