Білім

Балдырған

Қанатты дос

Тағам талғамайтын таған

Таған — түсі көмірдей қап-қара, тек қана көк бурыл мойнағы бар құс. Оның таған екенін сол мойнағына қарап ажыратуға болады.

Тағанды ауылдық жерден де, қаладан да кезіктіруге болады. Ертеректе олар елді мекендерден, адам көзінен аулағырақ жүргенді қалайтын.

Әйтсе де олардың басым көпшілігі адам мекен-жайларына үйірсек келеді. Өйткені ұя салатын орын көп (шатыр, су мұнаралары, т.б.), әсіресе қыстыгүні жем табу да оңай.

Таған — жыл құсы емес, тек кейбір өңірлерде ғана қыс мезгілінде оңтүстікке қарай 200-300 шақырымдай қоныс аударатыны бар.

Көктем шығысымен тағандар өздерінің үйреншікті мекендеріне оралып, ағаш кеуектеріне, қора-қопсы қуыстары мен үй шатырларына салған ұяларын қайта жөндеуге кіріседі.

Таған бір ұяны бірнеше жыл бойы пайдаланады. Оған қара шұбар секпілі бар, 3-8 көкшіл жұмыртқа салады. Одан 16 күн дегенде балапан басып шығарады.

Таған оншама тағам талғап жатпайды. Кей кездері ғана бау-бақшаларды қарақтағаны болмаса, көбінесе әр түрлі қалдықтарды жеп күнін көреді.

Таған жапырақ жегі, зауза, бізтұмсық, зерқоңыз секілді ауыл шаруашылығына зиянды бунақденелілерді теріп жеп, пайда келтіреді.

Он дерек

…Қашан пайда болды?

 

Зонт — 1637 жыл, Людовик ХІІІ, Франция.

Тіс щеткасы — 1498 жылдар шамасы, Қытай.

Тіс протезі — біздің дәуірімізге дейінгі 700 жылдар шамасы, Этруски, Италия.

Мүгедектер арбасы — 1590 жылдар шамасы, Испания.

Интегральдық схема — 1958 жыл, Джек С.Килби, Америка Құрама Штаттары.

Интернет — 1969 жыл, Қорғаныс министрлігінің перспективалық зерттеулер агенттігі, Америка Құрама Штаттары.

Қалта калькуляторы — 1972 жыл, Джек Сент Клер Килби, Джеймс Ван Тасселл және Джерри Д.Мерримен, Америка Құрама Штаттары.

Графитті қарындаш — 1565 жыл, Конрад Геснер, Швейцария.

Картон — 1871 жыл, Альберт Джонс, Америка Құрама Штаттары.

Кассалық аппарат — 1879 жыл, Джеймс Ритти, Америка Құрама Штаттары.

 

Оқушының өлеңі

Бабалардың арманы

 

Тәуелсіздік — киелі сөз, ғажап тым,

Кеуде кере тыныс алған азат күн.

Оза шапқан сайын дала төсінде

Арғымақтай асау рухы қазақтың.

 

Тәуелсіздік — туған тілім ағылған,

Бойын жазып, күрмеуінен арылған.

Сөз мәйегі, тәрбиемнің бастауы —

Уыз нәрін жас өскіні сағынған.

 

Тәуелсіздік — терең тарих сырлары,

Бабалардың ақ арманы, мұңдары.

Қорған болған, құрбан болған ерлердің

Қаны сіңген қасиетті қырлары.

 

Тәуелсіздік — алтын қыран көгімде,

Еркін самға, елдік құсы, төрімде.

Елім — тыныш, шаңырағым — мызғымас,

Одан асқан бақыт бар ма өмірде?!

 

Темірлан ТҰРАШЕВ,

Ақтөбе қазақ-түрік лицейінің оқушысы.

Менің қорғаным

 

Тәуелсіздік, бұл — халықтың арманы,

Тәуелсіздік, бұл — халықтың қорғаны.

Тәуелсіздік, бұл — халықтың ұраны,

Қазақстан елі мәңгі тұрады.

 

Нұрдәулет ӘЛМҰХАНОВ,

Қарашоқат орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

 

Туған елім

 

Көкбайрағын желбіреткен,

Әнұраны елжіреткен,

Елім көкке самғасын,

Қос қанаты талмасын.

 

Ар-намысын таптатпаған,

Басынан жау аттатпаған,

Туған елім жайнасын,

Басынан бақ таймасын.

 

Ал-Мұхаддин ТҰРДАЛИН,

№39 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button