Әлеумет

«Ақтөбе және ақтөбеліктер»

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасындағы сүйікті бағдарламалардың бірі – «Ақтөбе және ақтөбеліктер».

Көрермендер үшін ыңғайлы уақыт – түскі үзілістің кезінде тікелей эфир арқылы жүргізілетін хабар негізінен әдебиет пен мәдениет, білім мен ғылым һәм өнер саласындағы соңғы жаңалықтарды қамтиды. Мысалы, қаламгердің жаңа кітабы шықса, суретші жеке көрмесін жұртшылық назарына ұсынса, жеке тұлға немесе өнер ұжымы республикалық, халықаралық байқауларда топ жарса, әншілер жаңа клипінің «тұсауын» кессе, олардың қуанышын бөлісіп, көрермендермен жүздестіруге асығатын осы – «Ақтөбе және ақтөбеліктер». Білім сайысында маңдайы жарқырағандар да, жаңалығымен жұртты жалт қаратқан өнертапқыштар да әуелі біздің хабарымыздың қонағы болады. Дін мәселелері де  біздің  жиі «қаузайтын» тақырыптарымыздың бірі.

Жоғарыда айтқанымыздай, хабар тікелей эфирде жүргізіледі. Мұның ұтымды жақтары да, қиын тұстары да бар. Мысалы, көрермен эфир қонағына көңілі қалаған сұрағын қоя алады. Тіпті, сұрақтың кейбірі ол үшін қолайсыз болуы да мүмкін. Мұндайда тәжірибесі жоқ кісі  абдырап қалуы ғажап емес. Сондайда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шығу – жүргізушінің міндеті. Аяқ астынан телефон желісінің үзіліп кетуі, микрофонның істен шығуы немесе жарықтың сөніп қалуы – тікелей эфирде жиі кездесіп тұратын жағдайлар. Егер алдын ала жасалатын хабарларда әңгіме арасындағы кедір-бұдыр тұстарды монтаж кезінде «тегістеп» жіберуге болатын болса, тікелей эфирде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан мұнда журналиске жүктелетін жауапкершілік жүгі үлкен.

Тікелей эфирдегі әңгіменің дәмді шығуы көп ретте сұхбат берушінің дүниетанымының кеңдігіне, ойын жеткізе білуіне һәм жүргізушінің оған тақырыпты ашатындай сұрақтар қоя білуіне  байланысты. Көрермен де есті сұрақтармен эфир қонағының «қолтығынан демесе», әңгіменің шырайы кіреді.  Ал енді қойған сұрағыңа бір ауыз сөзбен жауап беріп, әрі қарай «ішімдегіні тап»  деп отыратын қонақтар да бар. Бұған көрермен де сұрақ қоюдың орнына тілек айтып, «қоса шауып отыратын» болса, онда хабар «пұшық айтқан әннің» кебін киеді. Мұның соңы басшылардан сөгіс естумен аяқталады…

Құдайға шүкір,  Ақтөбеде парасатты әңгіме айта алатын азаматтар баршылық. Белгілі ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы, филосософ Алтай Тайжанов, өнертанушы Бөрібай Кәртендер қатысқан эфирлер әдетте қызықты өтеді. Марқұм журналистер Әмір Оралбай мен Әлімбай Ізбайлармен арадағы сұхбаттар да өте мазмұнды шыққан болатын.

Хабардың аты «Ақтөбе және ақтөбеліктер» болғанымен, студия қонақтары тек ақтөбеліктермен шектелмейді. Шаһарымызға ат басын тіреген республикаға аты мәшһүр тұлғаларымыздың біразы біздің төрімізде отырып салихалы әңгіме айтты, көрермендер сұрақтарына жауап берді. Мысалы, белгілі саясаттанушы Аманкелді Айталы,  тосын пікірлерімен жұртты таң қалдырып жүретін тілші ғалым Аманқос Мектептегі, телевизия саласының майталманы Қайнар Олжай, айтыс өнерінің салтанатын асырған Жүрсін Ерман, Төлеген ақынның тұяғы Салтанат Айбергенова, қазақ киносының көкжиегін кеңейтуге талпынып жүрген Талғат Теменовтердің риясыз әңгімелері көрермендердің көкірегін байытқаны анық. Лидия Кәденова,  Бауыржан Ибрагимов, Рамазан Стамғазиев, Сембек Жұмағалиев, Ұлықпан Жолдасов, Ақылбай Жеменей секілді өнер жұлдыздары да студия төрінде ағынан жарылды.

«Ақтөбе және ақтөбеліктер» көп жас таланттың танылуына жол ашты. Біздің хабарымыз көзін ашқан бұлақтар бүгінде өз арналарын тапты. Бұл – біз үшін үлкен мерей!

Телевизия – ұжымдық еңбек. Тележүргізушімен бірге үлкен  шығармашылық топ – хабардың режиссері, операторлары, техниктері бес саусақтай бірігіп жұмыс жасайды. Ал ол жұмыстың нәтижесі патша көңілді көрерменнің көз алдында.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ,

хабардың жүргізушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button