Денсаулық

Денсаулықтың қадірін білеміз бе?

«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы

Денсаулықтың қадіріне байланысты бабаларымыздан қалған сөз көп. Бірақ солардың бәрі де денсаулықтың қадірін білдік демейді, жастық шақта, бойда қуат барда, ертерек ойламағандарына өкінеді. Бүгінгі ағаларымыздың, замандастарымыздың айтатыны да осы. Бұдан шығатын қорытынды—қазірде де көбіміз денсаулықтың қадірін біле бермейміз. Бойдағы қуат сарқылмайтындай, денсаулық темірден жаратылғандай мән бермейміз. Біздің көбіміз қаперімізден шығарып алатын денсаулық мәселесін мемлекет әркез ескеріп, ойлап отырады. Соның бір жарқын көрінісі — Елбасының Жарлығымен өткен жылы бекітілген денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы. Оны жүзеге асырудың белгіленген нақты жолдары жетерлік. Соның ішінде скринингтік тексеру өткізу, оның тиімділігін арттыру зор маңызға ие. Елдің саулығын нығайту мақсатында  ауылдың ересек тұрғындарына скринингтік зерттеу тәсілінің енгізілгеніне он жылдай болып қалды. Сондай-ақ елімізде денсаулық сақтауды дамыту мен реформалаудың 2005-2010 жылдарға белгіленген мемлекеттік бағдарламасы аясында 2005 жылдан бері республикалық қаржының есебінен репродуктивті жастағы әйелдерді минималды лабораториялық зерттеулер арқылы алдын ала тексерулер өткізіледі. Мұнымен бірге Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы негізінде 2007 жылдан бері ересектер арасында қан айналым жүйесінің ауруларын (артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы) және қатерлі ісіктерді (сүт безі мен жатыр мойнының қатерлі ісіктері) анықтауға бағытталған алдын алу тексеру жұмыстары басталған болатын.

Осының бәрі — халқымыздың денсаулығын көздеп алынған кешенді шаралар. Бұл белгіленген шаралар қалыпты жүзеге асырылып отырғанда ғана халықты үздіксіз сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мүмкін болады. Еліміздегі үлкен-кішінің денсаулығын ұдайы қадағалау — ел-халықты сауықтырудың кепілі. Қазір соңғы жылдары алынған осындай пәрменді шаралардың арқасында халықтың негізгі тобының аурушаңдығы төмендеп, қауіпті факторлардың таралуы жойылып келеді. Мұның мысалдары бізде де көп. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы №2 емханада жаңадан «Аурудың алдын алу және әлеуметтік психологиялық бөлімі» ашылды. Ол тұрғындарға аурудың алдын алу жөнінде жүйелі бағыт-бағдар беріп, сапалы ем жасауға анық бет бұрды.

Бір сөзбен айтқанда, елде денсаулықты жақсартуға бағытталған көп жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ, көпшілік қауым осыны біле бермейді, дер кезінде пайдаланбайды. Мысалы, скрининг туралы көпшілік жақсы біле ме?

Адам ағзаларын скринингтік тексерістен өткізу денсаулыққа қатысты көптеген проблемалардан құтылуға көмектеседі. Ауруды неғұрлым ерте анықтаса, солғұрлым тиімді емдеуге, құлантаза сауықтыруға мүмкіндік ашылатыны бәрімізге мәлім. Осы тұрғыда қандай да болмасын қауіпті сырқаттардың тобына кіретін адамдардың организімін толық кешенді медициналық тексерістен өткізу — адам ағзасындағы түрлі ауытқуларды ерте анықтауға және жедел емдеуге мүмкіндік береді.

Скрининг — бұл ерте сатыда ауруларды және қауіп факторларын анықтау. Белгілі бір жастағы, дені сау деген адамдардың да профилактикалық медициналық тексерулерден өтіп тұруы артық болмайды. Өйткені, ол жаңа басталған аурулардың асқынуларын болдырмайды.  Скринингтік  тексерудің түрлері  көп, олар адамның жеті мүшесін түгел қамтиды. Айталық, 40 жастан 70 жасқа дейінгі жас шамасындағы адамдар көз ішілік қысымын міндетті түрде өлшетіп тұруы қажет. Ал 18 жас пен 64 жас аралығындағы адамдардың қанындағы холестерин мен глюкозаның деңгейін анықтап отыру аса маңызды. Жүрек қан тамыры, бауырдың, әсіресе, балалардың «В» және «С» созылмалы гепатиттерінің маркерлеріне қанды талдауға үлкен мән берілуі керек. Бұл зерттеулер ерте сатыда жүрек қан тамыр ауруларын, қант диабетін, глаукоманы, оның қауіп факторларын, сондай-ақ дертпен күресу қиын болғанда гепатитті және аса қауіпті асқынуларда инсульт, инфаркт, зағиптық цирроз және бауыр обырын анықтауға мүмкіндік береді. Обырдың жаңадан пайда болуына ықпал ететін патологиялық өзгерістерді жою, сондай-ақ дамудың ерте сатыларында ісіктерді анықтау үшін скринингтік тексеру өте қажет. Қатерлі ісіктің даму қаупін анағұрлым азайту үшін, барлығымыз салауатты өмір салтының қағидасына кіретін бірнеше қарапайым ережелерді білуіміз қажет. Қатерлі ісік ауруының дамуында шылымның, артық дене салмағының әсері бары ұзақ жылдарғы зерттеулер арқылы дәлелденген. Керісінше, үнемі дене шынықтырумен шұғылдану, мал етін аз тұтыну, көкөніс, сүт өнімдеріне көбірек сүйену,  майлы және ащы тағамдардан бас тарту ғұмырды ұзартатыны белгілі. Ерте кезеңнен анықтау және скрининг өткізу қатерлі ісік ауруларын емдеудің басым бағыттарының бірі болып табылады, әрі нәтижелерді анағұрлым жақсартуға мүмкіндік береді.

Скрининг дегеніміз — қолданыста оңай болып келетін тұрғындардың көптеген топтары арасында үнемі өткізіп тұруға болатын, көп уақыт алмайтын, қаржы шығыны жоқ анықтау әдістерінің тиімді түрі.

Аурулардың белгілерін ерте анықтау мақсатында міндетті түрде ақысыз жүргізілетін скринингті алдын алу тексеруді мүмкіндігінше адамдардың пайдаланып қалғаны дұрыс. Сол арқылы көп аурудың алдын алуға болады. Мысалы, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық аурулары, қант диабеті, глаукома, «В» және «С» вирусты гепатиті, сүт бездері, жатыр мойны, тоқ ішек пен тік ішектердің қатерлі ісіктері.

Балаларды ақысыз скринингті алдын алу тексеруден өткізудің де елеулі артықшылықтары бар. Сол арқылы нәрестелер мен балалардың ерте кезден есту қабілетінің бұзылуын анықтауға болады. Бұл жерде әртүрлі жастағы балаларды скринингті тексеру жұмыстары жүргізілетінін де айту керек. Себебі, балалардың  денсаулығының төңірегінде қауіп-қатер көп. Кейінгі жылдары елде бауыр ауруы өршіп тұр. Ал «В» гепатиті немесе қан арқылы берілетін гепатит бауырды қатты зақымдайды «В» гепатиті қан, жыныстық қатынас арқылы және ауру анадан іштегі балаға жұғатынын әркімдер білуге тиіс. «С» гепатиті де (қан құйылғаннан болатын гепатит) — вирустық гепатиттің ең ауыр түрі. Бұл жерде ауру қан арқылы жұғады, немесе ластанған шприцтерден де ауру ілесуі мүмкін. «С» гепатитімен ауыратын адамдардың шамамен 70-80 пайызында аурудың созылмалы түрі көп дамиды. Оның ең үлкен қаупі — бауыр циррозына немесе қатерлі ісікке әкеліп соқтыруы ғажап емес. Бұл аурудың қауіптілігі — оған қарсы тұратын аса ықпалды вакцинацияның жоқтығы. «С» гепатитімен ауыратын адамдардың қанынан аулақ болу керек және де бір рет қолданылатын шприцтерді екінші қайтара пайдаланбау қажет.

Әйелдердің арасында 30 жас пен 60 жас аралығындағыларға патологиялық өзгерістерді болдырмау үшін жатыр мойнының сүртіндісіне цитологиялық зерттеу жүргізіледі. Оған білікті акушер-гинекологтар тартылады. Тексеру осы заманғы ең озық медициналық қондырғылармен тексеріледі. Сондай-ақ 50, 52, 54, 56, 58 және 60 жастағы әйелдердің сүт бездеріне рентгенологиялық зерттеулер (маммография) жүргізіледі. Шек ауруларын анықтауға байланысты тексерулер де аса маңызды.

Жалпы скринингті тексерулер жаппай жүргізілетін елдерде, жатыр мойны, сүт бездері және жуан ішек обырынан өлім-жітім күрт төмендегені жиі айтылып жүр. Яғни аурудың алдын алу, анықтау тиімді екені дәлелдеуді қажет етпейтін жағдай. Және оның еш қиындығы жоқ. Скрининг сіз тіркеуде тұрған медициналық мекемеде өтеді.

Қаланың әрбір тұрғыны жыл сайын профилактикалық медициналық тексеруден өтуі тиіс. Балаларды педиатрдың, арнайы мамандардың тексеруі, қан және несеп талдаулары, аспаптық тексерулер, ересектерді, терапевтің тексеруі, әйелдерді, гинекологиялық тексеру, кеуде қуысының флюорографиялық зерттеуі, қан, несеп талдауы, айғақтар бойынша арнайы мамандардың тексеруі, мұның бәрі керек нәрсе.

Егер сіз диспансерлік есепте тұрсаңыз және сізде созылмалы аурулар болса – жақын арада дәрігеріңізге қаралуыңыз және оның ұстамдарын толық орындауыңыз шарт! Аурудың алдын алу — денсаулықтың кепілі. Олай болса, кез келген осы жастағы тұрғын скринингтік тексеруден бас тартуға тиіс емес деп есептейміз. Қалай болғанда да, денсаулық ешбір теңдесі жоқ — зор дәулет. Ауырып, көп қаржы шығарып емделгенше, ауырмай тұрып қамдан.Ең тиімдісі—аурудың алдын алу екенін ұмытпа! Жалпы халықтың денсаулығын сақтаудың, жақсартудың жолы да осы.

Райхан ЫБРАЕВА,

облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру  орталығының директоры, жоғары санатты дәрігер.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button