Басты жаңалықтар

Мерекенің сыйы

Кеше облыстық әкімдікте облысымыздағы бірқатар үздік ұстаздарды марапаттау рәсімі өтті.

Әуелі облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Арынғазиева:

— Біздің облыста өзге облыстарда жоқ бірегей жоба бар. Үш жылдан бері облыс әкімінің қолдауымен мұғалімдер мәртебесін көтеріп, жетістіктерін бағалап, ынталандыру мақсатында облыстық педагогикалық байқау-марафоны ұйымдастырылып жүр. Биылғы марафонның үздіктерін атап айтсақ, қатысушылардың 506-сы облыстың үздік мұғалімі, 111-і облыстың үздік сынып жетекшісі, 94-і мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы, 60-ы облыстағы қосымша білім беру ұйымдарының үздік педагогы, 37-сі арнаулы түзету мекемелеріндегі үздік мұғалім, 30-ы үздік өндірістік оқыту шебері, 78-і  техникалық және кәсіптік оқу орындарының үздік оқытушысы атанды. Марафонға  40 білім беру ошағы қатысып, олардың 30-ы үздік жалпы білім беру мектебі атанды. Мерекеде облыстың 10 мұғалімімен бірге Астанаға барып қайттық. Министр Бақытжан Жұмағұлов ұстаздарды мерекемен құттықтап, марапаттады. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! — деп марапаттарды табыстады.

«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісіне облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының математика пәні мұғалімі Р.Аяуова, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің оқытушысы Ж.Асылханов, Ақтөбе қалалық жас туристер стансасының директоры Е.Картанова, Байғанин аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Е.Құлжан ие болды. Ал Мұғалжар ауданы № 4 Қандыағаш орта мектебінің директоры Е.Шымқаевқа, Шалқар ауданы білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері С.Малайдаровқа, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі Р.Ермековаға, Ақтөбе қаласындағы №39 орта мектептің директоры Д.Ахметоваға Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі табысталды. Төсбелгі иегері Сәдуақас Малайдаров:

— 45 жыл еңбек еттім. Білім саласындағы үлкен марапатым — осы. Шалқар аудандық білім бөлімінде әдістемелік кабинеттің әдіскерімін. Инновациялық әдістемені тарату мақсатында ғылыми-әдістемелік баяндамалар жазып тұрамын. Он бес жылдан бері аудандық «Шалқар мұғалімі» газетін шығарып келемін. Таралымы — 2 мың дана. Өзі де Алтынсарин төсбелгісінің иегері Қуаныш Табаналы басқаратын аудандық білім бөлімінің көрсеткіштері облыста үшінші орыннан түсіп көрген жоқ, — дейді.

Тағы 13 мұғалімге  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, 12 мұғалімге Министрдің Алғыс хаты тапсырылды. Одан соң облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы 17 мұғалімге,  басқарма бастығының Алғыс хаты 5 адамға берілді. Ал басқарма бастығы Айгүл Арынғазиеваға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың мерекелік құттықтау хаты табысталды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button