Мәдениет

Әнші Ажар

Редакцияға өзін Ажар Сейтенова деп таныстырған қонақ келді. «Кіндік қаным тамған жерім Батыс Қазақстан облысы, бірақ ендігі жерде Ақтөбені де туған жерім деп есептеймін», — дейді. Себебі бар екен.

… Ажар талай байқаудың бәйгесін бермей жүрген кәсіби әнші. Ол республикалық Мұхит Мералыұлы атындағы байқаудың лауреаты, «Мен ақсұңқар құстың сойы едім…» атты Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған республикалық жыршылар байқауының арнайы жүлде иегері, Қаламқас Орашеваның 50 жылдығына орай қыз-келіншектер арасында өткен байқаудың лауреаты, Ақтау қаласында өткен Сәттіғұл Жанғабыловтың 150 жылдығына арналған халықаралық байқаудың дипломанты, Әміре Қашаубаев атындағы VІ республикалық байқаудың, Ғ.Құрманғалиевтің 100 жылдығына орай өткізілген республикалық байқаудың т.б. жүлдесіне ие болған. Әншінің репертуарында халық әндері, Мұхиттың, Ғарифолланың әндері көп. «Қазақ» радиосының алтын қорында Ажардың орындауында 30-ға жуық ән-термелер сақталған. Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі, 1000 әні» жобасы қолға алынып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қазақтың 1000 күйі мен дәстүрлі 1000 әнінің бүгінгі заманға сай сандық форматта жазылған антологиясы жарық көрген болатын. Осы жинаққа Ажардың орндауындағы әндер де енді.

— Жақында Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауылын аралап, жеке концертімді өткізіп келдім. Қараоба деген жерде Дина Нұрпейісованың туған жиені тұрады екен. Соның көрсетуі бойынша Дина апамыздың қызы Әсемқоңырдың басына барып, құран оқытып қайттым. Махамбеттің «Жұмыр, Қылыш» атты күйінің кейіпкері де сол жерде жатыр екен, оған да бардық, — дейді Ажар.

Ол Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда дәстүрлі әнші Сәуле  Жанпейісованың, кейін Айгүл Қосановалардың класында оқыған. Баласы да анасының жолымен музыкалық мектепте оқып жатыр. Домбырада, пианинода ойнайды. Әсіресе қобызды шебер тартады екен. Оны айналасындағылар «Кішкентай Қорқыт» деп атайды деседі.

Ажар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол қазір Алматыдағы «Бейбітшілік әлемі» қазақ творчестволық бірлестігінің батыс өңірі бойынша өкілі. «Қазақстан әйелдері», «Түркі әлемі», Қытай қазақтарына тарайтын «Шалқар» басылымдарына мақалалар жазып тұрады, жас әншілерді өнерге баулиды. Жақында Қытай қазақтарының көмегімен бірнеше бейнебаян түсіріп келгендігін айтады.

— Жақын күндері Атырауда тұратын анама сәлем беріп қайтайын деп жолға шыққанмын. Поезда Түркістаннан Ақтөбеге жеткенше жаным қиналып, қатты ауырдым. Ақтөбелік дәрігерлер жолдан түсіріп алып, дереу ота жасады, қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Жергілікті газетке арнайы келіп, сол күні маған жедел көмек көрсеткен дәрігерлерге — Нағашыбай Ақатаевқа, Әлия Жанғалиеваға және Қуандық Шамекеевке, Ая Бимурзаеваларға зор алғысымды білдіргім келді. Әсіресе, ерекше қамқорлығын аямаған Нағашыбай Ақатаевқа үлкен рахмет. Өліп-тірілдім, өмірге қайта келгендей болдым десем де болады, сондықтан… Ақтөбені ендігі жерде екінші туған жерім деп есептейтін боламын, — дейді Ажар.

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button