Білім

Ауданның мерекесіне айналды

Жаңа мектеп

Еліміздің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Ойыл ауданында Шәрбану Бекмұханбетова атындағы  орыс орта мектебінің екі қабатты 150 орындық жаңа ғимаратының құрылысы басталды.

Алдыңғы күні осы оқу орнының жанында  жаңа мектептің құрылысының іргетасының қалануына байланысты салтанатты жиын өтті. Оған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық иниститутының, Қ. Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің басшылары, оқытушы-ғалымдары, мектепке есімі берілген марқұм Шәрбану Мырзакелдіқызының өмірлік серігі болған Әнуар Керейұлы,  ұл-қыздары, немерелері, жақын туыстары, көршілес аудандардың білім саласының өкілдері, Ақтөбе әуежайының жауапты қызметкерлері қатысты.

— Тәуелсіздік жылдары елімізде 750 жаңа мектеп бой көтерсе, тек осы жылы біздің Ойыл өңірінде ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында 3 жаңа мектептің құрылысы басталғалы отыр. Соның бірі — өздеріңіз  куә болып отырған Шәрбану Бекмұханбетова атындағы Ойыл орыс орта мектебінің құрылысы,— деді салтанатты жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев.

Ол аталған мектептің қазіргі ғимаратының негізі жиырмасыншы жылдары салынып, екінші бөлігі 1967 жылы іске қосылғанын айта келіп, мектептің материалдық-техникалық базасы уақыттың талабынан көп төмен екенін атап көрсетті. Соған қарамастан ұжым мүшелері абырой биігінен көрініп келеді. Әр жылдары аудан бойынша білім саласында алдыңғы қатарда. Бұл мектеп білім сапасын көрсететін ұлттық бірыңғай тестілеуде биыл  бірінші орынды иеленген. Сондай-ақ өзінің сөзінде әкімнің орынбасары және кейін салтанатта сөз алған село тұрғындары мектептің ұзақ жыл басшылығында болған Шәрбану Бекмұханбетованың есімі берілген соңғы 10 жылда білім ордасына

оның жолдасы Әнуар Бекмұханбетовтің бірнеше мәрте  демеушілік жасағанын ризашылықпен еске алды. 2001 жылы 1 млн. теңгеге мектеп жиһаздарын, 2009 жылы 12 орындық жаңа «УАЗ» автокөлігін және аудио, видео құралдарын сыйға тартқанын айтты. Елімізде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша мектептер салына бастағанда, сол бағдарламаға облыс әкімінің қолдауымен Ойыл селосындағы Шәрбану Бекмұханбетова атындағы Ойыл орыс орта мектебінің құрылысының енуіне және оның құрылысы іргетасының қалануына себепкер, ұйымдастырушы болып отырған да осы ақсақал еді. Сондықтан да жиында осындай игілікті ісі үшін Әнуар Керейұлына, оның әулетіне, бала-шағасына аудан халқы атынан рахмет айтушылар аз болған жоқ.  Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышевтің,  Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаевтың, Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұханбетовтің, көптеген белгілі ойылдық азаматтардың бұл адамды «мектептің қамқоршысы» деп атауы тегін емес.

Әнекеңнің қадағалауымен бұл орта мектептің құрылысын «Ақтөбе құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс бөлімшелері жүргізеді. Олар бұған дейін Ойыл аграрлық колледжінің оқу корпусының құрылысын бітірген. Қазір Соркөл негізгі мектебінің құрылысын салып жатыр. Таяуда Қаракемер негізгі мектебінің де құрылысын қолға алмақ. Басшысы — Кеңес Өмірзақұлы. Өзі де салтанатқа қатысып, ойылдықтардың қошеметіне бөленген бас құрылысшы мектеп құрылысын келер оқу жылына қарсы толық бітіруге уәде берді.

Жаңа мектептің іргетасының қалануы ойылдықтар үшін үлкен қуаныш, мерекеге айналды десек, артық айтпаспыз. Ойылдың бас алаңында өткен салтанатқа селоның барша қауымы жиналды. Мектеп жанындағы би үйірмесі «Шашу» биін биледі. Әуеде әсем ән қалықтап, домбырадан  күй төгілді. Ақтөбе қаласынан арнайы барған әскери оркестр де салтанаттың айбынын асырды.

Қысқа ғұмырында  өзі еңбек еткен мектеп үшін көп нәрсе жасай алған кең жүректі ұстаз Шәрбану апаға деген шәкірттердің алғысы жыр боп төгілді. Оның өмірлік серігі болған  Әнуар Керейұлы былай деді:

— Шәрбануды өзі басшылық жасаған мектептің апатты жағдайда тұрғаны қатты қинаушы еді. Өзі жұмысқа кіріскен  алғашқы күннен мектепке күрделі жөндеу жүргізу не жаңа мектеп құрылысын салу мәселесін көтерді. Мұны ол барлық ресми орындардың алдына қойды.  Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Ливенцов біздің ауданға жұмыс сапарымен келгенде арнайы қабылдауында болып, осы мәселені айтқаны менің есімде сақталып қалды. Ол хатшының назарын мектепке жаңа ғимарат салуға аударды. Облыс басшысы болса, бұл шаруаны ауданның бірінші хатшысы болып отырған мен арқылы шешуді ұсынды. «Әнуар бір жолын іздестірсін…» деді. Бірақ ол мұны әділ шешім деп таппады. Ол кезде қазақ орта мектебінің ғимараты тіпті аянышты жағдайда еді. Жаңа ғимарат Ойыл қазақ орта мектебіне берілді. Шәрбанудың сол кездегі арманы бүгін орындалып отыр. Бүгін біз ол армандаған мектептің іргетасы қалануының куәсі боламыз.  Дүниеден өткеніне 26 жыл болса да,  ол басқарған ұжым Шәрбанудың ізгі мақсат-арманын, ойларын жүзеге асырып, жас ұрпақ тәрбиелеуде адалдықпен еңбек етуде.  Мектеп базасын нығайтуға мен де, менің балаларым да  аянып отырған жоқ. Алда да қолдан келген жәрдемімізді береміз. Бүгін іргетасы қаланатын жаңа мектептің есігінің қадірлі ұстаздар, оқушылар — Сіздерге айқара ашылуын тағатсыздана күтетін боламын.

Құттықтау сөз сөйлеген Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Нұрышев  бұл күннің Ойыл ауданының әлеуметтік, мәдени-экономикалық өмірінде  қалатын үлкен шара болатынын атап айтты.

— Осы мектепті бітірген түлектердің басым көпшілігі біздің институтта оқиды. Олар мектеп қабырғасында  алған базалық білімдерін одан әрі тереңдетіп, «өте жақсы», «жақсы» деген бағаларға оқып жатыр. Сондықтан сондай шәкірттер тәрбиелеген ұжымға алғыс айтқым келеді. Дағдарысқа қарамастан осындай заманда  мектеп салу — әркімнің қолынан келе бермейтін игі шаруа. Облыстық әкімдік, ойылдықтар үлкен батылдық жасап, мынадай үлкен, екі қабатты, іші соңғы ғылыми жаңалықтарға сәйкестелген жоғары дәрежедегі оқу құралдарымен жабдықталған мектеп салып бермек.  Мен білім саласына жаны ашитын үш-төрт ақсақалды білемін, соның ішінде Әнуар Керейұлының жөні бөлек,— деді ол.

Мектеп директоры Елена Браташева, ардагерлер қауымы атынан сөз алған Шайзада Қлипанова, ардагер ұстаз Роза Шалабаева, еңбек ардагері Орақ Сансызбаев  жаңа мектептің құрылысының басталуына байланысты ризалық шын ықыластарын білдірді.

Жаңа мектептің іргетасына Шәрбану Бекмұханбетовтің жолдасы Әнуар Керейұлы және ұл-қыздары болашақ ұрпаққа арнап хат қалдырды. Жаңа мектептің құрылысы дәстүрлі жарасымды рәсімдермен келген қонақтардың қатысуымен салтанаты жағдайда басталды.

Бір ауданның қуанышына, мерекеге айналған жаңа мектептің құрылысының басталу салтанаты «Бәйтерек» мейрамханасында жалғасты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button