Мәдениет

«Урарту» – ұлттың ұйытқысы

Ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері бас қосқан таяудағы жиындардың бірінде Гайк Тертерян өзара ынтымақтастық, бірлік мәселесіне байланысты өз пікірін орнықты  етіп айтты. Бейбіт заманның өзінде де бауырластарының қырғи қабақ тірліктен көз ашпаған өмірі шалғайда жүргенімен оны да мазасыздандыратын болар, сірә.

Сонымен бірге ол өмір көрген, талайды бастан өткерген тәжірибелі адам ретінде ұлттық құндылықтарға да көп көңіл бөледі.

– Әрбір адам өз халқының мәдениетін біліп, бағалай білуі тиіс, – дейді Гайк Вардгесович, – онсыз тамырынан айырылған ағаштай күн кешесің. Өз ұлтыңды сүю үшін оның тарихымен, табиғатымен, бабалар еңбегімен мақтану аз, өзің де үлесіңді қоса білуің қажет. Сонда ғана өзге ұлтты бағалап, олардың салт-дәстүрін ұғына аласың.

Армян халқы өзінің үш мың жылдық тарихында ұлттық ерекшеліктерін байытып, барлық игіліктерін сақтап келеді. Мұны Ақтөбедегі «Урарту» ұлттық-мәдени орталығының күнделікті тіршілігінен де айқын сезінесіз.

Армян қауымдастығы он екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде өз тарихи Отанынан шалғайда тұрып жатқан бауырластар қым-қиғаш қанды соғыстан көз ашпаған қандастарының өміріне өкініш те білдіреді.

Қазіргі уақытта ұлттық-мәдени орталықтың қолдауымен көптеген ақтөбелік армяндар бизнесте, мәдениет пен спортта ірі жетістіктерге қол жеткізді, адал еңбектерімен басқа ұлт өкілдері арасында құрметке бөленді.

«Урарту» ұлттық-мәдени орталығы жанында қазіргі уақытта жексенбілік мектеп жұмыс істейді, мұнда жиналғандар білім беру бағдарламалары арқылы қауымдастық алға қойған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асырады. Мектеп оқытушылары Нано Барегамян және Лия Давтян жас ұландарға армян тілдерін ғана үйретіп қоймайды, сонымен бірге ұлттық салт-дәстүрлерді, бабалар тарихын үйретеді. Ал «Урарту» би ансамблі «Шалахо», «Кочари», «Берба» сияқты халық билерін нәшіне келтіре орындап, көрермендерге ерекше құштарлық сезімін тудырады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button