Мәдениет

«Ырғыздан артық жер жоқ»

Екатерина Забродина осылай дейді

Халқымыздың қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі – бауырмалдық. Қашан да жатсынбай, баршаның баласын бауырына басқан мейірбан елдің тілегі – ынтымақ, бірлік, ауызбіршілік. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп даналық танытқан дарқан қазақ жерінде қаншама ұлт өкілі бір атаның балаларындай өмір кешуде.

Асау тағдырдың дегеніне көніп, дәм-тұз айдап келіп, бүгінде іргелі елге айналған басқа ұлт өкілдері біздің ауданымызда да жетерлік. Солардың бірі – бүкіл ырғыздықтарға белгілі Забродиндер отбасы.

Мен туған Қалыбай ауылының 1970 жылы іргетасын қаласып, 1992 жылға дейін осы ауылда тұрған Забродиндер отбасымен балалық шағым біте-қайнасып өсті. Отағасы Александр (Сашка) Забродинді біздің өңірде білмейтін адам кемде-кем. Себебі он саусағынан өнері тамған Александр қандай құрылыс жұмыстарының болмасын басында жүрді. Ал зайыбы Екатерина бүкіл ауылды аузына қаратқан ісмер, пісірген тамағының дәмі аузыңнан кетпейтін аспаз, қысқасы, қолынан іс келетін бесаспап болатын. Сол жылдары бәліш, самса жеу үшін бүкіл ауыл баласы осы үйдің айналасынан шықпайтынбыз.

Александр мен Екатерина дүниеге төрт бала әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Отбасында өз ана тілдері – орыс тілінде сөйлегенмен, қазақ тілін одан артық білмесе, кем білмейтін.

Үлкен қызы Татьяна мен менің құрдасым Женька мектепті бітірерде қазақ тілінен мемлекеттік емтиханды 5-ке тапсырып, жұрттың бәрін таң қалдырған. Сонымен қатар, балаларының бәрі алғыр, еңбекқор болып өсті. Мысалы, үлкен қызы мектепті жақсы аяқтап, комсомол-жастар шопандар бригадасында еңбек етіп, 1986 жылы республикалық әйелдер съезіне делегат болып қатысты. Ал ұлдары болса техниканың жігін жіктейтін бесаспап болды. Міне, осы отбасы мүшелері 1992 жылы отағасы Александр қайтыс болғаннан кейін бір күнде Ресейдің Чита қаласына көшіп кетті. Содан кейінгі бұлардың тағдырына жалғыз мен емес, бірге тұрған бауырларындай болып кеткен бүкіл ауыл тұрғындары алаңдаулы болатын.

Кейіннен бұл отбасы барған жерлерін жерсінбей, Қызылжар селолық округінің орталығы Құрылыс селосында тұратынын естігенбіз. Жуырда сәті түсіп Катя апайдың отбасында болып, әңгімеге тартқанмын. Мені көріп, көз жасын сығып алған Катя апай өз ойын былайша сабақтады:

– Менің ұлтым – башқұрт. 1952 жылы Уфа қаласында дүниеге келгенмін. Мектеп бітіргеннен кейін дәм-тұз айдап Ақтөбе қаласына келіп, жұмыс істедім. Жұмыс істей жүріп, Ресейдің Чита қаласынан осында жолдамамен келген Александрмен танысып, 1968 жылы тұрмыс құрдым. Осы жылы бізді жолдамамен Шалқар қаласына жіберді. 1970 жылы күзде Ырғыз селолық округіне қарасты Қалыбай ауылының іргетасы қаланып, сонда құрылыс салуға бардық. Кейін сол жерде қоныс тептік. Біз Қалыбай ауылында 22 жыл тұрдық. Менің және Александрдың қызықты жастық шағымыз осы ауылда өтті. Бүкіл балаларым осы ауылда дүниеге келді. Туғанымдай болған замандастарымды әлі де сағына еске аламын. Кеңес үкіметі күйреп, егемендігіміздің алғашқы жылдары 1992 жылы жолдасым қайтыс болып, сол жылы Александрдың тумалары қоярда-қоймай Читаға көшіріп алып кетті. Чита қаласының ортасынан саяжайымен үй алып берді. Бәрімізге жұмыс табылды, жалпы, өмір сүруге не керек, бүкіл жағдай жасалды. Бірақ естіген жан қазіргідей заманда күлуі әбден мүмкін, біз ол жақты жерсінбедік. Балаларымның үйренісе алмағаны былай тұрсын, өзімнің ішкі жан дүнием ауылды аңсады да тұрды. Сөздің қысқасы, 1993 жылы бір жыл бір ай дегенде Қызылжар селолық округінің орталығы Құрылысқа көшіп келдім. Келгеннен соң Жаңаберген есімді кісімен бас қостым. Ақтілек деген ұлымыз бар. Үлкен қызым Татьяна күйеу балам Телағыс екеуі бөлек тұрады. 7 қыз,1 ұлы бар. Татьяна – «Күміс алқаның» иегері. Женькам былтыр Ақмарал есімді келін түсірді. Одан бір немерем бар. Ал қалған екі ұлым Алик пен Леонид қолымда, жұмыс істейді.

Леонид – қазір бүкіл ауданға белгілі азамат. Талай жарыстарға қатысып, қазақша күрестен, қол күресінен жүлделі орындарды жеңіп алып жүр. Жалпы, менің түсінігім бойынша, жалындаған жастық шағың қай жерде өтсе, сол жер ыстық болады екен. Мен қазір өткен өміріме өкінбеймін. Зейнеткерлік демалыстамын, балаларым ер жетті. Ендігі жерде балаларымның тілеуін тілеп, немерелерімнің қызығын қызықтап өмір кешсем, маған бұдан артық бақыттың керегі де жоқ.

Әрине, бұл – ұлты башқұрт болса да, бүкіл өмірін қазақ елінде өткізіп, қазақы болмыс-бітімді бойына сіңіріп өскен Катя апайдың өскен жерге, елге деген махаббатының шексіздігі. Лайым, қазіргідей заманда қазақы дарқандық пен даналықты ту етіп, бейбіт өмір кешкенге не жетсін!

Т.БЕКЖАНҰЛЫ,

Құрылыс ауылы,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button