Әлеумет

Мүмкіндік шектеулі. Жағдай қалай? немесе көңіл мен көмек жеткілікті ме?

1 тамыздан бері оқушылардың мектепке әзірлігі жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Құзырлы органдар барлық баланы есепке алып, мектепке әзірлігін қадағалап, ал демеушілер «Мектепке жол» акциясы аясында оқушы киімдері мен оқу құралдары алып берілді. Ал мүмкіндігі шектеулі оқушылардың жағдайы қалай? Оларға көңіл бөлініп, көмек жасалып жатыр ма?

 

2010 — 2011 оқу жылында облыс бойынша барлығы 970 мүмкіндігі шектеулі оқушы білім алды. Оның 308-і арнаулы мектептерде, 662 оқушы жалпы білім беретін мектепте оқиды.

Облыста 310 оқушы үйден оқытылады. Бұның 168-і қалада, 142-cі елді мекендерде тұрады екен. Бізге бұл мәліметтерді облыстық білім басқармасының жетекші маманы Дина Орынова айтты. Ал биылғы деректер енді есепке алынып жатыр.

Материал жазу барысында әуелі Ақтөбе облысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарластық. Бөлім бастығы Бұлбұл Күзембаева бізге департаменттің мүмкіндігі шектеулі балалармен жүргізген жұмыстары туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, оларға мейлінше қоғам назарын аударту және жәрдем беру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде түрлі акциялар ұйымдастырылады.

Атап айтсақ, халықаралық мүгедектердің құқықтарын қорғау күніне орай «Адым алға» акциясы өткізіліп, мерекелік шараға мүмкіндігі шектеулі 17 бала қатысты. Оларға және олардың ата-аналарына заңгер мамандар құқықтық кеңес көрсетіп, облыстық балалар кітапханасы көрме ұйымдастырды. Балалар музыкалық және сөйлейтін кітаптарды көріп, мәз болды. Кітапханашылар балалардың үйлеріне барып, қызмет көрсету мүмкіндіктерін ұсынды. Акция мерекелік концертпен жалғасып, демеушілер көмегімен дайындалған сыйлықтар табыс етілді.

Сондай-ақ, халықаралық балаларды қорғау күнінде Тұңғыш Президент Н.Назарбаев атындағы саябақ тоғанында «Бақыт кемесі» акциясы өткізіліп, оған 40 бала шақырылды. Демеушілер көмегімен балаларға балмұздақ, сыйлықтар үлестіріліп, тегін дәрі алуға сертификаттар табыс етілді.

Биыл Ақтөбе облысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бастамасымен үйден оқитын мүмкіндігі шектеулі балаларды компьютер немесе ноутбукпен қамтамасыз етуге бағытталған «Мейірім» акциясы жүргізілуде. Акцияны облыс және Ақтөбе қаласы, сондай-ақ, облыс аудандарының әкімдері қолдап, қазіргі таңда 47 бала компьютерге немесе ноутбукке қол жеткізді.

«Мектепке жол» акциясы аясында Ақтөбе облысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау департаменті демеушілердің көмегімен «Жүрек жылуы» ұранымен 30 балаға мектеп формалары мен оқу құралдарын алып берді. Олардың басым көпшілігі —  мүгедек балалар, кейбірі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың балалары.

Барлық мерекелерде Тамды көмекші мектеп-интернаты мен дамуында психикалық кедергісі бар балаларға арналған Жайсаң арнаулы мектеп-интернатындағы тәрбиеленушілерге көңіл бөлініп, демеушілер көмегімен сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар, ол балаларды Ақтөбе қаласына бірнеше рет экскурсияға әкеліп, «Мега-Ақтөбе» ойын-сауық орталығында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Осы мекемелердегі балалардың құқықтарының сақталуына департамент тарапынан зерттеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп, бақыланып отырады, — дейді Бұлбұл Бисембайқызы.

 

АТА-АНАНЫ СӨЙЛЕТСЕК…

 

Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың кейбірімен сөйлескен едік.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Рая Кенжешова бізге 1995 жылы туған ұлы Қалдыбектің жайын баяндады.

— Екі ұлым бар. Қалдыбек кенжем. Осы ұлым екі рет жол апатына түсті. Алғашқыда балама көрініп тұратындай зиян келмегендіктен, мән берген жоқпыз. Екінші рет 2007 жылы жол апатына ұшырағанда екі аптадай ес-түссіз жатты. Гемоглобині азайып кетті. Өзімнің де есім шықты. Кейін денсаулығы қалыпқа түсті. Бірақ бір қолында ақау бар, бір аяғын сылтып басады. Бала жастан мүгедектігіне байланысты үкіметтен жәрдемақы төленеді. Енді ІІІ топқа ауыстырып жатыр.

Ақтөбе қаласындағы №21 мектеп-гимназияда қатарынан қалмай оқыды. Мектеп директоры Айнаш Қалиқызына алғысым шексіз. Баламды үнемі көтермелеп, қолдап отырды. Мектептен ыстық тамақ ішті. Мектеп басшылығы «Мектепке жол» акциясы аясында да көмектесіп тұрды. Балам осы мектептен биыл 9-сыныпты аяқтады. Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті жанындағы колледжге оқуға түсті. Оқу ақысы — 65 мың теңге. Ұлым экология мамандығын таңдап отыр. Жақында «Мейірім» акциясы аясында облыс әкімінің қолынан ноутбук алды. Студент балаға бірден бір қажет құрал ғой. Қуанып қалдық. Әйтеуір, қолдан келгендерінше көмектесіп жатқан азаматтарға алғыс айтамыз, — дейді Рая Кенжешова.

Қазір елімізде инклюзивті білім беру кеңінен насихатталуда. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар жалпы білім беретін мектептерде басқа қатарларымен бірге оқиды. Инклюзивті білім алуға бір мысал — осы.

Ақтөбе қаласының тұрғыны, зейнеткер Ақмаңдай Ырзықова — немересін тәрбиелеп отырған әжелердің бірі. Әженің ұлы-келіні Байғанинде тұрады. Ал сол ұлының 2002 жылы туған қызы 4 жасында қатты ауырып, Ақтөбеге келеді. Ақтөбедегілер де анықтама қоя алмай, Алматыдағы ауруханаға аттанады. Алматылық дәрігерлер аш ішектің түгі кеткендігін, қатаң режимде диета ұстау керектігін айтады. Содан бері Арайлым әжесінің қолында қалада тұрады.

Биыл Арайлым №34 орта мектептің 4-сыныбында оқиды. Денсаулығы шүкір, жақсы. Бірақ тек әжесінің күтіп-баптауымен ғана жүр. Ол бала болып кез келген қалаған тамағын жемейді. Әйтпесе, ауырып қалады. Сондықтан да дәрігерлер жазып берген үстел бойынша әжесі дайындаған диеталық тағамдарды жейді.

— Бала болып жүгіріп, асыр салып ойнап кететіні бар. Бірақ, абайлау қажет. Дәрігерлер дене шынықтыру сабағына қатысуға болмайды деген анықтама берді. Баға қойылмаса да, кейде қатарларынан қалғысы келмей, қатысады. Мұғалімдеріне ескертіп қойдым. Мына ауруына қоса, дәрігерлер жүрегінде де ақау бар деп еді, биыл Алматыға тексерілуге барғанда жүректегі ақау бітеліп келе жатқандығын айтты. Қуанып қалдық. Айтпақшы, бірде Арайлым салқын тиіп ауырып қалды. Дәрі беріп едік, одан сайын іші ауырды. Алматыдағы дәрігерлеріне хабарласып едік, ешқандай дәрі бермей, тек диетаны қатаң ұстану керектігін айтты.  Сөйтіп, диетаның көмегімен немеремнің денсаулығы  қайта қалпына келді. Арайлымға қой мен сиырдың етін, макарон және бидай ұнынан жасалған өнімдерді  мүлдем жеуге болмайды. Дәрігерлер негізінен көкөністер, балқытылған ірімшік, жүгерінің барлық түрін жеуге кеңес берді. Жүгері ұнынан нан жасап берейін деп ем, Ақтөбеден таба алмадым. Бала жастан мүгедектігіне үкіметтен 15 мың теңгедей жәрдемақы алады. Жетпеген жеріне өзімнің зейнетақымды қосамын. Балама қажетін алып беремін ғой енді. Кеше жетпей қалған бір-екі кітабын алып бердім, алты мың теңгедей жұмсадым , — дейді Ақмаңдай әже.

Әже, қай жақтан екенін білмейді, әйтеуір осы жергілікті билік құрылымдарының бірінен келген бір қызметкер әже мен немересін ертіп, «Шығыс» базарына алып барыпты. Арайлымға өлшеп мектеп формасын, спорт киімін және мектеп сөмкесін, басқа да оқу құралдарын сатып алып беріпті. Енді Арайлым мектепке баруға дайын. Әжесі мектепке баруға дайындықты пысықтап, оқушылардың керек-жарағын алып беріп, бүтінделуге көмектескен азаматтарға алғыс айтады.

Р.S. Бұл — біз сөйлескен екі баланың ғана жағдайы. Республикалық «Мектепке жол» акциясы секілді жоғарыда аты аталған акциялардың осындай мүмкіндігі шектеулі балалардың жоғын бүтіндеуге ықпалын тигізері анық. Тек осындай көңіл мен көрсетіліп жатқан көмек мүмкіндігі шектеулі балалардың бәріне бірдей жетіп, бір де бірі тыс қалып қоймаса дұрыс болар еді…

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button