Билік

Аяқталмаған құрылыстар — қатаң бақылауда

Ақтөбе қаласының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің тапсырмасы бойынша облыс орталығындағы кәсіпкерлік объектілерінің аяқталмаған құрылыстарына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар қатаң бақылауға алынған болатын.

Жақында қалалық әкімдікте осы мәселеге байланысты мәжіліс өтті. Басқосуда  қаланың бас сәулетшісі Бөкей Біртай баяндама жасап, аталған мәселе бойынша қандай шаралар атқарылып жатқандығын баяндады. Оның айтуынша,  Әбілқайыр хан, Әлия Молдағұлова, Сәңкібай батыр даңғылдарындағы, Бөгенбай батыр, Т.Рысқұлов көшелеріндегі және басқа мекенжай бойынша орналасқан 26 аяқталмаған құрылыс бойынша сәулет және қала құрылысы бөлімі өткізген мониторинг нәтижесінде бірқатар жұмыстар жүргізілді, соның нәтижесінде аталған объектілер иелерімен арада тұрақты жұмыс, кепілдемелік міндеттемелер және жұмысты аяқтау мерзімін кейінге шегермеуге қатысты оңды шешімдер қабылданды.

11-шағын аудандағы «Лашын Инвест Холдинг» ЖШС-ның көп функционалды «Ақтөбе ажары» тұрғын үй кешенінің құрылысы жөніндегі жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінгі күні секцияның 2-блогының құрылысы жүргізілуде, 25 қабаттың қабырғаларын қалау аяқталып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Секцияның 3-ші блогын аяқтау 2012 жылғы шілдеге жоспарланған.

5-шағын ауданның көпірі маңындағы Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы «Ақтөбе кәусары» атты 12 қабатты тұрғын үй кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстары басталды («СК Ақтөбе-Центр» ЖШС). Объектіні аяқтау 2012 жылғы желтоқсанға жоспарланған.

Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Сәттілік» қонақ үй кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстары да аса қарқынды болмағанымен, жүргізіліп жатыр («Акцепт Контракшн» ЖШС). Осы жылдың соңына дейін мердігер сыртқы витраждарын, шатырын монтаждау жұмыстарын аяқтауды міндетіне алды. Объект 2012 жылдың соңында тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Әбілқайыр хан даңғылындағы әсемдік салонына жанама құрылыс аяқталды. Оның иесіне объектіні дереу пайдалануға тапсыру туралы акт берілді.

Басқа объектілер бойынша да оң өзгерістер бар. Қала әкімі Н.Әбдібеков жауапты тұлғаларға Бөгенбай батыр көшесіндегі қонақ үй кешені, «Наурыз» тұрғын үй кешені, 12 «Б» шағын ауданындағы «Кең дала» тұрғын үй кешені, Ғ.Жұбанова көшесіндегі екі көп қабатты тұрғын үй, 11-шағын аудандағы бұрынғы базар орнында орналасқан мейрамхана мен техникалық қадағалау стансасы, 11-шағын аудандағы №100 үй маңындағы сауда үйімен бірге салынатын 16 қабатты тұрғын үй және т.б. салынып жатқан объектілердегі құрылысшылардың кепілдемелік міндеттемелерін және жұмыс кестесін сақтауын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Соңғы уақытта бірқатар объектілердің меншік иелері ауысты, объектілердің нысаналы мақсаттары өзгерді және құрылыс жұмыстары қалпына келтірілді.

Сәңкібай батыр даңғылы, 74 «Б» мекенжайы бойынша орналасқан мектепке дейінгі балалар мекемесінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде («Ақбөбек» Оңалту орталығы» ЖШС), бұрын осы жерде сауда үйін салу жоспарланған болатын. Бұл объектіні 2011 жылдың аяғында іске қосу жоспарланып отыр.

Сәңкібай батыр даңғылындағы жанар-жағар май станциясының жаңа иесі «ГеоБазис» ЖШС автожанар-жағар май құю станциясының орнына кеңсе ғимараты құрылысын салу жоспарын қала құрылысы кеңесінің қарауына ұсынды.

Бірқатар объектілер бойынша жаңа меншік иелері де қала құрылысы кеңесінің отырысына материалдар тапсыратын болады.

Сонымен бірге жер учаскесін және салынып бітпеген объектіні бөліктер бойынша сатуға шығарудың ақыры ұсақ, елеусіз объектілер құрылысының көбеюіне әкеліп соқтыруы мүмкін, ал бұл қаланың орталық көшелерінің сәулеттік келбетіне кері әсер етеді. Сондықтан, бас сәулетшінің пікірінше, сатуға шығарылған мұндай объектілерді нысаналы мақсат бойынша пайдаланылмайтын объектілер ретінде есепке қойып, конструкцияны бөлшектеу қажет.

Айта кету керек, бірқатар объектілер құрылысы әлі күнге дейін тоқтап тұр, олардың иелерінің бірнеше мәрте берген уәделері желге ұшты. Қала әкімі Ақтөбе қаласының жер қатынастары бөлімінің бастығы Серік Өтегеновке «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға сәйкес осы тұлғалардың кейбірінің жер учаскелерін мемлекеттің мұқтажы үшін кейін қайтарып алуға байланысты жұмыстар жүргізуге тапсырма берді.  Қазір бұрын құрылыс үшін жер учаскелерін пайдалануға берген қаулыларды жою жөнінде сотқа талап арыздар әзірленуде.

Н.Әбдібеков қала әкімінің орынбасары Асқар Ғабидуллинге, қалалық сәулет бөліміне, жер қатынастары бөліміне заң аясында құрылысшылармен арада жүргізіліп жатқан жұмысты жалғастыруды және объектілер құрылысын бекітілген мерзімде аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button