Мәдениет

Алтын тойдың алдында

Гректер

«Эллада» грек ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Ян Липириди мен зайыбы Алита Гурьевнаның шаңырақ көтергеніне келесі жылы 50 жыл толады. Алтын той! Олар – дәрігерлер. Ян Николаевич Ақтөбе спорт медицинасына 43 жыл еңбек сіңірген, ал Алита Гурьевна – неврапатолог-дәрігер, сондай-ақ инемен емдейтін терапевт.

– Екеуміз екі жақта тудық. Ол Грузияда, мен Мәскеу түбінде туыппыз. Оның ұлты – грек, менің ұлтым – орыс. Бірақ көп ұлтты ел Қазақстанда өмір сүріп жатқанымызға жарты ғасырдан астам уақыт болды. Қазақтар көпшіл, адам жатырқамайды. Менің әкем әскери адам болғандықтан Ақтөбенің алыс аудандарында болдық. Сондықтан мен қазақтардың тұрмыстық салт-дәстүрлерімен таныспын. Қазақ тілін толық меңгеріп алмағаныммен, жақсы түсінемін, тіпті, пациенттеріммен сөйлесемін. Қазақ тілінде ән саламын. Әсіресе, «Анашым» әнін айтқанды жақсы көремін», – деді де Алита Гурьевна ән шырқай жөнелді: «Анашым, шалқым күлсем, алдымда ұзақ жүрсең, жүрегім жыр толғайды, көңілім ортаймайды, Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» .

Ол жақында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда өткен Достық фестивалінде кезінде әнші Лаки Кесоглы орындаған «Бузуки» грек әнін шырқады. «Бузуки» негізі гректердің ұлттық музыкалық аспабы екен. Сонымен бірге ол «Биші қыз» әнін орындап, өз дизайны бойынша киім тіккізіп киіп, сахнада ән айта жүріп, биледі. Көрермен ықыласына бөленген ол осы фестивальда жүлделі екінші орынға ие болды.

Ян Николаевич Қазақстанда 1957 жылдан бері тұрып келеді. Ақтөбе спорт медицинасында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ол, әсіресе, чемпиондардың – гір көтеруден бірнеше дүркін Әлем чемпионы Евгений Гончаровтың, Олимпиада ойындарына қатысқан спортшылар Асхат Шахаров пен Галиб Джафаровтың, басқа да ақтөбелік спортшылардың денсаулығын тексеріп, бақылайтындығын айтады.

30 жылдан астам уақыт «Здоровье» тобын жүргізеді. Яғни топтағы жас мөлшері әр түрлі 50 шақты адам су ішінде тұрып, түрлі жаттығулар жасайды, бассейнде жүзеді. Зайыбы Алита Гурьевна да бассейнде жүзгенді жақсы көреді. Екеуі де жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттайды.

Аралас отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиеленіп өсті. Ата-анасының жолын қуған дәрігер ұлы қытай қызын келін қылып түсірсе, қызы орыс жігітіне тұрмысқа шықты. Әр ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ян Николаевич пен Алита Гурьевнаның төрт немересі бар, олардың бірі ата-әжесі секілді дәрігерлік мамандықты таңдапты, оқып жатыр. Ал ең кішісі Глеб енді бірінші сыныпқа барады.

Әңгіме соңында Алита Гурьевна: «Бірлікті, достықты сақтай білейік!» – деді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button