Басты жаңалықтар

Ислам — ынтымақ пен бірлік діні

Қазанның 14-і күні Ақтөбедегі Достық үйінде «Ислам — ынтымақ пен бірлік діні» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Дәстүрлі исламның ерекшеліктері мен құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысып, сөз сөйледі.

Конференция жұмысына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов төрағалық етті.

Жиынға Ақтөбе қаласы және барлық аудандар әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары, зиялы қауым өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов:

— Облыс басшылығы өңірдегі діни ахуал мен дінаралық келісім мәселесіне ерекше ден қойып, назарда ұстап отыр. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған және Рухани келісім күні қарсаңында өткізіліп отырған бұл шараның біз алға қойған үлкен мақсаттар жолында жұртты жұмылдыруға септігі тиеді деп сенемін, — деді жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде.

Мінбеге бірінші болып көтерілген ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі кезінде Ақтөбе жерінен асыл дініміздің қорғаны болған, айбары болған тұлғалар шыққанын атап өтті.

— Ислам дінінің қайраткерлері шыққан осы киелі өңірге бұдан бұрын да бірнеше рет келген едім. 2008 жылдың күзінде мұнда тарихи оқиғаға куә болдық: облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ашылуына екі елдің басшысы — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Дмитрий Медведев қатысты. Ал бүгін сол мешітте жұма намазына қатыстым. Халық өте көп жиналды. Ақтөбеліктердің дінге деген ықыласына ризамын, — деді Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Дінбасы конференцияға қатысушыларды ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен және алда келе жатқан Құрбан Айт мейрамымен құттықтады.

Ол еліміз азаттық алғалы 20 жылдың ішінде мешіттер қатары тез көбейіп, бүгінде 2500-ге жетіп отырғанын айтты.

— Бұдан жиырма жыл бұрын елімізде небәрі 68 мешіт болған еді. Олардың  күмбезі болса, мұнарасы жоқ, мұнарасы болса, күмбезі жоқ дегендей, ғимараттары да жадау еді. Тарих үшін көзді ашып-жұмғандай аз уақыт болып саналатын 20 жылдың ішінде сол 68 мешіт 2,5 мың болып көбейіпті. Бұл — үлкен жетістік. Бұл жетістікке біз Елбасымыздың салиқалы саясаты және халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің арқасында жеттік, — деді Дінбасы.

Тарих тереңіне үңіліп, ғылым мен білімнің дамуына исламның қосқан үлесі өте зор екенін атап өткен Әбсаттар қажы:

— Ислам дінінің дамуы мен өркендеуіне біздің ата-бабаларымыз өлшеусіз үлес қосты. Пайғамбарымыздың хадистерін жинастырған атақты тұлға — әл-Бухари бабамыздың еңбегін еске алсаңыз да жеткілікті! Ал Каирде Бейбарыс бабамыз салдырған медресе әлі күнге дейін бар, — деді.

Дінбасы өз сөзінде:

— Ислам — біздің ата дініміз. Бірақ біз — қазақпыз, араб емеспіз. Біздің өз жолымыз бар: ол — ата-бабаларымыз салып кеткен жол, Ханафи мәзһабы, — деп атап өтті.

Жиында, сондай-ақ, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің проректоры Шәмшедин Керім, осы жоғары оқу орнының деканы Мұхаммед Махфуз, белгілі дінтанушы, ғалым Асқар Сабдин, «Қазақстан қажылары қауымдастығы» діни бірлестігінің төрағасы Еркін Дуанаевтар баяндама жасады.

Конференцияны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қорытындылады.

Конференция соңынан республикалық «Зекет» қорының таныстырылымы өтті.

 

Индира ӨТЕМІС.

 

(«Ислам — ынтымақ пен бірлік діні» ғылыми-танымдық конференциясы туралы материал газетіміздің алдағы санында беріледі.)

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button