Мәдениет

Тағдырлары табыстырған халықпыз

Өткен аптада облыстық «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының ұжымы  «Рахат» мейрамханасында «Тағдырлары табыстырған халықпыз» атты арнайы шара ұйымдастырды. Шараға облыстағы барлық  ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері қатысты.

Халықтар достығы мен бірлігін насихаттауға бағытталған арнайы  бағдарламаға келген әрбір ұлт өкілдері ұлттық дәстүрі мен тағамдары туралы әңгіме шертіп, ән мен биін көпке ұсынды.

Кешке  қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, орталықтардың жұмысына шығармашылық табыс тіледі.

Шара барысында келген қонақтарға  «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы туралы бейнематериал көрсетілді.  Бұнда телеарнаның жаңа жобалары мен бағдарламалары, тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі  айтылды. Телеарнадағы «Өмір өзен», «Көзқарас», «Інжу-маржан», «Ақтөбе және ақтөбеліктер», «Балдәурен» бағдарламаларының бүгінгі тынысы сөз болды.

Сол сияқты салт-дәстүр, мәдени мұраларды насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын «Мәдени мұра», ақпараттық-сараптамалық «Ел-айна» бағдарламалары туралы айтылды.

Қазір «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасын облыстың 114 елді мекені көре алады. Облыс  халқының 98 пайызы осы телеарна арқылы берілетін қала және облыс көлеміндегі жаңалықтар мен түрлі тақырыптардағы бағдарламаларды тыңдап, тамашалайды. Телеарнада қазір 5 студия бар. Барлығы жаңа заманғы техникалармен жабдықталған.

Халықтар достығына арналған кеш өте тартымды өтті. Жүргізушілер  Бибігүл Биманова, Әнуарбек Мырзатай, Алмира Бисекенова, Дидар Қошаманов жиналғандарға түрлі сұрақтар қойып, кешті жандандырып жіберді. Белгілі әнші Гүлсім Юсупова көпшілікке «Ақтөбе» әнін тарту етсе, «Аққу» би ансамблінің балғын бишілері әр халықтың биін биледі.  Бағдарлама барысында әр түрлі ұлт өкілдері өз өнерлерін ортаға салды. Мәселен, ұйғыр ұлтының азаматы Сабыржан Заид «Тойнама» әнін шырқаса, өзбектер ұлттық биін биледі.

Шараға қатысқан Қазақстан корейлері ассоциациясының  Ақтөбе филиалының өкілі Клава Панды әңгімеге тартқанбыз.

Корейлер Қазақстанға 1937-38 жылдары келген. Сол жылдардағы қуғын-сүргінде менің де аталарым қоныс аударуға мәжбүр болыпты. 2007 жылы Қазақстанға келгенімізге 70 жыл толу мерекесін кең көлемде тойладық. Бұған облыс әкімі Елеусін Сағындықов қатысты. Қазір өңірде ресми дерек бойынша 1500 корей тұрады.

Ал өзім Ақтөбеде туып-өстім. Жолдасым қазақ. Екі қызым мен немерелерім бар. Қазақтың салт-дәстүрін бір қазақтай білемін. Тіпті, қазақтың ұлттық тағамдарын да дәмді қылып дайындаймын. Ал бағдарламаға корейлердің ұлттық тағамын әзірлеп әкелдім. Жалпы, біздің ұлт асты дәмдеуішсіз пісірмейді. Мәселен, тұзсыз, суға пісірілген ботқа, яғни павиді корейлер нан орнына жейді. Егер павиді «Хе» салатымен қосып жесе, дәмі тіл үйіреді. Корейлер ащы тағамдарды жақсы көреді. Бұл біздің ұлттық ерекшелігіміз болса керек.

Ащы соус, түрлі дәмдеуіш қосылған ет те корей дастарқанының сәні екені рас, – дейді Клава Пан.

Сондай-ақ, корейлер «Тано», «Чосон» мерекелерін тойлайды. Мәселен, «Тано» «егін егу», ал  «Чосон» «егін жинау» деген мағынаны білдіреді екен.

Ал шараға  қатысқан «Назугум» ұйғыр ұлттық-мәдени орталығының өкілдері де өз өнерлерін ортаға салып, ән мен биін жиналғандарға тарту етті.  Ұйғырлардың ұлттық тағамы туралы әңгімелеп берді.

Ұйғырлар мантының үш түрін жасайды. Оның ішінде сәбіз қосылған, буға пісірілген түрлері бар. Сонымен бірге нанның түрін пісіреді. Мәселен, гуаш, жота нандарының дайындалу әдісі әр түрлі. Ортасына ет салып пісірген гуаш нан нағыз жеңсік ас болса, қазан кәуаптың дәмі де тіл үйіреді.  Ал «Чебан ру» салаты ұйғыр дастарқанының сәнін келтіреді. Бұған түрлі жапырақтар мен дәмдеуіштер қосылады.

Жалпы, ұйғырлар ас әзірлеуге ерекше мән береді,-деді орталық жетекшісі Тилапжан Ибрагимов.

Облыстағы ұйғыр ұлттық-мәдени орталығы 2006 жылы ашылды. Қазір орталықта 25 адам бар.

Ал Тілепжан Ибрагимов 1980 жылы Алматыдан Ақтөбеге  жолдама арқылы келіпті. Алғашқы еңбек жолын Қобда ауданы Қазақстанның 30 жылдығы ауылынан бастаған.

1990 жылдарға дейін мал дәрігері, кейін ұжымшар басшысы қызметін атқардым. Еңбектегі жетістіктерімнің барлығы осы өңірмен тығыз байланысты. Қазір «Қазақстанның 30 жылдығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарамын. Негізі кәсібім -астық, мал шаруашылығы. Қолда бар шаруаны үйлестіріп, серіктестік жұмысын жүргізіп келемін.  Ал зайыбым мұғалім, қызым мен ұлым жоғары оқу орнында оқиды. Бағдарламаға отбасымызбен келдік. Осы орайда  бірнеше ұлттың басын біріктіріп, татулықтың үлгісіне айналған қазақ халқына ризашылығымды білдіре отырып, барлық қазақстандықтарды мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбасыларына береке, бірлік, ынтымақ тілеймін,-деді орталық жетекшісі.

Өзбектің «Согдиана» ұлттық-мәдени орталығынан келген өкілдер де дастарқандарын тағамға толтырыпты. Мәселен, тандыр нан, қатлама, самсаның түрлері, курдегул, патыр нан, қазан кәуап, палау секілді тағамдары келгендердің қызығушылығын тудырды.

Бағдарламаға қатысқан өзге де ұлттың өкілдері жүргізушілер қойған сұраққа жауап беріп, салт-дәстүрлері мен өнері және  жексенбілік мектептер төңірегінде әңгіме қозғап, өз ойларын ортаға салды.

Ал шараны  ұйымдастырушылардың бірі  «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы директорының орынбасары Жақсылық Айжанов «Рахат» мейрамханасының кездейсоқ таңдалмағанын жеткізді. Себебі, мейрамхана іші қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен безендіріліпті. Әрі қызметшілердің барлығы ұлттық киім киіп, ана тілімізде еркін сөйлейді. Сондықтан бағдарламаны осы орталықта өткізуді жөн көріпті.

Жалпы, бұл «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының қолға алған  алғашқы жобасы емес.  Мәселен, Наурыз мерекесінде әр түрлі сала өкілдерінің қатысуымен Дәстүр үйінде өткен кеш көпшіліктің әлі есінде. Осындай шара Жеңіс күні де жалғасын табады. Бұл күні Ұлы Отан соғысы ардагерлері шақырылып, арнайы бағдарлама дайындалады.

Әр мереке, атаулы күндерді ескерусіз қалдырмайтын телеарна  ұжымы 1 мамыр мерекесі күні де өзге ұлт өкілдерінің хабарларын көрермендерге ұсынады. Мереке қарсаңында арнайы хабарлар әзірленіп, бағдарламалар түсіріледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button