Мәселе

Жылу маусымы аяқталды

құбырларды жөндеу жұмыстары басталды

Кеше қалалық әкімдікте қала әкімінің орынбасары Абай Байжомартовтың төрағалық етуімен «Өткен жылыту маусымының  қорытындылары және 2009-2010 жылдардағы жылыту маусымына қаланың

тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының әзірлігі жөніндегі іс-шаралар туралы» мәселесі бойынша мәжіліс болып өтті.

Мәжіліске қалалық штаб мүшелері, қаланың коммуналдық кәсіпорындарының басшылары, селолық округтердің әкімдері мен пәтер иелері кооперативтері, кондоминиумдар жетекшілері қатысты.

«Ақтөбе жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Рашид Есхожиннің айтуынша, өткен жылу маусымында қалаға жылудың орташа температурасы 77-80 градуста  беріліпті. Жылу маусымы кезінде мекеменің 9 жүйелік сорғысы жұмыс жасаған. Қазір мекеме 2009-2010 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық шараларын бастап кетті. Бөлінген 493 миллион теңгенің 202 миллион теңгесіне  құбырларды жөндеу, өзге де жылу техникаларын қалпына келтіру үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Мәжілісте «Трансэнерго» акционерлік қоғамының бас инженері  Олжас Мектепбаев өткен жылу маусымын қорытындылады.

2008-2009 жылдарға арналған жылу маусымы үстіміздегі жылдың 27 сәуірінде аяқталды. Өткен жылу маусымы кезінде 150-ге жуық апатты жағдай тіркелді. «Трансэнерго» жұмысшылары  шұғыл жұмыс істеудің арқасында орын алған апатты жағдайлардың дер кезінде алдын алды, – деді Олжас Амангелдіұлы.

Мәжілісте Қарғалы селолық округінің әкімі Мұхамбетқали Қазкеев «Трансэнерго» мекемесінің қызметіне риза еместігін айтты.

Қазір жылу мекемесінің қызметін Қарғалы селолық округінде 1000-ға жуық абонент тұтынады. Жылу мәселесіне қатысты бізге тұрғындардан арыз-шағым көп түседі. Өйткені пәтерлерге жылудың температурасы өте төмен берілетін көрінеді. Сондықтан да көпшілік абонент жылуды үйлеріне автономиялық тәсілмен қондырып алып жүр, – деді ол.

Бұл мәселеге қатысты айтқан Олжас Мектепбаевтың жауабына  Мұхамбетқали Қазкеев қанағаттанбады. Қала әкімінің орынбасары Абай Байжомартов осы мәселені хаттамаға тіркетіп, кейін нақты шешім шығарылатындығын айтты.

«Трансэнерго» мекемесінің жұмысына иесіз жатқан үйлер мен жатақханалардың қараусыз құбырлары кедергі келтіреді. Осы мәселені ескерген қалалық әкімдік өткен жылы қаладағы осындай 52 нысанның коммуналдық құбырларын жөндеп беріпті.

Сондай-ақ, мәжілісте қаланы салқын сумен қамтамасыз ету мәселесі жайында «Ақбұлақ» АҚ президенті Асан Ыбыраев, жылу қазандықтарының қысқа әзірлігі жайында «Қазандық» серіктестігінің басқарушысы Бауыржан Байғұловтар да баяндама жасады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button