Басты жаңалықтар

Шағын несие — шын несібе

Министр «Жұмыспен қамту — 2020», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары бойынша елімізде Ақтөбе облысы ең қарқынды жұмыс жүргізіп жатқанын айтты

Ақтөбеге жасаған ресми іссапары кезінде еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының іске асырылу жайымен танысты.  «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамында өткен кеңейтілген мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова мен бірқатар басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары қатысты.

Бүгінде «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы — аймақтағы кәсіпкерлерге шағын несие беруді ұйымдастыру бойынша уәкілетті орган. Министрдің қатысуымен өткен мәжілісте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Серік Орынбаев аймақта  «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын баяндады.

«Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламысы үш бағытта жүргізіледі.   Бағдарламаның бірінші бағыты — өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және еңбек нарығында олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. Облыста қазір бұл бағытта бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда 3200 адамның жұмысқа орналасуына көмектестік. Сондай-ақ 1200 адам әлеуметтік жұмысқа тартылды. Бағдарламаның осы бағыты бойынша 1890 адамның кәсіби білім алуына жағдай жасап отырмыз, — деді ол.

Жеке ісін ауылдық жерде жүзеге асыруды қалайтындар үшін басымдық беретін бағдарламаның екінші бағыты бойынша да облыста атқарылып жатқан шаралар аз емес. Бүгінгі күні аймақта жеке ісін ашуға ниет білдірген 120 адамға шағын несие беріліпті. Биыл әрбір адамға берілетін несие құны — бір миллион теңге. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы арқылы аймақтың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мақсатында 60 миллион теңге қарастырылған.

Мәжілісте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Балмұханов шағын несие беру жұмысындағы бірқатар мәселелерді айтты.

«Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында облыс әкімдігі кәсіпкерлік саласы бойынша 352 ауыл кәсіпкерлері мен өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобын оқытуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта мемлекеттік бюджеттен 14,3 миллион теңге бөлінді. Бір айта кететін мәселе, ауылдық жерде өз кәсібін дамытуға ниет білдірушілер үшін шағын несие алуда қиындықтар туындайды. Өйткені, олардың кепілге қойған мүлкі несие беруші мекемелердің талабына сай келмей жатады, — деді ол.

Бұл мәселеге қатысты Гүлшара Әбдіқалықова былай деп жауап берді:

Әрине, ауылдықтар үшін шағын несие алуда қиындықтар туындайтынын түсінемін. Дегенмен, өз бизнесін жалғастырушылар үшін бұл мәселе соншалықты қиындық туғызбауы мүмкін. Бұл орайда Шығыс Қазақстан облысынан үлгі алуға болады. Несие серіктестігін құру арқылы олар осы мәселенің шешімін тауып отыр. Бұл — тығырықтан шығудың бір белгісі. Өсімсіз, кепілсіз несие берген кездерде оның қайтарымы нашар болды. Сондықтан қазір өз ісін дамытушылар үшін несиені кепілсіз алу мүмкін емес. Жыл соңына дейін «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты игеруге тырысыңдар. Өйткені, қазір осы бағдарлама аясындағы жұмыстарды еліміздің үш облысы —  Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан  аймақтары ғана жүзеге асырып жатыр. Дегенмен екі облысқа қарағанда Ақтөбеде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сондықтан Ақтөбеге деген сенімді ақтаңдар. Тағы бір айта кететін жайт, аймақта  «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы да белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс нәтижесі бойынша еліміздің өзге облыстарымен салыстырғанда Ақтөбе  алдыңғы орындардан көрініп жүр, — деді ол.

Жиналыста «Ақтөбе ауыл микрокредит» шағын несиелік ұйымының директоры Альфия Шарыгина бағдарламаға қатысушылар және олардың жұмысы жайында баяндады. Мәжіліске қатысушылар көкейінде жүрген сұрақтарға нақты жауап алды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button