Құқық

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Заң

 

Газет оқырмандары телефон арқылы мынадай сауалдар қояды:

Сисен Бөрібай Төлеуішұлы, Байғанин ауданы:

Жұмыскердің қызметтік міндетін ауыстырғанда не істеу керек? Оны алдымен атқарып келе жатқан қызметінен босатып, содан кейін ғана жаңа қызметке бұйрықпен қабылдау керек пе?

 

Еңбек жағдайының өзгеруіне байланысты оның жаңа қызметі мен айлық жалақысы көрсетіліп, еңбек шартына өзгеріс енгізілсе, болғаны.

 

Тұрабаев Ералы, Алға ауданы:

Шешем биыл 99-да. Кейінге дейін кәрілігі үшін жәрдемақы алып келді. Енді тоқтатып тұр. «Жеке куәлік алмаса, бермейміз» дейді. Ол кісіде зейнетақы, соғыс жылдарында тылда еңбек еткені үшін берген медалінің куәліктері бар. Төрт баласы бар еді. Мен кенжесімін. Ағаларым қайтыс болды. Менің туу туралы куәлігімде шешем сол кісі деп жазылған. Бірақ оның жеке құжаты түгілі, әлі күнге дейін туу туралы куәлігі жоқ. Ол кісіге туу туралы куәлікті қалай алуға болады?

 

Бұл мәселе ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 31-тарауында қамтылғанындай, заңдық маңызы бар фактілерді анықтау үшін сотта іс қарау тәртібімен шешіледі. Осы істер бойынша арыз арыз берушінің тұрғылықты жеріндегі сотқа беріледі және сот шешеңіздің туған жылын, айы-күнін куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы мүмкін болмаған жағдайда ғана арызды қарайды.

Арызда арыз берушінің қандай фактіні және қандай мақсатпен анықтау қажет екендігі көрсетілуге, сондай-ақ арыз берушінің  тиісті құжатты алуы мүмкін еместігін растайтын дәлелдемелер келтірілуге тиіс. Соттың шешімі фактіні растайтын құжат, ал азаматтық хал актілерін жазу бюросы үшін оны тіркеу мен рәсімдеудің негізі болып табылады.

 

Басшы Асқар, Қобда:

Денсаулығыма байланысты ІІ топтағы мүгедектік алғаныма 5 жыл болды. Мерзімсіз мүгедектікті неше жылдан кейін алуға болады?

Мерзімсіз мүгедектікті алу үшін І топтағы мүгедектер 4 жыл, ал, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер 6 жыл қатарынан дәрігерлік-әлеуметтік сараптамадан өтіп отыруы керек.

 

Еркешбай Қалыш, Шалқар ауданы:

Еңбек шартының кейбір тармақтарын орындамаған қызметкерге айыппұл салуға бола ма?

 

Қызметкер жұмысына немкетті қараса немесе тәртіптік теріс әрекеттер жасаса, жұмыс беруші тәртіптік жазаның мынадай түрлерін қолдануға құқылы: ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс немесе Еңбек кодексінде белгіленген жайттарға сәйкес жұмыс беруші тарапынан еңбек шартын бұзу. Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында қарастырылмаған тәртіптік жазаларды қолдануға рұқсат етілмейді.

 

Мырзанқызы Базаргүл, Қарабұтақ:

Төрт баламның алды — 16-да, кішісі — 2-де. Күйеуім айына 90 000 теңге жалақы алады, өзім жұмыс істемеймін. Үкіметтен қандай жәрдем бар?

 

Отбасыңыздың орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан (2011 жылға – 15 999 теңге) төмен болған жағдайда балаларға арналған жәрдемақы алуға құқығыңыз бар. Ол үшін ауданыңыздағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне арызданасыз.

Федосенко Лидия Федоровна, Қандыағаш қаласы:

Баламның жасы жиырмада. Ресейде тұратын әкесі  қайтыс болды. Оның пәтері мұрагерлік жолымен балама бұйыра ма?

 

Халықаралық заңдылық Қазақстан азаматының Ресейдегі мүлікті мұрагерлік жолымен иеленуіне мүмкіндік береді. Еліміздегі осы мемлекет елшілігінің Алматыдағы консулдығына жолығуларыңыз қажет.

 

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 56-21-64; 51-04-13; 8-702-318-04-13

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button