Мәдениет

Облыста 1025 әзірбайжан тұрады

Биыл әзірбайжандардың «Азери» ұлттық-мәдени орталығының құрылғанына – 9 жыл. Қазір орталықтың құрамында 80-ге жуық өкіл бар. Орталық жетекшісі Шахбаз Джамалов мерекеге  дайындықтың қызу жүріп жатқанын айтты. Бұндағы өнерлі жастар мереке күні 11-шағын аудандағы орталық мәдениет және демалыс саябағында ән-шашуын тарту етпек. Мәселен, орталықтағы өнерпаздар Хана Насырова мен Шахмер Чехалиев облыс көлемінде ғана емес, республикалық жарыстардан да жүлдемен оралып жүр.

Ал орталықтың жұмысын үйлестіріп жүрген Шахбаз Джамаловтың туған жері -Армения.  Бірақ 40 жылдан астам уақыт Қазақстанда тұрған азаматтың  қазақ халқына деген ықыласы ерекше.

Өмірімнің біраз бөлігі осы аймақта өтті. Сондықтан қонысымды өзгертемін деп еш уақытта ойлаған емеспін. Қазір зайыбым Светлана екеуміз төрт бала, жеті немере тәрбиелеп отырмыз.Балаларымның барлығы мемлекеттік тілде еркін сөйлейді.

Ал Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастарды үнемі назарда ұстап отырамын. Басылымдар мен теледидардан екі елге қатысты ақпараттарды жібермей қараймын. Қазір ол жақта бір-екі достарым  болмаса,  жанашыр бауырларым жоқ. Жуырда Ақтау қаласында Әзірбайжан елінің  консулдық мекемесі ашылып, сол салтанатқа қатысып қайттым. Әрине, бұндай байланыс екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі беки түсетініне сенімдімін.

Сондай-ақ, әзірбайжандардың екі ел арасындағы қатынасы кезінде құжат мәселесіне қатысты  шаруаларын ретке келтіріп, көмек қолын созамыз, – деді орталық басшысы.

Әзірбайжандардың Қазақстанға жаппай көшу тарихы 1937 жылдан басталады. Сол кезде Үкіметтің шешімі бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған басқа халықтармен бірге әзірбайжандар да  өз жерінен кетуге мәжбүр болды. 1926 жылғы Бүкілкеңестік санақ бойынша Қазақстанда 46 әзірбайжан болса, 30-жылдардың соңында олардың саны 13 мыңға жеткен. Ал бүгінде елімізде 200 мыңнан астам әзірбайжан тұрады. Олардың басым бөлігі Жамбыл, Алматы облыстарында қоныс тепкен. Ақтөбедегі әзірбайжандардың бір бөлігі қуғын-сүргін жылдары келсе, енді бір бөлігі тың игеру жылдары қоныс аударған екен.

Ал бүгінгі таңда ресми дерек бойынша облыста  1025 әзірбайжан тұрады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button