Басты жаңалықтар

Уәж — ислам қазақ мемлекетінің тірегі, таянышы болуы керек

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жуырда Ақтөбеде «Ислам — ынтымақ пен бірлік діні» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференция Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап өткізілді.

Бұл жиынға ҚМДБ және Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының жауапты қызметкерлері; әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті мен Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары қатысып, баяндамалар жасады.

Конференция жұмысына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов төрағалық етті.

Конференцияның басты қонағы — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі болды.

Бас мүфти баяндамасының тақырыбы — «Ислам — ғылым мен білім діні» болды.

Ынтымақ пен бірлікке тарту етілген мешіт

Дінбасы жиналғандарға арнап сөйлеген сөзінде:

— Жиырма жыл — тарих үшін қас-қағым-ақ сәт. Тәуелсіздік алғалы 20 жыл уақыттың ішінде еліміздегі мешіттер саны 68-ден 2,5 мыңға дейін көбейіпті. Аллаға шүкір! Бұл — ынтымақтың, татулықтың,  ауызбіршіліктің арқасында келген жетістік, — деп атап өтті.

Азаттық алғалы бері елімізде көптеген сәулетті, ғажап мешіттер бой көтерді. Солардың бірі — Астана төріндегі он мың орындық «Нұр Астана» мешіті. Әбсаттар қажы осы мешіттің салыну тарихын баян етті. Біз ол әңгімені оқырманға жеткізгенді жөн көрдік: «Бұл мешіт Катар мемлекетінің әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидің қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылғанын білесіздер. Мешіт ашылған соң бір жылдан кейін Катар әмірі оны өзі келіп көрді.  Мешіттің сәулетіне сүйсіне қарап тұрып менен: «Орта Азияда қанша мемлекет бар?» — деп сұрады. Әрине, шейх Хамад бин Халифа әл-Сәни — жай кісі емес, мемлекет басшысы; мұндай сұрақты тегіннен-тегін қойып тұрмағанын білдім. Орталық Азиядағы мемлекеттердің атын тізіп айтып шықтым. «Ал, енді, — деді Катар әмірі, — мен қыруар қаржы шығындап, солардың арасынан не үшін осы Астанаға мешіт салдырдым? Не үшін Қазақстанды таңдадым? Сіз қалай ойлайсыз?». Астарында үлкен мағына жатқан бұл сұраққа жауап беруге оқталған едім, Катар әмірі: «Мұның жауабын өзім айтсам қайтеді?» — деген соң, сабырмен сөзіне құлақ түрдім. «Орта Азиядағы бауырлас мұсылман мемлекеттері тәуелсіздік алған тұста, біз: «Енді олар қай жолға түсер екен? Қай бағытты таңдар екен?» — деп ойға кеттік. Бізді алаңдатқан жай — бұл елдердің кейбірінде адамдар топ-топқа бөлініп, біріне-бірі оқ ата бастады, тыныштық бұзылды. Солай ма?» — деді Катар әмірі. «Рас». «Әне, сондай жағдайда, зекет ретінде осы бес мемлекеттің қайсысына қаражат бөлсек деп ойландық, сонда ғұламаларымыз маған: «Қазақстанға бөліңіз, бұл — ынтымағы жарасқан ел» — деп кеңес берді». Мен ішімнен: «Еліміздің жағдайына сырттағылар көз тігіп, бізді дос санайтын елдер ынтымақ-бірлігімізге сүйсініп отырады екен-ау» — деп,  Катар әмірінің сөзіне риза болдым. Ал ол сөзін әрі жалғады: «Содан соң — 2001 жылдың қыркүйегіндегі АҚШ-тағы оқиға есіңізде ме?». «Бүкіләлемдік сауда үйі ғимараттарына жасалған шабуыл туралы айтып тұрған боларсыз?» — дедім. «Нақ солай. Сол оқиғадан кейін Америка, Еуропа исламға жала жауып, «ислам терроризмі»  деген терминді әлемге таратты. Сонда біздер, араб жұртының басшылары, үнсіз қалдық. Сондай сын сағатта бірінші болып исламды қорғауға кіріскен кім еді? Ол — қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл — жала! Мен «ислам экстремизмі», «ислам терроризмі» деген терминдерді қолдануға үзілді-кесілді қарсымын. Әлемдегі соғыстар ешқашан исламнан бастау алмаған. Бізге исламды түрлі жаладан қорғайтын кез келді», — деп мәлімдеді. Содан кейін ғана басқаларымыз батылданып, өз пікірімізді жария ете бастадық. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың сол ерлігіне риза болғандықтан да, Қазақстан астанасына мешіт салу үшін қаржы бөлдім», — деп аяқтады Катар әмірі сөзін».

Бұдан соң Дінбасы:

— Ынтымағы жарасқан елді ғана басқалар сыйлайды, үлгі тұтады. Елбасымыздың бастамасымен  Астанада үш рет әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткенін білесіздер. Сол жиындарда да мен қонақтардан біздің еліміздің ынтымақ-бірлігіне қызыққан жақсы лебіздерді көп есіттім. Сол бірлікке ұйытқы болып отырған қазақ халқы, оның діні — ислам. Қазақ халқы — ислам өркениеті мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан халық, — деп атап өтті.

 

Хадисті алғаш жинастырған да,

Аристотельді бүгінге жеткізген де  — түркілер

Бұл орайда Дінбасы былай деді:

— Иә, біздің жерімізден, түркі топырағынан ислам өркениетін байытқан үлкен ғұламалар шықты. Басқасын айтпағанда, Құраннан кейін екінші орындағы қасиетті қазынамыз — Мұхаммед пайғамбардың хадистерін жинастырған тұлға әл-Бұхари — түркі топырағының түлегі. Менің зерттеуім бойынша, тарихта аты қалған отыздан астам әл-Фараби бар. Соның ішінде әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың еңбектерінде ғылымның сан саласы қамтылған. Ол ІХ ғасырда музыка теориясын жазды! Аристотельдің еңбектерін араб тіліне аударды. Ал Аристотель еңбектері бүгінге түпнұсқасы арқылы емес, сол аудармалар арқылы жетті. Яғни, Әбу Насыр әл-Фарабидің арқасында жетті. Міне, біздің бабаларымыздың өркениетке қосқан үлесі!

Тағы бір оқиғаны еске алғым келеді. 2002 жылы Каирде өтетін дәстүрлі халықаралық Ислам конференциясына қатыстым. Сол жолы мені Египеттегі елшіміз Асқар Мусинов жасы 80-нен асқан Насрулла бин Әбу Насыр Мүбашшир ат-Тарази қариямен таныстырды. Ол кісі 1922 жылы Тараз қаласында туған болып шықты. Әкесі Әбу Н­а­сыр Кеңес өкіметін қабыл­да­маған. Сол үшін де бірнеше рет абақ­тыға түсіп, ақыры туған елімен қоштасуға мәжбүр болған. Ол кезде Насрулла бар болғаны 7 жаста екен. Қуғынға ұшыраған отбасы Ауған­стан, Пәк­стан арқылы Египетке өтіп кетіпті. Оқып, университет бітірген Насрулла ағамыз Каирдегі «Кітаптар үйінде» қызмет еткен, араб, парсы, шағатай тілдері, түркі ха­лық­тарының тарихы мен әдебиетінің білгірі болып шықты. Сол кісіден Хибатулла ат-Тарази ат-Түркістани туралы естідім. Хибатулла бабамыз Каирдегі Бейбарыс салдырған медресені басқарған. Бейбарыс сұлтанның өз тұсында емес, ол дүниеден өтіп кеткен соң, бірнеше онжылдықтардан кейін басқарған. Хибатулла ислам ғұламалары арасында өте беделді адам болған, соңында үлкен еңбектер қалдырған. Тараз қаласындағы орталық мешітке Хибатулла ат-Таразидің есімін бердік.

Ал Каирдегі Бейбарыс салдырған медресе әлі бар. Әрине, арада қаншама ғасырлар өтті — қираған, тозған. Бірақ бір бөлігі сақталып қалған.

Сөйтіп, Хибатулла ат-Таразиді Насрулла ағамыздың жөн сілтеуімен таптық.

Ал Ақтөбе жерінен де үлкен ғұламалар шыққан. Исламды қазақтың жанына жақын өлеңмен, жырмен насихаттаған ақындар шыққан. Олар туралы «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» атты кітабымда баяндадым…

 

Өз жолымыз бар…

Бас мүфти Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дін мәселесіне әрдайым барынша ден қойып, үнемі осы бағыттағы шаруалардың басы-қасында жүретінін атап айтты.

— Бүгінгі күні Өскемен, Қостанай Көкшетау, Қарағанды және Талдықорған қалаларында зәулім, сәулетті мешіттердің құрылысы жүріп жатыр. Алла қаласа, бір-екі ай шамасында алды пайдалануға беріледі. Осы құрылыстардың бәрі де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен қолға алынған. Елбасымыздың бұл жанашырлығын, қамқорлығын бағалау керек, — деді ол.

Әбсаттар қажы дін мәселесінде Қазақстан үшін кадр мәселесі қиынға соққанын айтты.

— Кеңес заманында мешіттер мен медреселер қиратылды, өртелді, діни қызметкерлер қуғынға түсті. Сондай қоғамнан шыққандықтан, кадр жетіспеушілігін бастан өткеріп отырмыз, — деді.

Ол кейбір жастардың: «Ата-бабаның басына барып Құран оқыма, ол — ширк; жас келін сәлем салмасын, ол — ширк» — дейтінін құптамайтынын жеткізді.

— Ол — біздің жолымыз емес. Біз — ханафиттерміз. Суннизмде төрт мәзһаб  бар. Мәзһаб дегеніміз — діни жол. Мысалы, Душанбеге, Ташкентке барып немесе ол жақтың тұрғындары бізге келіп, намаз оқысақ — намаз тәртібінде еш айырмашылық болмайды. Бұл — мәзһабтың бір болуынан. Мәзһаб бірлігі, діни жолдың бірлігі — тұтастық кепілі, — деді Дінбасы.

Мешіттерде қиындықтар да жоқ емес. Имамдардың жалақысыз жұмыс істейтінін Дінбасы сол қиындықтардың бастысы ретінде атады.

Бұл орайда ол өз пікірін:

— Нақты жалақысы болмаса да, көптеген имамдар қызметін тастап кетпей, қолынан келгенше еңбектеніп жатыр. Олардың өмір тәжірибесі жетпеуі мүмкін, бірақ білімі бар. Сондықтан, әсіресе, жасы үлкен ел ағаларына оларға қамқорлықпен қарап, жәрдем бере жүріңдер дегім келеді. Кейде баспасөзде: «Мешітке халықтан түскен ақша қайда?» — деген сөздер жазылып жатады. Халықтан түскен ақша, негізінен, коммуналдық қызмет үшін төленеді. Мысалы, Алматыдағы орталық мешітті жылыту үшін 10 тонна жанар-жағар май керек. Есептей беріңіз. Ал енді ауылдағы мешіттерге қаржы аз түседі. Осы жайды ескеру керек, — деп жеткізді.

Сөзінің соңында Дінбасы:

— Дін — біздің ортақ қазынамыз. «Бөлінгенді бөрі жейді» — дегендей, бас-басымызға — дінтанушы, бас-басымызға уағыз айтушы болып, ел ішіне іріткі салмайық дегім келеді. Ислам жас қазақ мемлекетінің тірегі, таянышы болуы керек. Ол үшін бәріміз бір жолдан — ата-бабамыз салған жолдан табылайық. Ол жол — Ханафи мәзһабы, — деп, жұртшылықты ынтымақ-бірлікке шақырды.

 

 

Кердері еліндегі кездесулер

Конференцияда «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәмшәдин Керім «Әбубәкір Кердері — ислам дінінің жыршысы» тақырыбында баяндама жасады. Биыл туғанына 150 жыл толып отырған Әбубәкір Кердерінің Ақтөбе топырағының перзенті екені мәлім.

Баяндамашы Кердерілер әулетінен барша ислам әлеміне әйгілі ғұламалар шыққанын атап өтті.

— Бұл әулеттен Қазақстан мен Орталық Азияда ислам дінін ғылыми түрде игеру ісінің негізін салған ғұламалар шыққан, — деді ол.

Сол әулеттің бір өкілі — Әбубәкір Кердері бабамыз да молда болған.

— Қазақ халқына құр уағыздан гөрі, поэзия, өлең сөз әлдеқайда жақын болғандықтан, Әбубәкір Кердері ақындық жолды таңдаған, — деді баяндамашы.

Ол Әбубәкір Кердері өмір сүрген дәуірдің ерекшеліктеріне тоқталды.

— Сол күрделі тұста ол қазақты халық ретінде аман алып қалатын, сақтап қалатын бірден-бір жол — ислам деп түсінген, — деді баяндамашы.

Ақын өз шығармаларында  қазақтың жолы — Имам Ағзам атанған Әбу Ханифа жолы екенін айқын көрсеткен.

Қазір исламдағы теріс ағымдардың дінге зиян тигізіп отырғанына қынжылған баяндамашы сөзінің соңында:

— Мұны исламды шала түсінген жастардың ісі деп қабылдау керек. Біздің ректорымыз, академик Махмұд Фаһми Хижазидің айтуынша, қазір жарылыстар жасап жүрген ұйымдарда дін мамандары жоқ екен. Ислам негіздерін игерген адамдар ешқашан қантөгіске, қатыгездікке бармайды, — деді.

«Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің тағы бір ұстазы — мысырлық ғалым Мұхаммед Махфуз «Исламдағы жиһад ұғымы» тақырыбында баяндама оқыды. Ол Мұхаммед пайғамбардың және оның соңынан ерген алғашқы мұсылмандардың өмір жолына, исламның әлемге таралу тарихына үңіле отырып, исламның тек қана бейбітшілікті, татулықты насихаттайтын дін екенін атап көрсетті.

— Кейбір тарихшылар исламды қылыштың күшімен тараған, қантөгіске, қатыгездікке негізделген дін ретінде көрсеткілері келеді. Бұл — шындықпен үйлеспейтін пікір. Ислам дін мүддесі үшін өзгелерді өлтіруге бұйырмайды. Ислам адам өлтіру түгілі, тіпті өзгеге тіл тигізуден де сақтануға үндейді, — деді Мұхаммед Махфуз.

Ал теолог Асқар Сабдин қазіргі теріс ағымдардың тарихи тамырларына үңілді.

ІІІ Халиф Османның өлтірілуінен басталған мұсылмандар арасындағы алауыздықтың себепкерлері — харижиттер болып табылады. Харижит термині «хуруж» — шығу деген сөзден шыққан. Олар сахабалар мен мұсылмандар жамағаты бірауыздан сайлаған басшыларға қарсы шыққандықтан да жұрттан осындай ат алған. Ал қазіргі теріс ағымдарға байланысты зерттеушілер «жаңа харижиттер» терминін қолданып жүр.

Жиында «Қазақстан қажылары қауымдастығы» діни бірлестігінің төрағасы Еркін Дуанаев сөз сөйледі. Сондай-ақ Әбсаттар қажы Дербісәлі залдан түскен сауалдарға жауап берді.

Жиынды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қорытындылады.

Облыс әкімі 13 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңы ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың тарихи рөлін белгілеп бергенін атап айтты.

Архимед Мұхамбетов, сондай-ақ бүгінгі күні облыс әкімдігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасында тығыз байланыс орнап отырғанын және мұндағы мақсат — Ханафи мәзһабы құндылықтарын насихаттау екенін атап көрсетті. Осы мақсатта облысымызда дін мамандарының қатысуымен 618 кездесу өткен.

Облыс әкімі өңірде діни ахуалды тұрақтандыру мақсатындағы жұмыстардың екі бағытта болатынын айтты: біріншіден, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізіледі. Екіншіден, мешіттердің хал-ахуалына, мамандармен қамту мәселесіне қолдау көрсетіледі.

Осы бағыттағы шаруалардың бірі — жуырда Әйтеке би ауданында мешіт құрылысы басталғалы отыр.

Архимед Мұхамбетов, сондай-ақ, «Зекет» қорының облыстық бөлімшесіне қолдау көрсететінін жеткізді.

Облыс әкімі сөзінің соңында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәліге және конференция қонақтарына алғыс айтып, сәттіліктер тіледі.

 

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button