Басты жаңалықтар

Иманды істің ұйытқысы

Елімізде жаңа ислам қаржы құралы — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) республикалық Зекет қоры құрылды. Ол — қоғамдағы мүсәпір-міскін жандарға жәрдем көрсету мақсатында қайырымдылық қаржысын жинауға арналған орталық.

Көптеген елдерде зекет беру ерікті түрде жүзеге асырылады. Алайда Бахрейн, Кувейт, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия сияқты бірқатар елдерде зекет міндетті мемлекеттік салық есебінде жүреді. Оларда зекет алу және тарату рәсімдерін реттеу жүйесі қалыптасқан. Ал Қазақстанда бұл қорды құру тұрғындардың игілікке арнайтын қаржысын ислам қаржыландыру қағидаларына сай жинақтауға мүмкіндік береді. Зекет қаржысын бөліп тарату ашық, жария түрде жүргізіледі.

Еліміз бойынша бірінші болып Ақтөбеде Зекет қорының өкілдігі ашылды. ҚМДБ республикалық Зекет қорының директоры Едіге Алпысбаймен қор жұмысының мақсаты, алдағы атқаратын жұмыстары төңірегінде әңгімелескен едік.

— Зекет қоры не үшін құрылды?

— Зекет қоры жұмысын осы жылдың мамыр айынан бастады. Бұл — қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері тарапынан біраз жылдан бері айтылып, көтеріліп жүрген мәселе болатын. Өйткені, зекет исламның бес парызының бірі саналғанымен, бұл ұғымды халық санасына сіңірудегі, қалыптастырудағы шаруалар кенжелеп қалды. Халықтың көп бөлігі зекеттің мән-мағынасы, оның шарттары туралы толыққанды білмейді. Зекет қорын құрудағы басты мақсаттардың бірі — осы ұғымды халыққа кеңінен насихаттау, түсіндіру, діни ұйым ретінде бұл қорды толыққанды, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, кәсіби басқару жүйесі бар, ашық, жүйелі, кешенді түрде жұмыс істейтін әлеуметтік қаржылық институт ретінде орнықтыру. Зекет қорының орталығы — Алматы қаласында. Елімізде Зекет қорының өкілдігі бірінші болып Ақтөбе облысында ашылды. Болашақта мұндай өкілдіктер еліміздің әрбір облысында жұмыс жасайтын болады.

— Ал Қорға түскен қаражат қандай мақсаттарға жұмсалады?

— Қордың басты мақсаты —  шамасы жететін әрбір мұсылманға парыз болған зекет төлемдерін жүйелі түрде орталықтанған есепшотқа жинап, оны тиісті тараптарға, Ханафи мәзһабының үкімдеріне сай тарату. Зекет қорына аударылатын қаражаттың барлығы құжат түрінде рәсімделеді. Әр облыстан  түскен қаражат сол аймақтың игілігі үшін жұмсалады. Атап айтсақ, өзін-өзі қамтамасыз ете алмай отырған ауыл мешіттеріндегі діни қызметкерлерге тұрақты түрде жалақы беру, көп балалы отбасылар мен кемтарларға, жетім-жесірлерге нақты көмек көрсету.  Діни оқу орындарына ғимараттар салу, оларды техникалық базамен қамтамасыз ету, қажетті діни басылымдарды баспаға әзірлеп шығару, оны халыққа тарату ісі де қор жұмысының басты мақсаттарының бірі болмақ. Яғни, Зекет қорын құру кездейсоқтық емес, керісінше, алға қойған міндеттердің әрқайсысы қазіргі кезде туындап отырған түйіткілді мәселелерді шешуге бағытталған.  Мәселен, шалғай ауылдардағы мешіт қызметкерлеріне қор есебінен жалақы тағайындау арқылы халықтың рухани деңгейінің көтерілуі үшін жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Бұған қосымша, жалақы тағайындау арқылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдарға талапты күшейтіп, қадағалауды жақсартатын болады. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі діндарлардың біліктілігі мен білімін арттыруға, сауатты имам дайындауға мүмкіндік туады. Сонда ғана халықтың оларға деген сенімі мен құрметі артып, теріс ағымдарға бой алдырмасы анық. Болашақта ауылдық жерлерде дін тақырыбында семинарлар өткізу де жоспарда бар. Халықтың діни сауатын арттыру — елдегі діни тұрақтылық пен қауіпсіздіктің бірден-бір жолы.  Ал көпшіліктің діни сауатын арттыру — имамдардың тікелей жұмысы. Егер бұл бастама өз деңгейінде жүзеге асырылса, қоғамдағы барлық әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік бар. Өйткені тарихта мұсылман қоғамында барлық әлеуметтік мәселелер зекет құрылымдары арқылы шешіліп отырған. Бұл құрылымдар халық арасындағы тепе-теңдікті  сақтауға ықпал еткен. Шынын айту керек, қазіргі қоғамда халықтың көп нәрсеге сенімі азайып кетті. Оның негізі де бар. Ең бастысы, біз халықтың сеніміне ие болсақ, көптеген мәселе шешіледі деп ойлаймын.

— Бүгінгі күнге дейін Зекет қоры арқылы қандай әлеуметтік мәселелер шешілді?

— Қазірге дейін қор қызметкерлері ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып келді. Зекет қоры туралы интернеттен www.zeket.org.kz арнайы сайтымыз ашылды. Болашақта қор қаражатының есебі, жұмысы жайындағы толық ақпарат осы сайтта берілетін болады. Сайттың  «Зекет-калькулятор» , «Сұрақ-жауап» айдарларынан кез-келген адам өзіне қажетті ақпаратты алуға мол мүмкіндік туады. Зекет қорына деген халықтың сенімін арттыру мақсатында түрлі семинарлар мен кездесулер, таныстыру шаралары жүргізілді. Бүгінгі күні Зекет қорына ұялы телефон және терминалдар арқылы қаржы аудару ісінде құрылымдық жұмыстар жүргізілуде.

— Зекет қоры халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жұмыс жасайтынын айттыңыз. Сонда бұл іс қалай жүргізілмек?

— Қазір Қазақстанда ғана емес, көптеген мұсылман қоғамдарында Зекет қорлары жұмыс істейді. Көптеген елдерде зекет беру ерікті түрде жүзеге асырылады. Алайда Бахрейн, Кувейт, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия сияқты кейбір елдерде зекет міндетті мемлекеттік салық есебінде жүреді. Оларда зекет алу және тарату рәсімдерін реттеу жүйесі қалыптасқан. Сондай-ақ Еуропа, АҚШ-тағы мұсылман емес елдердің өзінде  мұсылман қоғамдарының ұйымдастырған Зекет қорлары бар. Бүгінгі күні осы қорлардың заманауи технологияларын қолдана отырып, кәсіби жұмыс істеу модельдерін қарастырып отырмыз. Болашақта осы қорлармен тығыз қарым-қатынас жасамақпыз.

— Қорға қаржы қалай және қандай жолмен аударылады?

—Елімізде Зекет қорына қаржы төлеу әркімнің өз еркінде. Зекет қорының тұжырымдамасы «Уақф» үлгісіне негізделеді. Бұл үлгі ислам экономикалық жүйесінің құрамдас бір бөлігі. Әзірге Зекет қорына қаржыны екі жолмен аударуға мүмкіндік бар. Ол —  банк және қарапайым төлем терминалдары. Банкте арнайы есепшотымыз бар. Болашақта әр облыстың өз есепшоты болады. Әр облыстың есепшотына түскен қаржат сол аймақтың игілігіне жұмсалмақ. Біз ОСМП, яғни QIWI тауар белгісімен төлем терминалдары жүйесіне қосылдық. Бүгінде осы жүйеде еліміз бойынша 13500 терминал халыққа қызмет көрсетуде. Терминалдарды түрлі сауда орындарынан, базарлар мен дүкендерден, вокзалдар мен жанар-жағармай құю бекеттерінен көруге болады. Ол үшін терминалдағы «Басқа қызметтер — қайырымдылық — Зекет қоры» деген бөліміне кіріп, қаражатыңызды аудара аласыз. Тағы бір айта кететін жайт, «Билайн» операторының абоненттері «2011» нөмеріне мәтінсіз хабарлама жіберу арқылы да Зекет қорына қолдау көрсете алады. Әр хабарламаның құны — 200 теңге.

— Аймақтағы өкілдердің міндеті не? Олардың жұмысы мешіттермен тікелей байланысты ма?

— Болашақта әр аймақтың жұмысын қадағалап, тексеріп отыратын қамқоршылар кеңесі құрылады. Олар өкілдікке келіп түскен арыз-шағымдар мен өтініштерді қарап, сараптайды. Зекет қоры арқылы сол аймақтың есепшотына түскен қаражатты қамқоршылар кеңесінің мүшелері қандай мақсатқа жұмсау керектігін шешіп отырады. Қамқоршылар кеңесінің құрамында шамамен оннан астам адам болады. Олар жергілікті жердің кәсіпкерлері мен қоғам қайраткерлері, халықтың мұңын түсінетін азаматтардан құрылмақ. Аймақтағы өкілдер орталыққа тікелей бағынады.

Сұхбаттасқан

Арайлым НҰРБАЕВА.

Зекеттің үкімі

Зекет — Ислам дінінде намаздан кейін орын алатын бес парыздың бірі. Өйткені, ол Құранның жиырма жеті жерінде намазбен қатар қайталанған. Зекет һижреттің екінші жылы Рамазан оразасынан кейін Шәууал айында парыз болды. Зекеттің парыздығы Құран, Сүннет, Ижмағпен дәлелденген.

 

Зекеттің пайдасы мен хикметі

—    Зекет берудегі басты мақсат — өзіне берілген толайым нығметті пенденің сезінуі әрі соған шүкір етуі. Бұл дүниеде Аллаһ Тағаланың әр құлына сынақ ретінде берер ырыздығы әр түрлі. Мәселен, біреулер төрт дүниесі түгел балқып-шалқып өмір сүрсе,  енді біреулер кедейлік тауқыметінен бас көтере алмай жатады. Шындығында бақыттың кілті байлық болмағаны сияқты, кедейлік те бақытсыздыққа себеп емес. Аллаһ Тағала әр пендесіне лайықты рызық-несібесін берген.

—    Зекет — әр түрлі апаттан, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан және кедей-кембағалдардың байлыққа деген іштарлығы мен қызғанышынан сақтайды.

—    Зекет — жағдайы нашар кедейлердің аяққа тұрып кетуіне, өмірден түңілмей әрі қарай тіршілік етуіне жәрдемдесуді қамтамасыз ететін ғибадат. Ол сондай-ақ, қоғамда міскіндікті жойып, қайыршылыққа жол бермеудің амалы.

—    Зекет — мүминді өзімшілдік пен сараңдықтан, дүниеқоңыздықтан айықтырып, қолы ашық жомарттыққа, кішпейілдікке тәрбиелейді. Өйткені адам баласының жаратылысында байлыққа деген қомағайлық пен қанағатсыздық, байлықтың буына мастанып, тәкаппарлану  сияқты жағымсыз әдеттер бар. Зекет — осы тәрізді рухани кеселдердің бірден бір емі.

—    Зекет — қоғамның бірлігін, бүтіндігін сақтайды.

—    Зекет — адамды жүректілікке, табандылыққа баулиды. Ол сондай-ақ байлықтың артуына да себеп. Өйткені, шайтан адамның көңіліне: «Егер зекет берсең, өзің аш-жалаңаш қалып, қиналасың», —  деп қорқыныш салады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button