Денсаулық

Купероз қандай ауру?

Адам купероз ауруына шалдыққан кезде бет пен мұрынның айналасындағы ұсақ қан тамырлары білеуленіп, бет терісі қызарады. Ауру күш алған сайын қызару белгілері тек мұрын үстіне  ғана емес, мойынға, жаққа, иек астына қарай таралады. Қызарған жерлер қышып немесе қабынуы мүмкін. Ұсақ тамырлар өзінің көлемін ұлғайтады. Уақыт өте келе бетте безеу және  қызыл бүртіктер пайда болады. Егер ауру асқынса мұрын  ісіп кетеді. Алайда купероз қауіпті ауру емес. Бірақ адамның ұсқынын кетіріп,  қоғамдық орындарда ыңғайсыздық туғызуы мүмкін. Ауру дерматологиялық және косметикалық емдеуді қажет етеді.

 

Ауру неден пайда болады?

 

Ауру қан тамырларының кеңеюі мен тұқым қуалаушылыққа және  гормоналды өзгерістерге байланысты пайда болады. Қан тамырларындағы қанның іркілуіне әкелетін кез-келген фактор куперозға шалдықтыруы ықтимал. Егер генетикалық тұрғыда тамырлар әлсіз болса, ағзадағы аздаған өзгерістердің өзі тамырдың жарылуына әкеледі. Ал ұсақ тамырлар температураның салқын немесе ыстық болуына байланысты кеңейеді. Мәселен, адам ыстық моншаға түскеннен кейін бірден салқынға шықса немесе күн көзінде ұзақ жүрсе купероз ауруына шалдығуы мүмкін.

 

Қалай күтіну керек?

 

Аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде  қаймақ, йогурт, ірімшік, бауыр, қызанақ, шоколад, мейіз және тұзды тағамдарды жеуге болмайды. Бұндай кезде бетке  ерекше күтім жасап, күніне екі рет сыртқы әсерден қорғайтын арнайы иіс майларды пайдалану қажет.  Егер бет терісінде қызыл безеулер пайда болса  спирт және ацетон секілді тазартқыш құралдарды қолдануға болмайды.

Сонымен қатар, бал, алоэ, ментал, жалбыз қосылған сұйықтықтар да терінің түршігуіне ықпал етеді. Сондықтан бетті жылы сумен жуып,  шалфей, түймедақ өсімдіктерінің тұнбасымен сүрткен тиімді. Жалпы куперозды емдеу үшін алдымен аурудың неден пайда болғанын анықтаған жөн. Содан кейін  бетке маска, түрлі компресс жасап, тамырларды қалыпқа келтіретін арнайы препараттарды қолдану керек. Әсіресе ұсақ қан тамырларының кеңеюіне жол бермей, қан қысымын реттеп отыратын сұйықтықтарды пайдалану қажет. Олар өте нәзік болғандықтан кез-келген емдік сұйықтықтар мен иіс майларды абайлап қолданған жөн. Ағзадағы қан айналымын реттеп отыру үшін түрлі дәрумендерге толы тағамдарды көп жеу керек.

 

Купероздан қалай құтыламыз?

 

Аурудан арылу үшін бетке ерекше күтім жасау қажет. Мәселен, 1 ас қасық вазелинді осындай мөлшердегі кез келген өсімдік майына араластырыңыз. Далаға шығардан он минут бұрын жағып, кейін сүртіп тастаңыз. Бұл бет терісінің салқын ауадан тітіркенуіне жол бермейді. Бұған қоса күн салқында сұлы қайнатпасынан және зәйтүн майынан жасалған кремді пайдалану керек. Қаздың майы да бетті салқыннан қорғайды. Ол үшін майды далаға шығар уақытта жағыңыз. Он минуттан кейін қағаз сүрткішпен сүртіп алыңыз. Ал мұрынға кешкілік түймедақ сығындысынан компресс жасаған пайдалы.

Сондай-ақ, түймедақ, календула, қырықбуын, картоп крахмалы мен мыңжапырақ гүлдерінен ботқа жасап, бетке жағу керек. Бұған қоса 1-2 қасық түймедақ жапырағын жарты литр қайнаған суға салып үстіне екі таблетка аскарутин қосып,  бетті күніге екі рет жуып тұрған жөн.

 

Безеу —  беттің жауы

Бет терісіндегі  безеу мен бөртпелер ағзадағы зат алмасудың бұзылуынан  және гормоналды өзгерістерге байланысты пайда болады. Безеу бет терісі майлы адамдарға жиі шығады.  Ал беттің майлануы ішкі құрылыс пен  жүйке жүйесі қызметінің бұзылғандығын көрсетеді. Сондықтан бетті безеу баспас үшін ішкі құрылыс ауруларынан сақтанып жүру қажет. Дұрыс тамақтанып, суды көп ішкен жөн. Майлы, тұзды, қышқыл  және тәтті тағамдардан аулақ болған абзал. Бұған қоса бетке ерекше күтім жасау керек. Безеуді кетіру үшін кез келген кремді пайдаланып, бет терісін бүлдіріп алмаңыз. Безеуді сығуға болмайды. Өйткені іріңнің жартысы сыртқа шыққанмен қалғаны терінің терең қатпарларына бойлап кетеді. Нәтижесінде бір безеудің орнына бес безеу шығатыны былай тұрсын, сығылған жер ойдым-ойдым болып тыртығы кетпей қалады. Жалпы бетті ретсіз сипалап, лас қолмен шұқылай берген жақсы емес. Бетті таңертең және кешке тазартады. Тері тым майлы болса, түсте де тазартып қойғанның артықтығы жоқ. Сабынға аллергиясы барлар арнайы бет тазартатын құралдарды пайдаланғаны абзал. Бетті жұмсақ таза орамалмен ысқыламай сүрту керек.

 

Бауыр — ағзаның басты сүзгісі

Бауыр — адам ағзасындағы ең үлкен ас қорыту безі. Ол ағзадағы зат алмасу үдерісіне қатысады және онда ас қорыту сөлдерінің бірі — өт түзіледі. Ересек адамдардағы бауырдың орташа салмағы 1,5-2 килограмм болады. Бауыр іш қуысының оң жағында. Бауырдың ортасындағы көлденең ойық «бауыр қақпасы» деп аталады. Сол арқылы бауырға артерия және  вена қан  тамырлары мен жүйке талшықтары өтеді. Ал одан лимфа тамырлары мен өт түтігі шығады. Адам ағзасындағы бауырдың қорғаныш қызметі өте жоғары. Тамақтың құрамындағы зиянды заттар ішекте сіңіріліп, ақуыздың  алмасуы нәтижесінде қанның құрамында улы өнімдер түзеді. Ал бұлар бауырда залалсыздандырылады. Лимфа түзілуіне және қан ұюын реттеуде де бауырдың атқаратын қызметі зор. Бауыр қанның тұрақты құрамының сақталуына ықпал етеді. Қанмен келген амин қышқылдарынан бауырда ақуыз, глюкоза, фруктоза, глицирин, май қышқылы түзіліп, қандағы көмірсулар бауырда гликогенге айналады. Бауырдағы зат алмасу үдерістері әр түрлі ферменттердің қатысуымен жүрсе, оны жүйке жүйесі мен түрлі гормондар реттеп отырады. Жалпы қандай да бір жұмыстан қажып-шаршау, ұйқышылдық, ауызға кермек дәмнің келуі, көкіректің қыжылдауы, бауыр төңірегінің ауыр тартуы бауыр ауруының белгілері саналады.

Бауыр ауырса…

Бауыр денедегі қанның қызыл түйіршіктерін және өт шығаратын жұлынның жұмысын жақсартып, ағзаны  В12, Д дәрумендерімен қамтамасыз етеді. Сондықтан бауыр ауруға шалдықса барлық дене мүшелері әлсірейді. Егер бауыр зиянды қалдықтармен зақымданса, буын, тері, тамыр және тағы да басқа дені сау мүшелердің тіндеріне де зиянды шлактар жинақтала бастайды. Сол себепті көп жағдайда бауырды емдеген кезде буын ауруы қояды. Бауыр зиянды қалдықтарға толған кезде адамның жиі басы ауырып, түнде ұйықтай алмайды. Ал күндіз ұйқы қысып, майлы немесе ащы ас  ішкеннен кейін оң жақ қабырғаның асты тартып ауырады. Адамның тамаққа тәбеті болмайды.
Ал бауыр ісінген уақытта ағза әлсірейді. Адам түшкіргенде, жөтелгенде оң жақ қабырғаның асты қатты шаншып ауырады және несеп күреңденіп, талақ ісінеді. Бауыры тосыннан ісінген адам көбінесе шөп түстес құсады, қызуы көтеріліп, адам сарғайып кетеді. Бұндай сырқатқа тап болғанда оны өздігінен емдеу қиын. Бауыр тосыннан ісінсе, дереу дәрігерге қаралу қажет. Ал бауырдың созылмалы ісінуі кезінде жоғарыдағы құбылыстар баяу жүреді. Жалпы бауыры ауыратын адамдар диета сақтау қажет. Майлы, қантты, крахмалды тағамдарды жеуді уақытша тоқтату керек. Бұған қоса  фасоль, қырыққабат, маринадталған және қуырылған тамақтардан мүлде аулақ болған жөн. Күнделікті ас мәзірінде көкөніс пен жемісті (бананнан басқасын) және сүт тағамдарын көбірек пайдалану керек.

Бауыр ауруына шалдыққан адамдар жүгері сабағының шашақтары мен жас жапырақтарын суға қосып шамамен 15 минуттай қайнатып, бұл қоспаны күніге екі кеседен ішу керек. Сондай-ақ қайың шырыны мен  далалық салаубас (бессмертник) гүлінің тұнбасы да бауырға бірден-бір ем.

Халық медицинасында асқазан-ішек және  бауыр ауруларын емдеу үшін грек жаңғағы қолданылады. Грек жаңғағы бауырды тазартып зақымданған клеткаларды (тіндерді) қалпына келтіреді. Сондай-ақ қабынуға қарсы, бактерицидтік және қан тазартқыш сипаттарға ие. Ол асқазан қабынулары мен бауыр шаншуларына жақсы ем болады.

Бал — бауырға ем
Балды бауыры және өт жолы ауыратын адамдар көбірек пайдалану керек.  Оны белгілі бір мөлшерде ақ ірімшікке (творог), сәбізге, лимон шырынына қосып жеген дұрыс. Кейде тұрыптың (редька) ішін үңгіп, оған балды толтырып қойып, үш–төрт сағаттан соң дайын болған шырынды өт жолы ауыратын ересек адамға ас қасықпен, ал балаға шәй қасықпен күніне 2–3 рет беру керек. Бұндай әдіс өт жолы мен бүйректе  тас жиналудан сақтайды. Сондай-ақ бір стақан сәл жылытылған минерал суына бір ас қасық бал қосып, оны аш қарынға ішіп, бір жарым немесе екі сағаттай қырынан жатып, бауырға аса ыстық емес грелка басқан жөн. Сонда бауырда жиналып қалған өт асқазанға қарай ағып, бауырдың жеңілденуіне әсер етеді.
Балды үккіштен өткізілген сәбізге араластырып  біраз уақыт қойса, тосап сияқты өте тәтті тағам болады. Бал қосылған сәбіздің құрамында каротин деп аталатын дәруменді зат жақсы сақталады.

 

Пияздың пайдасы

 

Үстіне қант сеуіп, буға пісірілген пияз бауыр мен өт жолы ауруларына ем болады. Пияздың тұқымын суға қайнатып ішсеңіз, бүйрек ауруына да шипа болады.  Осы қайнатпаны 1/1 мөлшерінде піскен сүтпен араластырып ішсеңіз, көзіңіздің көру қуаты артады.

Әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button