Білім

Үшінші конференцияның үздіктері

Сәуірдің 28-29-ында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Жас ғалым – 2009» атты облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталған шараға студенттер, магистранттар, аспиранттар, жас оқытушылар, ізденушілер, ауыл жастары қатысты. Конференцияның мақсаты – ғылымдағы жаңа бағыттар мен өзгерістерді саралау, жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін шыңдау, оларға бағыт-бағдар беру.

Сейсенбі күні конференцияның ашылу салтанаты өтті. Алғашқы сөз облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалинге берілді.

Ахат Мырзалин конференцияға қатысушыларды құттықтап, олардың еңбектеріне жеміс тіледі.

Айта кететін жайт, бұл шара биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Конференцияны ұйымдастырушылар – облыстық әкімдік, ішкі саясат басқармасы және Жас ғалымдар кеңесі. Облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы Алтынай Юнисованың айтуынша, жалпы 300-ге жуық жұмыс қабылданған. Оның 100-і үздік деп танылған.

– Облысымыздың алты ауданында жұмыс жасап жатқан жастар қатысып отыр. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында түрлі салада қызмет істеп жатқан жас ғалымдар да бар. Жалпы, тоғыз бағыт (физика-математика, филология, тарих, химия-биология, заң, экономика, медицина, т.б.) бойынша жұмыстар қабылданды. Сәуірдің 28-і күні секциялық мәжілістер жұмыс жасады. Әр секцияда 3 орын және 5 номинация («Жас дарын», «Жас ғалым», «Жас зерттеуші», «Жас ізденуші», «Ең өзекті тақырып») бойынша марапаттау тағайындалып отыр, – дейді А. Юнисова.

Кеше «Жастар сарайында» конференцияның жабылу салтанаты өтті. Сараптау жұмыстарының нәтижесінде 5 ізденуші І орынды иеленді: Әлия Аленова, Елтай Рахманов, Дәулет Сергеев, Аян Турекулов және Гүлайым Бисалиева.

Облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Жұмагүл Бисеналина жеңімпаздарды жетістіктерімен құттықтап, сыйлық табыс етті.

Гүжанат Піралина, Шалқар аудандағы №5 орта мектептің мұғалімі, ІІІ орын иегері:

– Бұл шараға бірінші рет қатысып отырмын. Конференция биыл үшінші жыл ұйымдастырылып отыр деген сөз – облысымызда жастардың болашағына елеулі назар аударылғандығының белгісі. Жастар өзінің талабының биік өресін осы жарыста көрсетуге тырысты.

Мен «Қазіргі қазақ тілінің жаңа семантикалық үрдістері» тақырыбында еңбегімді қорғадым. Онда тілдік қолданыста жүрген терминдерге басты назар аудардым.

Г. БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button