Басты жаңалықтар

Ақтөбе жәрмеңкесі — гендерлік саясаттың жемісі

«Қанатты әйел — 4» идеялар мен тауарлар республикалық жәрмеңкесінің ашылу салтанатына  ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова және облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.

— Биылғы жәрмеңке ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр. Жиырма жылдың ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен  әйелдерге арналып көптеген игі істер жасалды. Бағдарламалар мен заңдар қабылданды. Бүгін бұл жерге республикамыздың әр аймағынан көптеген іскер әйелдер жиналып отыр. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты —қоғамның гендерлік проблемаларына жұртшылықтың назарын аудару, ерекше талантты әйелдерді анықтау және насихаттау. Қатысушылардың бірі-бірімен пікір алмасып, өз идеяларын ұсынып, тауарларымен таныстырып, жұмыс нәтижесін көрсетуге мүмкіндігі бар. Әйелдер қауымы елімізде іске асырылып жатқан инновациялық бағдарламаларға да өз  үлестерін қосып келеді. Жәрмеңкеге қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін, — деді Гүлшара Наушақызы. Шараны ресми түрде ашық деп жариялағаннан кейін министр Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов көрме қатарларын аралап, әр қатысушының жанына тоқтап, тауарларымен танысты. Республиканың барлық аймақтарынан  келген жүзден астам бизнесмен ханымдардың қызмет көрсету саласы мен шығаратын өнім түрлері де сан алуан екендігі көрініп тұрды.

Шараның екінші бөлігі «Қазақстандағы гендерлік саясат: тәжірибе, проблемалары мен келешегі» атты конференциямен жалғасты. Конференцияға жан-жақтан келген қонақтар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия  мүшелері қатысты.

Конференцияда бірінші болып сөз алған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдегі гендерлік саясаттың дамуына тоқталды.

— Соңғы жылдары Ақтөбе республикалық және халықаралық деңгейдегі шаралар өтетін орталыққа айналды. Облыс — геосаяси жағынан да қолайлы  өңір. Инвестициялық-инновациялық  жобалар іске асырылуда. Ел экономикасының көшбасшысы ретінде танылып, отандық және  алыс-жақын шетелдік әріптестермен іскерлік қуаты жағынан да өрге басып келеді. Біз соңғы жылдары өндіріс пен өнеркәсіпті дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Республикалық деңгейде өтіп отырған бұл шара — өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы қарышты қадамдардың алғышарты. Бүгінгі жәрмеңкеге  іскер әйелдердің қолынан шыққан және олардың  идеяларынан туындаған дүниелер қойылып отыр.

Әйелдердің кәсіпкерлігі, экономикалық әлеуеті артып келеді. Олар өмірдің барлық саласында қызмет етеді. Мәселен, педагогтардың  70 пайызы,  медициналық қызметкерлердің  80 пайызынан астамы, бюджет саласындағылардың 60 пайызы — әйелдер. Біздің облыстағы аудан әкімдерінің орынбасарлары лауазымдарын, сондай-ақ мемлекеттік органдардың тізгіндерін де осы нәзік жандар ұстап отырған мысалдар жеткілікті. Ондаған әйел облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарда депутат. Олардың кәсіби шеберліктері, жан-жақтылығы мен қабілеттігі ешкімнен кем түспейді.

Бұл —  гендерлік стратегияның жемісі, оның оңды жүзеге  асып жатқандығын көрсетеді. Казір облыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің 40 пайызында әйелдер басшылық жасайды. Олар басқаратын кәсіпорындарда өндіріс қуатын арттыруға, қызмет сапасын жақсарту мен ұжымда оң ахуал қалыптастыруға  ерекше көңіл бөлінеді. Облыс әкімі тарапынан  іскер әйелдерге қай уақытта да заңды қамқорлық жасалып келеді. Мәселен,  соңғы жылдары  шағын және орта бизнес субъектілеріне жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетіліп, қаржылық көмек берілді.  Мысалы, ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы ауылдық жерлердегі  кәсіпкер әйелдерге 51,3 миллион теңге  көлемінде несие берілді. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы — 2020» және  басқа да бағдарламалар аясында 53 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Осындай қаржылық қолдау олардың кәсіпкерлік аясын кеңейтуге, материалдық базасын нығайтуға жол ашты.  Біз банк  және үкіметтік емес ұйымдарды басқаратын әйелдер қауымының кызметін жоғары бағалап келеміз, — деді Архимед Бегежанұлы.

Облыс әкімінен кейін мінбеге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әдбіқалықова шығып, еліміздегі гендерлік стратегияның іске асырылуы мен болашағы жайында  айтып берді. Давос форумының қорытындысы бойынша Қазақстан гендерлік саясатты іске асыру жөнінен 41-орында тұрған көрінеді. Бұл кейбір дамыған еуропалық елдердің алдында екендігімізді көрсетеді. Бүгінде әйелдер барлық салада белсенділік танытып, ортақ іске өз үлестерін қосуда. Ел экономикасындағы жалпы ішкі өнімнің 40 пайызы — әйелдердің үлесінде.

—  Гендерлік теңдік дамудың демократиялық жолын таңдаған  еліміздің мемлекеттік саясатының маңызды бөлігі болып табылады. Бүгінде елімізде гендерлік саясатты іске асыру мақсатында құрылған комитет  жұмыс істейді. Әйелдер мен балалардың құқын әлемдік  стандарттарға сай қорғайтын сараптама кеңестері барлық облыстарда  қызмет атқаруда. Әйелдердің жағдайын жақсартуға арналған ұлттық жоспар құрылды. 2010 жылы әлеуметтік зорлық-зомбылықтан сақтайтын және  ерлер мен әйелдер теңдігі жөнінде  екі заң қабылданды. Отбасын нығайтуға, балалардың құқын қорғауға мемлекет тарапынан маңыз беріліп отыр. Үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың көмегімен үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Елімізде  көшбасшы әйелдерді даярлайтын  67 ұйым жұмыс жасайды. Оған қоса,  өткен жылы мемлекеттік қызметке және  қоғамдық саяси жұмысқа араласып, лидер болатын әйелдерді оқытатын орталықтар ашылды. Қазір осындай клубтар 9 қалада жұмыс істейді.

Ауылдық жерлерде өз ісін ашып, еңбек нарығына, жалпы экономика саласына әйелдердің қосып жатқан үлесі зор. Әйел кәсіпкерлерді қолдау  бағдарламасы 2002 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорларының көмегімен 16 миллион  АҚШ доллары көлемінде қаржы берілді.  Әйелдерге бизнестің негізін үйрететін орталықтар да бар.

Әйелдер ең алдымен отбасының ұйытқысы болғандықтан, бірлікті сақтаулары керек. Отбасы — мемлекеттің қоғамдық-саяси іргетасы.  Отбасында оң көзқарастар қалыптасып, моральдық-рухани құндылықтар дамиды. Бүгінде  ата-ана мен балалардың арасындағы қарым-қатынас алшақтап барады.  Әке-шешенің жұмыстан қолы босамайды. Осыны қалпына келтіріп, балалардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіруіміз керек. Бұл бағытта да біраз жұмыстар жасалып жүр. «Отбасы фестивалі», «Әкелер слеті» секілді  шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бұған  отбасының барлық мүшелері қатысады,  — деді өз сөзінде Гүлшара Наушақызы.

Министр гендерлік саладағы әлеуметтік маңызды шараларға жылдан-жылға қаржының көптеп бөлініп жатқандығын мәлімдеді. Мәселен, бұл бағытқа 2005 жылы 1,5 миллион теңге бөлінсе,  өткен 2010 жылы қаржы мөлшері 33 миллион теңгеге жеткен.

Бұдан кейін конференцияға қатысушылар алдында ҚР Мәжілісінің депутаттары А. Соловьева, Ж.Асанов баяндама жасады. Кейін үлкен жиын басқа да баяндамашылардың  халықтың денсаулығы, тәрбие, ауылдық әйелдердің проблемалары,  қоршаған ортаны қорғау жөніндегі тақырыптармен жалғасты.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button