Білім

Жетістіктер жолы — 15 жылдың жемісі

Мерей

Жақында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ашылғанына 15 жыл толуына орай аталмыш оқу орнында «Инновация және білім беру технологиялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды.

Университеттің президенті Бекежан Аханұлының айтуынша, оқу ордасы 15 жылдың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізген. «Біздің ұжым 15 жылдық мерейтойға үлкен жетістіктермен, соны жаңалықтармен жетіп отыр. Біз әрдайым университет студенттеріне заман талабына сай сапалы білім беру ісін жолға қойып келеміз. Бүгінде университеттің білікті ұстаздар қатары да толықты. Бұған дейін бірқатар оқытушыларымыз Қытайда, Америка Құрама Штаттарында оқып, тәжірибе алмасып қайтса, қазір бір оқытушымыз Польшада оқып жатыр», — деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова университет ұжымын мерейтоймен құттықтап, басшысына облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің Алғыс хатын табыстады.

Конференцияға арнайы келген Ресей Федерациясының Уфа қаласындағы М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры Алмас Мустаев Бекежан Аханұлына В.Сухомлинский атындағы медальді табыс етті.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық университетінің доценті Берік Құсайынов және жергілікті оқу орындарының басшылары мен бүгінде түрлі мекеме, кәсіпорындарда, банк саласында қызмет жасап жүрген университет түлектері мерейтой иелерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Конференцияда индустриялық-инновациялық тенденциялар және аймақтық экономика мен басқарудың даму келешегі, инвестициялық және аймақтық тәуекелдерді басқару және жоғары мектептегі білім беру жүйесін дамытудың әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық проблемалары қаралды. Сондай-ақ техникалық ғылымдардың қазіргі даму проблемалары мен келешегі, инновациялық жетістіктер жөнінде де сөз қозғалды. Сонымен бірге,  Батыс Қазақстанның дамуындағы экологиялық және әлеуметтік проблемаларды шешу жайы қарастырылды.

Конференцияға қатысқандар алты секцияға бөлініп, аталмыш тақырыптарды тренинг түрінде бірлесіп талқылап, өз ойларын ортаға салды.

Конференция аясында «Кіші Ақмолла оқулары» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізіліп, башқұрт ақыны, ағартушысы М.Ақмолланың қазақ даласындағы шығармашылық мұрасының этика-философиялық және филологиялық аспектілері талданды. М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Ахмад Сулейманов ақынның өлеңдерінің табиғаты, философиялық мән-мағынасы жайлы баяндап, өлеңдерінен үзінділер оқыды.

Сонымен бірге, екі университет басшылары екі арадағы достық және байланыс жөніндегі 2012-2017 жылдарға арналған келісімшартқа қол қойды. Бұл екі ел арасындағы достықты нығайтуға, жастарға білім беру ісінде тәжірибе алмасуға септігін тигізбек.

Конференция материалдары екі том болып жинақталып, жарыққа шықты.

Жанар НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button