Басты жаңалықтарМәдениет

Филармонияның сексенінші көктемі

Облыстағышоқтығы биік өнер ордаларының бірі Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының құрылғанына биыл 80 жыл толады. Мәдениет ошағының сексенінші маусымы ашылғалы мұндағы ұжымдар мерейлі датаға байланысты түрлі іс-шараларды қолға алып, талғамы жоғары көрерменге таңдаулы шығармаларын ұсынып жатыр.

Өнер ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы филармония директорының міндетін атқарушы Айбек Кемалдан сұрап білген едік…

Жұбановтар — Ақтөбенің бренді

Қазақ музыкасының атасы Ахмет Жұбановтың мұрындық болуымен негізі қаланған  Ақтөбедегі филармонияның тарихы 1944  жылдан басталады. Ал тоқсаныншы жылдардың аяғында филармонияға Қазақстан Республикасының белгілі өнер қайраткері, КСРО халық артисі, композитор Ғазиза Жұбанованың есімі  берілді.Сол уақыттан беріфилармония ұжымыЖұбановтардың атын бойтұмарындай қастерлеп, биік ұстап келеді.

— Жұбановтар — Ақтөбенің мақтанышы, өңірдің бренді. Біз еңбек етіп жатқан мекеменің ашылуына Ахмет Жұбановтың өзі себепкер болып, оған Ғазиза Жұбанованың есімінің берілуі — мұнда еңбек етіп жатқан әрбір маман үшін үлкен мәртебе.Ахмет Жұбанов қазақ музыкасын кәсіби тұрғыда әлемге танытты. Оның ізін жалғаған қызы Ғазиза Жұбанованың туындылары арқылы қазақ музыка мәдениеті басқа елдерге танылды. Филармония ұжымы осы кісілердің есімін әрі қарай асқақтату мақсатындағыжұмыстарды әрі қарай жалғастыра береді, — деген Айбек Кемал филармонияның әлі күнге дейін «академиялық» деген мәртебесі жоқ екендігіне қынжылатынын айтты.

— Мәдениет ұйымдарына «академиялық» мәртебесін беру үшін ұжымның кем дегенде 25 пайызы мемлекеттік наградаларға ие болған болуға тиіс. Ал біздің қазіргі көрсеткішіміз — 5 пайыз. Өкінішке қарай, мемлекеттік наградаларды өңірлерге бөлген кезде белгілі бір лимитпен шектеліп қалады. Соның кесірінен біз бұл мәртебеге әлі күнге дейін қол жеткізе алмай келеміз.

Болмаса, біздің ұжымның әлемнің кез келген сахнасында өнер көрсете алатындай мүмкіндігі бар, — деген директордың міндетін атқарушы егер филармония «академиялық» дәрежесін алған жағдайда ондағы мәдени қызметкерлердің жалақысы да едәуір өсетінін алға тартты.

Мәдени мекемеде қазір оннан астам ұжым еңбек етеді. Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, қазақ камералық хоры, камералық оркестр, «Аққу» би ансамблі, «Саз» балалар студиясы, классикалық музыка ансамблі, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Екі езу» сатира театры, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Оралұлының шығармашылық орталығы, «Достық сазы» фольклорлық ансамбльдері — бүгінде бай репертуары бар, соған сай өз аудиториясы қалыптасқан кәсіби ұжымдар.

БИЫЛ

Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН:

  • VІ облыстық балалар мен жасөспірімдер хор музыкасы чемпионаты;

  • Алғаш рет Базарғали Жаманбаев атындағы «Золотой Камертон» I республикалық хор дирижерлерінің байқауы;

  • Дәстүрлі республикалық жас орындаушылар және халық аспаптары ансамбльдері мен оркестрлерінің «Ұлы дала мұрасы» фестиваль-конкурсы;

  • Халықаралық би күніне арналған дәстүрлі облыстық «Аққу-2024» хореографиялық би байқауы;

  • Белгілі композитор,  «Құрмет»  орденінің иегері Бейбіт Оралұлы атындағы «Елім менің» халықаралық ән байқауы (екі жылда бір рет өткізіледі);

  • Ақтөбенің брендіне айналған «Baqytty Вala-2024» VІ ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы;

  • «Жұбановтар әуені — 2024» халықаралық фестиваль-байқауы;

  • Қазақстан композиторлар одағының республикалық фестивалі өтеді.

Бұл той бұрынғыдан өзгерек болады

Филармонияның 80 жылдығына арналған үлкен той күзде, қыркүйек айында өтеді. Басшылық қолдан келгенше бұл тойды бұрынғыдан өзгерек етіп ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

— Мерейтойды халықаралық деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сексен жылдық аясында түрлі марапаттар дайындалып, арнайы төсбелгілер жасалады. Басты жаңалығымыз — Өнер орталығында алғаш рет филармонияның тарихынан сыр шертетінмарапаттар тақтасы ашылады. «Жұбанов жаққан жұлдыздар» атауымен арнайы кітап шығарамыз. Сондай-ақ Жұбановтардың шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында үлкен симфоникалық концерт өткізгіміз келеді. Ол үшін көрші облыстардың филармониясының камералық хорларын шақырамыз, — деген Айбек Кемал мерейтой аясында Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы еліміздің барлық өңіріне гастрольдік сапармен баратынын айтты. Жылдағы дәстүр бойынша Ақтөбенің аудандарына да арнайы сапар ұйымдастырылады.

Мерейлі жылдағы тағы бір сүйінші жаңалық — Қазақстанның Италиядағы елшілігінде Абай ақпараттық-мәдени орталығынан облыс әкіміне арнайы хат келіпті. Онда Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрін арнайы концерттік гастрольмен жіберуді сұраған. Өнерлі ұжымның сапары сәуір айына жоспарланған. Қазір қызу дайындық үстінде.

Филармония артистері «Қыз Жібекке» шақырады

10 ақпанда Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұжымы алғаш рет «Қыз Жібек» операсының концерттік нұсқасын сахналағалы отыр. Бұл — ұжым үшін де, көрермен қауым үшін де тың жоба.

— Бұған дейін түрлі музыкалық жобалар мен концерттер ұйымдастырып жүрген облыстық филармония 2021 жылы көрермен қауымға алғаш рет танымал ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклін ұсынды. Ұжымның 80-нен астам өнерпазы, атап айтқанда, «Екі езу» сатира театрының және «Аққу» би ансамблінің өкілдері, қазақ камералық хоры, камералық оркестр, классикалық музыка ансамблінің солистері қатысқан қойылым көрермен көңілінен шықты. «Сыған серенадасын»Ақтөбе облысының Түркістандағы мәдени күндері аясында сахналағанымызда қойылымды түркістандық жұртшылықпен бірге тамашалаған Шәмші Қалдаяқовтың туған қарындасы Райхан Қалдаяқова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі  ризашылығын білдірді. Кәсіби әншілерден құралған шығармашылық топтың өнері түркістандық көрерменнің көңілінен шыққаны соншалық — орындарынан тік тұрып қол соқты.

Биыл облыстық филармонияға 80 жыл болса, «Қыз Жібек» операсының сахналанғанына 90 жыл толды, ал сол операдағы «Гәккуді»орындаған бұлбұл үнді әнші Бибігүл Төлегенова 95 жасқа келеді. Халқымыздың кәсіби опера тарихы «Қыз Жібектен» бастау алған. Филармония артистерімен ақылдаса келе, өнерсүйер қауымға «Қыз Жібек» операсын ұсынғанды жөн көрдік, — деді Айбек Кемал.

Осыдан 90 жыл бұрын 1934 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Қыз Жібек» опералық шығармасының алғашқы қойылымы өтті. Сол заманда бұл шығарманың қойылуы ұлттық мәдениет тарихындағы айтулы оқиға еді.Опералық қойылымда Жібектің рөлін алғаш сомдаған қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова, Төлегенді Қанабек Байсейітов ойнады. Әйгілі әнші Манарбек Ержанов та Шегенің образын көрерменге тамаша жеткізді.

— 10 ақпанда шымылдығын ашатын операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторлары, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Тәттімбеттің ән-күйлері айтылады.

Ақтөбе сахнасындағы Жібектің рөлін — халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Гауһар Саламас, Төлегенді халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Айбек Қарағұлов ойнайды. Ал Бекежанның партияларын халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ибраһим Амин орындайды. Қоюшы режиссері — Сырым Мұхамед- Хафиз, — деді ол.

Сонымен,10 ақпанда сағат 16.00-де Өнер орталығы ғимаратында «Қыз Жібектің» премьерасы өтетінін хабарлаймыз.Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіген әдемі музыкалық кештен қапы қалмаңыз!

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button