Басты жаңалықтар

«Бір өлке — бір кітап» акциясы: биылғы таңдау — «Жем бойында»

«Сәске кезі. Үйлердің маңында адам не ойнап жүрген бала-шаға көрінбейді. Мынадай суықта жан біткеннің бәрі ықтасынға тығылған. Тек ауыл желкесіндегі төбенің үстінде қалың сеңсең тонға оранған бір адам алыстан қарағанда жалғыз отырған бүркіттей қомақты көрінеді. Кімнің де болса көңілін жабырқататын, кімді де болса ызғарымен ықтырып, қуысқа тығатын мынадай күнде тапжылмай отырып алған… Әлде осы елдің өткені мен келешегін ойлап, баяғы «қазақтың бір тайын жауға алдырмаймын» деп түніне тоғыз оянып, күніне тоқсан толғанатын Төле бише ел қамын ойлаған біреу ме?»…

Бұл жолдар — Ғалым Ахмедовтің «Жем бойында» романының прологынан үзінді.

«Жем бойында» тарихи романы биыл облысымызда қолға алынған «Бір өлке — бір кітап» акциясы үшін таңдап алынып отыр.

Осы акция аясында ұйымдастырылған шаралардың бірі — Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен «Шежірелі өңір — тарих беттерінде» атты оқырмандар конференциясы.

Жиында облыстық мәдениет басқармасының бөлім бастығы Қыдырғали Ермұхан «Бір өлке — бір кітап» шарасының маңызы жөнінде сөйледі.

— Әр өңірдің тарихы — ұлт тарихының, Отан тарихының бір бөлшегі. Кешегі кеңес заманында Ақтөбе өңірінің тарихы зерттеушілер назарына көп іліккен жоқ. «Бір өлке — бір кітап» акциясына Есет Көтібарұлы бастаған көтеріліс жайында жазылған «Жем бойында» романының таңдап алынуы тегіннен-тегін емес. Біз зерттеушілерге, көпшілікке ой салуды көздеп отырмыз, — деді Қыдырғали Мұхитұлы.

Журналист Идош Асқар мен облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Қанатбай Елеусіз оқырмандар алдында  жазушы Ғалым Ахмедовтің адами болмысы, азаматтық тұлғасы жөнінде сыр шертіп, өмір жолына тоқталса; Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті жанындағы гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаев және Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты педагогика және психология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Сабыржан Мұхтаров жазушы шығармашылығына, соның ішінде «Жем бойында» романына қатысты пікірлерін ортаға салды.

Облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Қанатбай Елеусіз 1993 жылы Шалқарда Есет Көтібарұлы кесенесінің ашылуына байланысты өткен жиынның бейнетаспасын кітапханаға тапсырды. Ал бұл жиында Ғалым Ахмедов сөз сөйлеген болатын…

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button