Білім

Балдырған

Тәуелсіздік

Бақыттың кілті

Кәрі мен жас түгел қуанысып, еліне де, жеріне де өзі ие екенін айтысып, мәңгі бақи осылай тұра берсе деген ниет білдірген уақытқа да жиырма жыл толғалы отыр.

Тәуелсіздік — қасиетті сөз, бүкіл алаштың қазіргі бостан болмысын бойына сыйдырған абыройлы ұғым. Сан жылдар бойы елі мен жерін ат жалында жүріп қорғаған бабамыздың, ақ жаулықты анамыздың асыл арманы. Бұл арман тағдырдың сан қилы сынағынан сүрінбей өтіп, намыс туын жықпай, азаттық жолында жанын пида еткен қазақ баласының қанымен орындалған арман. Сондықтан да бүгінгі таңда біздер үшін туған ерлері халық қамын ойлап, шаңырағымызды шайқалтпай, ес жиып, етек жауып жатқан тап осы күні бізден бақытты қандай ел бар.

Бейбіт заманда таңымыз арайлап атып, еліміздің ертеңі үшін бақытымыз құлшынып көбейіп келеді. Әнұранымыз шарықтап, көк байрағымыз желбіреп тұр. Қазақстан аз жылда төкен терінің, өзінің қажырлы еңбегінің арқасында жер бетіндегі барлық елді мойындатып, әлемнің сегізінші кереметіне айналып келеді.

Мен болашақта бұдан да көп жақсылықтар болады деп сенемін. Себебі біз талай қиындықтарды жеңген алыптардың ұрпағымыз. «Ел мен үшін не істеді» деп сұрамай, «ел үшін мен не істей аламын» деген мақсатты ұстансақ, болашағымыздың кілті өз қолымызда. Сол кілтпен ХХІ ғасырдың дұрыс жаққа қараған қасиетті есігін ашып, барыс бейнелі болашақтың еңесесі биік, өзгелермен терезесі тең азаматы, маңдайы жарқыраған бақытты елі боламыз деп сенемін.

Аида СЕРІКБАЙ,

Северный орта мектебінің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Он дерек

…Қашан пайда болды?

 

Динамит — 1867 жыл, Альфред Нобель, Швеция.

Осы заманғы сағыз — 1870 жылдың шамасы, Томас Адамс, Америка Құрама Штаттары.

Темір (өндіру) — біздің дәуірімізге дейінгі ХІV ғасыр, Хет жұрты, Кіші Азия.

Темірбетон — 1867 жыл, Жозеф Монье, Франция.

Сұйық кристалды дисплей — 1963 жыл, Джордж Хейльмейер, Америка Құрама Штаттары.

Құлып және кілт — біздің дәуірімізге дейінгі 2000 жылдардың шамасы, Месопотамия.

Азық-түлікті тоңазыту — 1924 жылдың шамасы, Кларенс Бердсей, Америка Құрама Штаттары.

Электрлі қоңырау — 1831 жыл, Джозеф Генри Олбани, Америка Құрама Штаттары.

Оптикалық дыбыс жазу — 1920 жыл, Ли Де Форест, Америка Құрама Штаттары.

Айна (шөлмек) — 1200 жылдар шамасы, Италия (Венеция).

 

Қанатты әлем

Таудың қауырсынды тұрғыны

Қазақтың «Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» — деген қанатты сөзі тегін айтылмаған.

Ұлар — таудың 2100-4500 метр биігіндегі шыңдар мен құздарды мекендейтін құс. Денесі ықшам, мойны қысқа, басы кішілеу, қауырсыны өзінің мекендеген жерінде өсетін өсімдіктермен реңдес, арқа жағында аздап байқалатын ақ жолақтары бар сұрғылт, желкесі мен мойны көк сұр, тамағы мен мойнының екі жағында қызыл қоңыр қауырсынмен көмкерілген ақ жолақтары болады.

Ұлардың салмағы шамамен 2-4 килограмм болады. Еті тығыз әрі дәмді келеді.

Ұлар Қазақстанда Тарбағатай, Сауыр, Жоңғар, Іле Алатауларында кездеседі. Қыс айларында қылқан жапырақты орман-тоғай маңын мекендеп, жазда тау басына көтеріліп кетеді.

Ұлардың мекиендері мамыр айында жұмыртқалай бастайды. Тоғыздан он алтыға дейін жұмыртқа салады. Оны мекиені 30 күндей басып балапан шығарады. Балапандары ширақ, жұмыртқадан шығысымен енесінің соңына еріп жүре береді.

Ұлар әртүрлі дәнді дақыл, шөп өсімдіктерінің дәнімен, жапырағымен, насекомдармен қоректенеді.Әсіресе, қияқ, көде, альпі қоңырбасы, жуа, кекіребас, беде, қарамық сияқты өсімдіктерді ұнатады. Қыста он-он бестен топтанып жүреді.

Ұлардың жауы — бүркіт, ителгі, лашын сияқты қыран құстар. Кейде ол барыстың да тырнағына ілігеді. Әрине, ұлардың кәсіптік маңызы жоқ. Биік шың, құзда тіршілік ететін бұл құсты аулау аса ептілікті және өте көп уақытты талап етеді.

Ұлар — «Қызыл кітапқа» жазылған құс.

 

Оқушының өлеңі

Қазақстан

 

Қазақстан — байтақ өлкем, кең далам,

Бәрінен зор көрінесің сен маған.

Бейбітшілік, бақыт, шүкір, бәрі бар —

Құт-береке, әділдік Һәм тең қоғам.

 

Қазақстан — өз Отаным, жыр-әнім,

Азаттық пен бірлік болған ұраның.

Жаса мәңгі, кең тамыр жай әлемге,

Мейірімін төге берсін шуағың.

 

Гүлсезім СЕРІКБАЕВА,

Еңбекту орта мектебінің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Сөзжұмбақ

БІЗДІҢ ШАҺАР

бАқбақ

Қауын

шегірТке

кӨмір

күнБағыс

жЕміс

 

1. Үлпілдеген қалпағы,

Ескен желден қорқады.

2. Үй жанында көгенде

Жатар бір зат жалықпай.

Сарғыш шапан кигенде

Жесең дәмі қанттай.

3. Ақ басты,

Бөкен саны бар,

Секіреді қояндай,

Таусылмайтын әні бар.

Не мақұлық?

Танып ал.

4. Қара үңгірде қара тас,

Жанғанда бетті қаратпас.

5. Ол Күнді күзетеді,

Күн оны күзетеді.

6. Бұтаққа ілініп тұрамын,

Піскенде себетке құладым.

Құрастырған Айтұрсын АРТЫҚАЛИЕВА,

Бершүгір орта мектебінің оқушысы.

Шалқар ауданы.

«Балдырғанның» өткен санында (6.10.2011) жарияланған сөзжұмбақтың жауабы:

1. Қазақстан. 2. Қаламсап. 3. Қуыршақ. 4. Қарбыз. 5. Қасық. 6. Қара. 7. Қаз. 8. Қу

 

Мен салған сурет

БАҚЫТТЫ ШАҚ

Суретті салған Аружан ВЛАДИМИРОВА,

Шұбарши орта мектебінің оқушысы.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button