Жаңалықтар

Коммуналдық қызметке тариф өзгереді

Баға

Биыл ақпан айынан бастап ақтөбеліктер коммуналдық қызметке жаңа тариф бойынша төлемақы жасайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Aqtobesu-energy group» АҚ көрсететін коммуналдық қызметтерге тариф туралы» тақырыбында өткен брифингте айтылды.

Жақында табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті  «Aqtobesu-energy group» акционерлік қоғамы көрсететін коммуналдық қызметтерге тарифті көтеру бойынша ұсынысын қараған. Нәтижесінде жылумен, сумен жабдықтау және суды бұру қызметтері 15 пайызға көтерілетін болды. Бұл туралы аталған департамент басшысы Ерлан Дүйсен мәлімдеді.

— Коммуналдық қызмет тарифтерінің жалпы өсу деңгейі жұмысшылардың жалақысы 176 мың теңгеден 203 мың теңгеге дейін өскенімен байланыстырылады. Бұл — 15 пайыз өсім. Сонымен қатар электр энергиясының шығындары да ескерілген болатын, — деді ол.

Мәселен, сумен жабдықтау бойынша орташа тариф бір текше метр үшін қосымша құн салығынсыз 206,79 теңге болмақ. Өткен жылға бекітілген тарифпен салыстырғанда өсім — 14,96 пайыз. Кәріз су бұру бойынша орташа тариф 13,23 пайызға өсті, яғни бір текше метр үшін 188,58 теңгеге жетті.

Жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау бойынша орташа тариф

1 Гкал үшін 7779,99 теңге болмақ. Жыл басындағы тарифпен салыстырғанда 0,9 пайызға өсім байқалады.

— Электр энергиясы, сумен жабдықтау және кәріз су бұру  салалары — табиғи монополиялар субъектілері үшін стратегиялық тауар. Кәсіпорын тарифтерінің өзгеруіне стратегиялық тауардың құнын 25,37 теңге киловатт сағаттан 37,45 теңге киловатт сағатқа дейін арттыру негіз болды. Компания әрдайым өз қызметтеріне тарифтерді көтере бермейтіндігін айта кеткен жөн. Мысалы, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тұтынушылардың барлық топтары үшін кәсіпорын су бұру бойынша тарифтерді 16,2 пайызға, сумен жабдықтау бойынша тарифтерді 4,6 пайызға төмендеткен болатын. Алынған табыс толығымен инвестициялық міндеттемелерді орындауға, еңбекақы, салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуге жұмсалатын болады, — деді «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Серік Нәби.

Биыл аталған кәсіпорын ұзындығы 18,6 шақырымнан астам су құбыры желісін 933,8 миллион теңгеге және 2,5 шақырымнан астам жылу желісін 700 миллион  теңгеге күрделі жөндеуді жоспарлап отыр.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button