Мәдениет

Бірлігіміз арта берсін!


Константин ЦХАЙ, Корей ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі:

– 1991 жылы облыстық корей ұлттық-мәдени орталығы құрылды. Арада төрт жыл өткен соң біздің орталық Қазақстан корейлері Ассоциациясының Ақтөбе облыстық филиалы атанды.

Деректерге сүйенсек, корейлер Ақтөбе өңіріне 1937 жылдан бастап қоныстана бастаған. Яғни Ресейдің Қиыр Шығысынан жер аударылған. Шамамен 1000-ға жуық адам бұрынғы Қарабұтақ ауданының аумағына әкелінген. Қуғынға ұшыраған корейлердің жыры бұнымен біткен жоқ: көптеген корейге жазықсыз жала жабылып, тұтқындалды, ал 120-дан аса адам өте ауыр жазаға тартылды.

Жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығының, пейілдерінің кеңдігінің арқасында корейлер Ақтөбеге тез сіңісіп кетті. Қазірде корей диаспорасының көптеген өкілдерінің есімін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Олардың арасында Анатолий Чиковани, Петр Ким, Марс Ким, Николай Хан, Дык-ман Югай, Борис Ким, Елена Югай, Леонид Ким бар.

2007 жылы корейлердің Ақтөбеге қоныс аударғанына 70 жылдығына орай кең көлемде шара ұйымдастырылды. Оған республикалық мемлекеттік корей театры да қатысты.

Бүгінде ұлттық-мәдени орталықтың жанынан ашылған кешкі мектепте корейлер ана тілдерін үйреніп жатыр. Онда жас шамасы 10-60 жас аралығындағы 80-ге жуық адам дәріс алуда.

Біздің орталық облыстағы барлық ұлттық-мәдени орталықтармен тығыз қарым-қатынаста. Орталықтың жетістіктері аз емес. Бір ғана мысал келтірейін, былтыр Галина Ажгалиева жетекшілік ететін  «Чхинсон» ансамблі халықтық атағын иеленді.

Қазір филиалда 1000-нан аса корей бар. Біздің мәдени орталық қазір аудандарда филиалдар ашуды қолға алып жатыр. Біздің бірінші филиалымыз 2008 жылы Мәртөк ауданында ашылды. Оның жетекшісі – А. Шек.

Мереке қарсаңында газет оқырмандарын, еліміздің тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, бірлігіміз бен ынтымағымыз арта берсін дегім келеді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button