Жаңалықтар

Науқасқа асыққан фельдшерлердің бір күні

Әлеуметтік желіде тараған мына бір бейнежазбада жедел жәрдем қызметкерлерінің науқасқа алғашқы көмек көрсетуге асығып, қалың қарды белден кешіп, омбылап бара жатқаны көрген жұртты сүйсінтті.

Бейнежазба авторы — Хромтау аудандық жәдел жәрдем станциясының көшпелі бригадасының бірінші санатты аға фельдшері Сая Рысбаева екен. Мән-жайды өзіне хабарласып білген едік. Оның айтуынша, оқиға 7 ақпан күні Хромтау қаласында болды.
— Диспетчерге жүрек тұсының ауырып тұрғанын айтып шағымданған науқастан қоңырау түсті. Науқас Целинная көшесінде тұрады екен, жарты жолға дейін көлікпен жеттік. Әрі қарай 2-3 шақырым жолды жаяу жүріп өтуімізге тура келді. Қасымдағы әріптестерім Бауыржан Сұлтанханұлы мен Қайрат Берікұлына рақмет, олар қалың қарды омбылап, тізерлеп өтіп, маған жол ашып берді. Шағымданушыға электрокардиограмма жасап, дәрігерлік кеңес беріп, ұсынымдар бердік, — дейді фельдшер Сая Ыбырайқызы. Сондай-ақ ол бұл бейнежазбаны неліктен кешігіп жеткенімізді түсіндіру мақсатында арнайы пациент пен диспетчер үшін түсіргенін де айтты.

Әлеуметтік желі қолданушылары бейнежазбадағы жоғары санатты фельдшер Бауыржан Құдияров пен фельдшер Қайрат Тілеудің боранды күні науқасқа көмек көрсетуге асыққан әрекетіне сүйсініп, бүгінгі күннің батырлары екенін атап, алғыстарын жаудырды.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі Хромтау ауданының жедел жәрдем бригадасы фельдшерлерінің қажырлы еңбегін атап, өздерінің ресми сайтында жариялады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button