Басты жаңалықтар

Көне өркениеттің белгісі

Сарайшық қандай орда болған?

Соңғы кездері Тараз қаласындағы «Төлебай» базарының аумағынан орта ғасырға жататын монша  қалдықтары табылып, қазба жұмыстары жүріп жатқаны айтылып жүр. Қазған сайын бөлмелердің қабырғалары айқындалып, әртүрлі тұрмыстық заттар қолға іліге бастаған көрінеді. Қаншама ғасыр жер астында жатып, өңін бұзбаған, тұтастығын сақтаған бұйымдардың бұдан да басқа археологиялық қазбаларда кездескенін естіп те, біліп те жүрміз.

Мысалы, Атырау облысының сайын даласынан көне Сарайшық қаласының ізі табылып, зерттеу жұмыстары қолға алына бастағалы біршама уақыт болды. Бұйырса, осы тарихи құндылық негізінде ашық аспан астындағы музей құру жөнінде де айтылып жүр. Әрине, ол апақ-сапақта біте қоятын шаруа емес. Әйтеуір бір бітетіні анық. Қазірдің өзінде біраз көненің көзі жер бетіне шығып, көпшіліктің назарын аударып отыр. Осы экспонаттардың түр-түріне, әрқайсысының қисынына қарап, тарихшылар мен археологтардың әлі талай олжаға бататынын аңғару қиын емес.

Атырау жағына жолы түскен адам қазірдің өзінде қолы қалт етсе, Сарайшықты аттап өтпейтіні көрініп тұр. Бұл біздің де басымыздан өтті. Осы елді мекенде әзірге жер астынан шыққан жәдігерлердің шағын жабық музейі, сол тұстағы хандар мен әулие-әмбиелерге арналған ескерткіштер, келушілер аралап көретін, тарихтан мағлұмат беретін орындар бар. Соның бәрін ұсынақтылықпен шашау шығармай ұстап отырған, тарихының тереңінен мағлұмат беретін кісі — Молдаш ақсақал екен.

Кезінде бұл миллион тұрғыны бар үлкен шаһар болған. Молдаш ақсақалдың айтуына қарағанда (ол да болжамдап, естігенін айтады) қаланың Сарайшық аталуының екі жөні бар. Бірі моңғолдардың оны Сарайжук деп атағанына байланысты. Екінші болжам — мұсылмандардың алғашқы ең үлкен мешіті осында салынып, төбесіне алтындаған сары айшық қойылған. Ол көш жерден көрініп тұратын болған. Атау осы сары айшықтан шыққан да болар дейтін ой айтылады.

Бұл — 100 га жер көлемі бар, ХІІІ-ХVІ ғасырларға жататын қалашық. Жайық өзенінің оң жағалауында. Бұнда біраз жұмыстар Иманғали Тасмағамбетов облыс әкімі болып тұрғанда қисынын тапқан көрінеді. Осы аумақтағы шағын кешен құрамында бұрынғы хандар пантеоны жарасым тауып тұр. Биіктігі 17 метр, 8 қабырғалы. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Олар: Мөңке Темір (хандық құрған жылдары 1206-1252 ж.ж.), Тоқтағу (Тоқты) — 1291-1312, Жәнібек — 1343-1353, Әмір Оқас — 144 жылға дейін, Қасым хан — 1511-1518, Ших Мамай 1549-1554, Жүсіп хан — 1549-1554 ж.ж.

Ең соңғы жерленген Жүсіп хан қайтыс болғаннан кейін оның ұрпақтары христиан болып кеткен деседі. Қасым ханның кезінде қалашықтың әскер саны 100 мың адамға жетіп, айбыны асқан астанаға айналған. Қаланың өркениетке, сән-салтанатқа, сәулетке жеткені сондай, бұнда саяхатпен келген шетелдіктердің өзі таңданысын жасыра алмаған. Солардың бірі арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута «Парижді көру қаншалықты таңсық болса, Сарайшықты көру де соншалықты таңсық екен» деген. Сол кісі «Әр үйге су өзі барады, Сарайшық Бағдатпен тең екен» дегенді де айтыпты. Қалашықтың о бастағы сәулеттік көрінісінің құдіреттілігін мынадан да аңғаруға болар еді. Юрий Долгорукий Москваны салдырғанда Сарайшық қаласының кейбір ерекше мәнерлері пайдаланылған, Успенский соборы мен Қызыл алаңнан сол анық байқалады деген әңгімелер бар.

1580 жылы Иван Грозный Жайық казактарын жіберіп, қаланы қираттырған. Сонда ол «біз жаулаған жерлерде бұндай әсем қала болуға тиіс емес» деген пиғылда болған.

Осы заманғы археологиялық зерттеу барысында қалашықта нумизматикалық материалдардан басқа, халықтың күнделікті тұрмыста қолданған алуан түрлі заттары табылған. Соның ішінде қыштан жасалған құман, шығыр, құмыра, көзелер, шырақтар, кеселер, бесікке салатын түбектерге дейін табылған. Сүйектен, темір мен қоладан жасалған бұйымдар өз алдына. Осылардың әрқайсысының өрнектелуі таңқаларлық. Кейбір заттардың қандай материалдардан жасалғанын ғалымдардың өзі ажырата алмай отырғанға ұқсайды.

Біз көрген құмыралардың ерекше қасиеті — оның түсі әр мезгілде әртүрлі болып құбылып тұрады екен. Ал осы экспонаттар тобындағы ілгек, келісап, басқа да әшекей бұйымдардың жер астында жатқанына мың жылдан астам уақыт болған көрінеді. Соған қарамастан ұсталық, зергерлік өнер дамыған бүгінгі күндердегі бұйымдарға бергісіз.

Осы арада ондай өнердің бізге дейін-ақ құлашы кең болғанын, өркениеттің кейбір үлгілері сол замандарда-ақ салтанат құрғанын мойындауға тура келеді. Арғы-бергі тарихты зерделеген зерттеушілер бұны бұрыннан да мойындап келеді. Күні бүгінге дейін кейбір ауыл-аймақтарымыз ауыз суды болса құдықтан, болмаса басқа қолы жеткен жерінен тасып пайдаланса, Сарайшықта сол кезде жерасты су жүйелері жүргізіліп, ол үйлерді жылытуға дейін қызмет еткені біраз нәрсені байқатса керек. Осы күні музейге қойылған қыш құбырлардың жасалу технологиясы бізге белгісіз. Құбырлар бір-біріне жалғас кигізіліп тартылатындай және станокпен жонылғандай теп-тегіс.

Кейбір дерек көздеріне қарағанда, 1229 жылы Бату хан осы арадан Астраханды басып алып, қала салдырған. Содан бастап Сарай Бату деп аталғанға ұқсайды. Моңғолдардың әлгі Батужук деп жүргені соның реті болса керек. Ол кезде Алтын Орда Үлкен Сарай, Сарайшық Кіші Сарай аталыпты дейді. Моңғолдардың «жук» дегені «кіші» деген ұғымды білдірген де атау «Кіші Сарай» болған. Оған дейін Сарайшық жөнінде жазба дерек қалдырған орыс патшасы Иван Грозныймен дос болған ағылшын көпесі Антоний Дженкисон екен. Ол 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасау кезінде Сарайшық қаласына соққан. Сол кісі қалашықтың Шығыс пен Батысты байланыстыратын үлкен керуен жолының үстінде екенін айтқан. Қаланың қолөнері мен саудасы дамығанын байқаған. Одан кейін беріде — Кеңестер Одағы кезінде белгілі археологтар С.П.Толстов, Г.Н.Пацевич Батыс Қазақстан бойынша жүргізген экспедиция қорытындысы бойынша бұл ХІ ғасырда өмір сүрген Саксин қаласының орнында бой көтерген, сөйтіп жаңа атауға ие болған қала деген.

Ал жалпы алғанда Сарайшықтың дәуірі шартты түрде үш кезеңге бөлініпті: Біріншісі — Х-ХІ ғасырларда қаланың іргесі қаланып, бой көтеруі. Екіншісі — ХІІІ-ХІV ғасырларда ірі сауда орталығы болуы, яғни қаланың гүлдену дәуірі. Үшіншісі — ХV-ХVІ ғасырларда Ноғай ордасының орталығы болуы, казактар шабуылынан күйреп, қирауы. Қазақ археологиясының білгірі Әлкей Марғұлан 1950 жылы жүргізген өзінің қазба жұмыстарының нәтижесінде Сарайшық ХІІ ғасырда салынған деген тоқтам айтқан. Басқа да зерттеушілердің ХІІ-ХІV ғасырларда Сарайшықта сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, мешіттер, моншалар, медреселер салынды деуі осы пікірмен үйлесіп тұрған сияқты.

Әңгіме басында айтқан Молдаш ақсақал осының басы-қасында жүргендіктен көптеген деректерге, Сарайшыққа қатысты аңыз-әңгімелерге қанық адам көрінеді. Ара-арасында өлеңдетіп те жібереді екен. Әңгіме арқауы Жәнібек ханға тірелгенде, мынадай мысал деректі есіне алды. Бұл осы хан тұсында да елдің дәулеті мен сәулеті асып тұрғанынан хабар берсе керек. Жәнібектің өзінің салтанатты сарайы болған екен. Оның алтынмен апталып, күміспен күптелгеніне сөз жетпейтінге ұқсайды. Ханның жас қызы болыпты. Хан осы қызына арнап қолдан көл жасатыпты. Сонда жүзу үшін алтыннан қайық жасатқан. Қызы кеуілі соққан кезде сол қайықпен көлде жүзеді екен. Қызметшілеріне тапсырма беріп, көлге шекер (қант) сепкізген. Солай жасаса көлге аққулар көптеп қонатын болған. Сол қызы жасы 13-14-ке келгенде ауырып дүние салады. Сонда қайғы үстіндегі хан қызын бүкіл алтын-күмісімен және алтын қайығымен қоса жерлеуге тапсырма беріп, жеті адамды жұмсайды. Және қызым қай жерге жерленгенін ешкім білмейтін болсын деген міндет жүктейді. Әрине, ханның айтқаны орындалады. Қыздың қайда жерленгенін ешбір жан білмейтіні айтылады. Сонда хан әлгі жетеудің де басын алдырады. Бұл қыздың қайда жерленгені күндердің күнінде ауыздарынан шығып кетпесін дегені болса керек.

Қазба жұмыстары жүріп жатқан жер Атыраудан 55 шақырым аралықта. Әзірге зерттеумен қамтылған аумағы пәлендей көп емес. Соның өзінде көптеген көненің көзі табылғанын ескерсек, 100 гектар аумақтың астында қаншама сыр жатқанын аңғару қиын емес. Бірақ жердің қазылған бөлігі сол ашық күйінде қоршаусыз жатыр. Шығып қалған бас сүйек, т.б. ұшырасады. Ол енді археологиялық зерттеулер бір жобаға соққаннан кейін қолға алынатын шаруа болар деп топшыладық. Мүжілген бөлме қабырғалары, үйлердің орындары көрінеді. Осы аралардан әшекей бұйымдар, қағаз ақшалар мен металл тиындар біраз шығыпты.

Уақытына қарай бұл жерлердің о бастағы табиғатында, жан-жануарлар әлемінде кейбір ерекшеліктер болғанға ұқсайды. «Сіздер бұрын-соңды мынадай түйе көрдіңіздер ма?» деп жолбастаушымыз түйенің бас сүйегін көрсетті. Оныңыз —  қазіргі түйелердің бас сүйегімен салыстыруға келмейтін алып қаңқа. «Ал мынау қандай жануардың жамбасы екенін біле алмадық, мамонттың жамбасы болып жүрмесе»,— дейді  Молдаш ағамыз. Бұл жамбас сүйек екі-үш адамға жүк болғандай-ақ екен.

Сарайшық жөніндегі қазіргі дерек, ақиқаттар әзірге болмашы ғана деп ойлауға болады. Алдағы зерттеулер қорытындысы бойынша сол уақыттардың тарихи да әлеуметтік жағдайлары төңірегінде біраз жаңалықтар ашылатын болар. Әртүрлі тарихи болжамдардың дұрыс-бұрысын да нақтылайтын солар.

Аманкелді СМАҒҰЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button