Басты жаңалықтар

Тұрғын үйлерді жаңғыртуда ақтөбе көш басында келеді Вице-премьер Өмірзақ Шөкеев осыны айтты

Қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысын жақсарту, ескі үйлерді жаңарту, заман ағымына сай техникалық жабдықтау ерекше күн тәртібінде тұр. Бұл мәселе үкіметтік деңгейде жоғары талап тұрғысынан қаралуда.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің Ақтөбе облысына өткен аптада жасалған арнайы сапары да осы мәселені түптеу, орын алып отырған проблемаларды айқындап, алдағы міндеттерді нақтылау мақсатынан туындады. Үлкен ауқымдағы бұл шараға республиканың барлық өңірлерінен облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыс орталығы болып саналатын қалалардың әкімдері шақырылуы мәселенің маңыздылығын және ұзақ мерзімге қарастырылып отырғандығын көрсетсе керек.

 

«Болашақ» — көпшілік ықыласының көрінісі

Өмірзақ Шөкеев Ақтөбе қаласының қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жатқан бөлігі — «Болашақ» шағын ауданында болумен өңірге сапарын бастады. Мұндағы ол болған алғашқы нысан тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесі арқылы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуда.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жалпы ахуалды қысқаша баяндап берген соң, вице-премьер құрылыстағы нақты іс барысымен танысуға кірісті.

Облыс әкімінің орынбасары Ерхан Омаров осындағы қабырғасы тұрғызылып болып қалған үйдің жалпы көлемі 15270 шаршы метр екендігін, әр шаршы метр құрылыс құны 90 мың теңге құрайтындығын баяндады. 168 пәтерлік тұрғын үйде 22 — бір бөлмелі, 91 — екі бөлмелі, 56 үш бөлмелі пәтерлер орналасқан. Пәтерлер жаңа үлгіде жобаланған, бөлмелері кең, тұруға қолайлы. Бір бөлмелі пәтердің өзі 42,7 шаршы метр құрайды. Үш бөлмелі пәтерлер аумағы 100 шаршы метрге таяу.

Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама ақтөбеліктер үшін үлкен қызығушылық тудыруда. Тұрғын үй құрылысы депозиттік базасы соңғы үш жыл ішінде ғана 1,8-ден 5,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Соның нәтижесінде Ақтөбе облысы тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесі арқылы тұрғын үй құрылысын жүргізу және өткізу бойынша республикада көш бастап келеді. Ағымдағы жылдың өзінде ғана аймақта 393 пәтер пайдалануға берілмекші, бұл республикалық көрсеткіштің үштен бірінен астамын құрайды. Мұндай әдіспен тұрғын үй алуға талаптанушылар қатары уақыт өткен сайын көбейе түсуде. Мәселен, осындай сұранысқа орай 2012 жылы 516 пәтер ұсынылмақ, ал 2013 жылға 645 пәтер жоспарлануда. Осылайша үш жыл аумағында бір жарым мыңнан астам ақтөбелік отбасылар тұрғын жайларын жақсартпақшы.

Вице-премьер «Болашақ» шағын ауданында жақында ғана пайдалануға берілген 72 пәтерлік коммуналдық тұрғын үйде болып, құрылыс сапасына жақсы баға берді. Бұл тоғыз қабатты үй жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары биылғы жылы мамыр айында іске қосылған «Ренессанс» тұрғын үй кешенінде болған сәтінде айрықша архитектуралық үлгімен салынған нысан келбетіне назар аударды. Он бір қабатты бұл ғимаратта 75 пәтер орналасқан. Сондай-ақ мұнда бизнес-орталық жұмыс істейді. Бұл кешеннің құрылысын салуда отандық өндірістің құрылыс материалдары пайдаланылған, сондай-ақ қалада бірінші рет вибробетоннан аспалы элементтер қолданысқа енгізілді. Ғимарат тез жүретін дыбыссыз лифтімен, өрт сөндіретін заманауи құралдармен, әсем пластикалық терезелермен жабдықталған. Аулада балалар және спорт алаңшалары, паркинг орналасқан. Бұл үйдің ерекшелігі — автоматтандырылған жылу пункті жұмыс істейтіндігінде. Сол арқылы жылына 30 пайызға дейінгі мөлшерде жылу энергиясын үнемдеу мүмкіндігі бар.

«Ренессанс» кешенінде қонақтар назарына коммуналдық шаруашылықта  қолданылатын инновациялық технологиялар көрмесі ұсынылды. Мұнда негізінен тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие болып отырған өнімдер қойылған. Мәселен, «Акватория Ақтөбе» ЖШС өнеркәсіптік және коммуналдық сумен жабдықтау жүйесіндегі қысымды көтеруге арналған «Грюндфос» сорғы станциясы жұмысымен таныстырды. Ал «Бловер-Дор» энергоаудиті жылу жүйесін дұрыс қалыпқа келтіруге және құрылыс жұмыстарының кез келген кезеңінде ғимараттағы жабық ақауларды анықтауға мүмкіндік беретіндігі айтылды. Электр желілерін жобалау және құрылымдау жұмыстарымен «Тимакс Электро» ЖШС шұғылданады. «Технолинк ЛТД» ЖШС автоматты режимде жұмыс істейтін автоматтандырылған жылу пункттерін құру мен қаланың тұрғын аудандары бойынша жылу энергиясын бөлудің техникалық есебін жүргізуді жүзеге асыратын жүйені басқару бағдарламасымен таныстырды.

Инновациялық технологиялар көрмесіне барлығы оннан астам ақтөбелік кәсіпорындар қатысты. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қандай да жаңашыл ұсыныстардың қонымды, іс жүзінде тиімді және тұтынушылар талабына сай келуі маңызды екендігін айтты.

 

Тиімді жоба. Игерілген қаржы

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту бойынша қолға алынған жоба аясында көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу барысымен вице-премьерді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин таныстырды. Бұл ретте негізінен салынғанына қырық-елу жыл болған үйлер қамтылуда.

Бүгінгі күні қайта жаңғырту бағдарламасының екі механизмі бойынша белгіленген шаралар Ақтөбеде жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Мәселен, бірінші механизм бойынша сегіз үйде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қазір осы бағытта бөлінген қаржының 90 пайызы игерілді.

Ал екінші механизм бойынша қырық бес көп қабатты үйде жөндеу жұмыстары қолға алынған еді, қазір соның онында белгіленген межелер тиянақталды. Бөлінген қаржының 76 пайызы игеріліп отыр.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары облыс орталығындағы Әбілқайыр хан даңығылы бойындағы №6 және оған қанаттас Лачугин көшесіндегі №5 үйде болып, бұл жерлердегі жұмыс барысымен танысты. Екі тұрғын үйде де көптеген жұмыстар атқарылыпты. Сырттан қарағанда олар жаңадан салынғандай әсер қалдырады. Вице-премьер тұрғындармен сөйлесіп, олардың оң пікірін тыңдады.

— Осы жұмыстардың бәрі де сіздердің қолайлы тұрмыс-тіршіліктеріңіз үшін жасалып жатыр. Бұрынғы күйлеріңізді елестетіп көріңіздерші, енді қандай болды! — деп Өмірзақ Шөкеев жұртшылықтың жобаның тиімділігін сезіне түскенін атап көрсетті.

 

Бағдарлама және бағыт

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы ғимаратында өткен кеңес осы күнгі шаралардың қорытындысы іспетті болды.

Ө.Шөкеев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ұзақ жылдар бойы жинақталған үлкен мәселе — ескірген үйлерге жөндеу, жаңарту жұмыстарын қалай жасау керектігі болғандығын ерекше атап өтті.

— Бір жағынан алғанда, бұл пәтерлердің барлығы да жеке меншікте, сондықтан мемлекеттік бюджеттен біздің оған тікелей қаржы жұмсауға мүмкіндігіміз жоқ. Екінші жағынан, тұрғындардың қалтасы бірден жөндеуге қажетті қомақты қаржыны көтермейді. Алайда бұл мәселені тиімді шешетін тәсілді таптық, яғни қайта жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаржының жартысын мемлекет көтерсе, қалғанын тұрғындар өздері жинайды, — деді ол.

Ең бастысы, барлық шешімдерді тұрғындардың өздері қабылдауы керек. Мәселен, қандай жерге жөндеу жасау керек, оған қандай құрылыс жұмыстары кіреді, қандай материалдарды пайдаланған жөн, тіпті жөндеу жұмыстарын жасайтын құрылыс компанияларын таңдау да тұрғындардың өз еріктерінде.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары мемлекет тарапынан салынған қаржыны тұрғындар 7-10 жылда біртіндеп қайтарулары керектігін ескертіп, бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен жеңілдік екендігін айтып өтті.

— Көптеген қалаларда тұрғындар бұл мәселені көп уақытқа дейін жеткілікті дәрежеде әрі дұрыс түсінбей келді, қазір оның тиімділігіне көздері жетіп, жұмыс үлкен қарқынмен жүріп жатыр деп айтуға болады. Өскемен мен Алматы қаласында, Қарағандыда және Ақтөбеде бұл жұмыс жақсы жолға қойылды. Осындай үлгімен елдегі барлық қалаларда осы жұмысты қарқынды жүргізуге қазір мүдделі болып отырмыз, — деп атап өтті вице-премьер.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда Ақтөбе облысы бірқатар көрсеткіштер бойынша еліміздегі басқа аймақтарымен салыстырғанда көш ілгері келе жатқаны атап көрсетілді. Қазіргі уақытта мұнда республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат негізінен игеріле келді.

— Мәселенің маңыздылығында сөз жоқ,— деп атап көрсетті жиында Өмірзақ Шөкеев,— бұған дейін біз бағыттар берумен, тапсырма белгілеумен келсек, енді қатаң сұраныс болады.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Алматы, Қостанай, Маңғыстау облыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанбайтынын білдірді.

— Бұл жұмыстар, ең алдымен, ескі тұрғын үйлерді қоныстанған тұрғындар үшін маңызды, соны халыққа түсіндіре білуіміз керек, бұл  іске қалалардың әкімдері тікелей мүдделі болмай, шаруа бітпейді, — деп атап көрсетті ол.

… Сонымен, жаңа бағдарлама алдағы жылы өзінің қамту аясын бұрынғыдан да кеңейте түспекші. Демек, тұрғындар ескі үйлерін мемлекеттік қолдау арқылы жаңартуға мүмкіндік алып отыр. Бұл — уақыт ағымына сай жасалып отырған үлкен шаруа болмақшы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button