Мәдениет

«Назугум» – батыр қыздың есімі

Тілепжан Ибрагимов:

Тілепжан Ибрагимов – кеңестік дәуірдегі жоғары оқу орнының түлегі. Сол уақыттың талабына сәйкес 1980 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітірген соң, жолдамамен Қобда ауданына жол тартты. Өзімен қатар оқыған Мұхтар Жұмағазиев, Алпысбай Өтепов сынды жігіттермен бірге келген соң ба, мұнда тез үйреніп кетті. Әйтпесе сонау Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының Кетпен деп аталатын ауылында туып-өскен адамға алыстағы Ақтөбеге аттану алғашқыда көңілін қобалжытқаны да рас.

Сол кезде «Қазақ ССР-ның 30 жылдығы» атындағы ұжымшардың бас мал дәрігері қызметіне кіріскен оның туып-өскен жерін, кешегі алаңы аз студенттік күндерін ойлап жатуға уақыты да болмай қалды. Сағатпен өлшенбейтін ұжымшардың қарбалас жұмысы өз иірімімен дөңгелентіп алды да кетті. Студент кездегі ақ көйлек, әдемі галстукты төрге іліп қойды да, ыңғайлы жұмыс киімімен шаруа адам болып шыға келді.

Бас мал дәрігер болып он жылдың үстінде талай сыннан өткен Тілепжан Ибрагимов 1991-1997 жылдары ұжымшар басқармасының төрағасы болып қызмет атқарды. Одан кейін жекешелендіру басталғанда, сол шаруашылық ізінен бой көтерген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тізгінін ұстады. Серіктестік ұжымшар негізіндегі көп шаруаны ары қарай жалғастырып, елдің іргесі көтерілмеуіне, ауылдың ажары кетпеуіне көп көңіл бөлді. Қазіргі уақытта ғана серіктестікте екі жүзге жуық адам еңбек етеді. Науқандық жұмыстар кезінде жұмыс күшіне сұраныс одан да көбейеді.

– Биыл он үш мың гектардай алқапқа егіс саламыз ба деп отырмыз, – дейді Тілепжан, – Екі егіс кешені жұмыс істейді, қосымша комбайндар сатып алмақшымыз.

Қазағы мен орысы, украины аралас ауылда ұлт сұрасып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, қатар жүрген жігіттердің өзі Тілепжанның ұйғыр екенін күні кешеге дейін білмеген де сияқты.

2006 жылы құрылған «Назугум» ұйғыр мәдени-ұлттық орталығының жетекшісі болып тағайындалуы Тілепжанның қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысуына кеңінен жол ашты. Ақтөбе өңірінде қазіргі уақытта ұйғырлар онша көп емес, оның есебі бойынша жиырма бестің  шамасы. Дегенмен сол барының басын біріктіріп, ұлттық құндылықтарды өрістетіп, мәдени шаралар ұйымдастырып, салт-дәстүрлерді сабақтастырып отырғанға не жетсін?!

Тілепжанның зайыбы Гүлзарам кезінде Алматы шетел тілдері институтының ағылшын тілі факультетін бітірген. Міне, отыз жылға жуық уақыт бойы өздері тұратын Калиновка ауылының балаларын ағылшынша сөйлеуге баулып келеді. Жарасты отбасында екі ұл, бір қыз өсіп, қанаттануда. «Бұлардың үшеуі де таза Ақтөбенің балалары, осында Қобда өңірінде дүниеге келді», – деп күледі Тілепжан. Олардың үлкені Әзиз екі жоғары оқу орнын бітірді, қазір кандидаттық қорғау жолында ізденісте жүр. Фариздің мамандығы – заңгерлік, ол облыстық прокуратурада қызмет атқарады. Кішісі Наргиза анасы білім алған халықаралық тілдер институтында 2-курста оқиды.

Отбасына қонақ келгенде Гүлзарам міндетті түрде ұйғырдың ұлттық тағамдарын дайындайды. Оның дастарқанын көрген адам лағман мен мантының тіл үйірген дәмін көпке дейін ұмыта алмайды.

Тілепжан Ақтөбе тәжірибе стансасында көп жылдан бері еңбек ететін ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Юлдаш ағамен байланыс жасап тұратындығын айтады. Ақтөбе өңірінде бағбандықпен аты шыққан Юсуповтар әулетін де біраз адамдар жақсы біледі.

– Назугум – ұйғырдың халық арасынан шыққан батыр қызының есімі. Қай халықта да анаға, қыз балаға құрметпен қараған ғой. Біздің ұлттық-мәдени орталығымыздың аталуында осындай ізгі ниет жатыр, – дейді Тілепжан Зайнединұлы.

…Бір қызығы, нақ бүгін, яғни 30 сәуір біздің кейіпкеріміздің дүниеге келген күні. Амандық болса, ол биылғы Мамыр мерекесіне елу үштің қақпасын қағып кіреді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button