Басты жаңалықтар

Астықты өңірге сапар

Жексенбі күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетов іссапармен Әйтеке би ауданына барды. Онда Архимед Бегежанұлы бірнеше нысанды аралап көріп, мекемелердің жұмысымен танысты.

Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов бастаған топ алдымен ат басын бұрған нысан — Бенқала мыс кен орны. «KazCopper» ЖШС басшылық ететін бұл кеніш — Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (ҮИИД) аясында қолға алынған «Индустрияландыру картасына» (өңірлік карта) кірген инвестициялық жобалардың бірі.

Жоба жұмысымен «KazCopper» ЖШС бас директоры Үмбет Мәлінбаев таныстырды. Кешеннің жалпы аумағы — 160 гектар. Жалпы құны — 5 609,2 млн. теңге. Жоба құрылысы 2 кезеңде (2010-2011 және 2012-2014 жылдар) жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жылына 7 мың тонна катодты мыс өндіріледі. Ал жоба толық қуатында іске қосылғанда жыл сайын 20 мың тоннаға дейін өнім өндірілетін болады.

Құрылыс жұмысы былтыр жазда басталды. Бірінші кезеңді 2011 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Сұйық экстракция және электролиз технологиясын пайдалану жоғары технологиялық өндіріске жатады. Мұнда қолданылатын технологияның («SX-EW» технологиясы)  Қазақстанда баламасы жоқ, — дейді Үмбет Сұлтанұлы. Аталған технологияны қолданған кезде тотығуы төмен мыс өндіруге мүмкіндік туады, төменгі құрамды көптеген мыс кен орындарын іздестіруге оң ықпал етеді. Өндірілген өнім (катодты мыс) дайын өнім болып саналады және одан әрі өңдеуді қажет етпейді.

Бұл кен орны еліміздегі Қоңырат, Ақтоғай, Айдарлы, Көксай сияқты ірі кеніштермен теңдес келеді.

Кен құрамындағы мыс шамамен 0,5 пайыз болады. Кен орнындағы мыстың қоры 2 млн. тонна. Сондай-ақ халькозиндік кеннің қоры 200 мың тоннаға жетеді, — дейді «KazCopper» ЖШС бас директоры. Жоба жүзеге асырылғанда, жыл сайын бюджетке 400,0 мың АҚШ доллары көлемінде кіріс түседі. Қазір кен орнындағы құрылыс жұмыстарына 400-ге жуық адам тартылған. Кәсіпорын толық қуатында пайдалануға берілгенде, 500 адам еңбек ететін болады.

Жұмысшылардың орташа жалақысы  — 120-150 мың теңге. Жоба жүзеге асқанда, өнім өндірілген кезде жалақы бұдан да көп төленетін болады, — дейді Үмбет Мәлінбаев. Кешенде салынып жатқан вахталық поселке қарашада пайдалануға беріледі екен. Қазір жұмысшылар  уақытша баспанада тұрып жатыр.

Үмбет Сұлтанұлының айтуынша, жобаны жүзеге асыруда ешқандай кедергі жоқ. Бар мәселені — жобаны қаржыландыру, техникамен қамту, инфрақұрылым  тартуды  «KazCopper» компаниясының өзі шешкен. Кәсіпорын орналасқан жерден 14 шақырым қашықтықта Шолақсай стансасы бар. Бұл жүк тасымалын жеңілдетеді.  Әр түрлі қуаттағы электр желілерін тартудың да мүмкіндігі мол.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов «KazCopper» ЖШС бас директоры Үмбет Мәлінбаевқа Бенқала кен орнындағы жоба жұмысының бірінші кезеңін желтоқсанның 14-іне дейін аяқтауды тапсырды.

Бұдан соң облыс басшысы бастаған топ «Алтынсарино» ЖШС иелігіне пайдалануға берілген астықты алқапта болды. Серіктестік директоры Борис Князев ұжым жұмысымен таныстырды. Қостанай облысының Қамысты ауданына қарасты «Алтынсарино» ЖШС жұмысының негізгі бағыты — мал шаруашылығы. Серіктестіктің иелігінде МТШ, автогараж, құрылыс бөлімше, мұнай базасы, темір жол тұйығы, 2 мал шаруашылық кешені, 7 егіншілік бригадасы, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, мәдениет үйі, мұражай, дене шынықтыру кешені, дәмхана, наубайхана, асхана, кулинария бар. Осы ұжымда барлығы 717 адам еңбек етеді. Серіктестік биыл мал азығына — 7  788 тонна шөп, 8 604 тонна пішен, 13 604 сүрлем дайындаған.

Аталған шаруашылық Әйтеке би ауданы аумағынан егін егуге 28 мың гектар жер алыпты. Биыл сол жердің 21  204 гектарына дәнді дақыл  себілген.

Әйтеке би ауданынан егістік жер алып, дәнді дақыл өсіргенімізге биыл үшінші жыл. Бастапқы жылы егістік көлемі (7 мың гектар) аздау болды. Былтыр 12 мың гектар жерге тұқым септік. Биыл 21 мың гектар жерден астық жинап жатырмыз. Қазірдің өзінде 15,5 мың гектар жердің астығы орылды. Енді қалғаны — 5,5 мың гектар алқаптағы астық. Ауа райы қолайлы болса, 10-12 күнде жұмыс аяқталады, — дейді Борис Князев.

Биыл егін егу жұмыстарына 18  жергілікті тұрғын тартылыпты. Оларға серіктестік жалақымен (100 мың теңге) бірге, тегін тамақ беріп, жатын орынмен қамтыған. Бірақ 8-і жұмысты салғырт істеп, ақыры жұмыстан шығыпты.  Әйтеке би ауданының әкімі директоры Есімхан Есенбаевтың айтуынша, аудан еңбеккерлерінің «Алтынсарино» ЖШС директоры Борис Князевтен үйренгені көп.

Борис Князев жер өңдеу, топырақ құнарлылығын арттыру, жаңа технологиямен жұмыс істеудің тиімділігі туралы бірнеше семинар өткізді, — дейді аудан басшысы.

Архимед Бегежанұлы жұмысқа ауыл жастарын көбірек тарту керектігін айтты. Сонымен қатар егін оруды қазанның 1-іне дейін аяқтауды тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудандық әкімдік ғимаратында ауыл еңбеккерлерімен басқосу өткізді. Онда аудан басшысы Есімхан Есенбаевтың баяндамасы тыңдалды. Әйтеке би ауданының егін алқабы — 178 045 гектар. Қазір ауданда орақ науқаны   басталды. Күзгі жиын-терім жұмыстарына барлығы 449 комбайн, 303 автокөлік жұмылдырылған.

Дәл қазір 116 745 гектар жердің астығы орылды, жалпы өнім — 76 616 тонна. Гектарына 6,5 центнерден өнім алынып жатыр. Күн сайын 4 800 гектар астық алқабы орылады. Егін оруды қыркүйектің 28-іне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді аудан басшысы.

Кыркүйектің 1-і күнгі мәлімет бойынша, ауданда — 61 500  ірі қара, 102 200 қой мен қозы, 10 700 шошқа, 9 700 жылқы, 88 000 құс бар.

Есімхан Есенбаевтың айтуынша, аудан қысқа әзір. Ауданда жалпы 55 жылу қазандығы бар. Бүгінде олардың барлығы жылу беру маусымына дайын.

Қазанның 15-інен кейін облыс орталығында ауыл шаруашылығына қатысты үлкен жиын өтеді. Сонда бұл салаға қатысты барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, шешу жолдары қарастырылатын болады.

Соңғы бір жарым айда облыс бойынша орташа жалақы 4 мың теңгеге өсіп отыр. Соған сәйкес, орташа жалақы — 82 мың теңге. Ал аудан бойынша орташа жалақы — 53 мың теңге. Бұл облыс бойынша төменгі көрсеткіштерге жатады. Сондықтан жалақы мәселесін ретке келтіру керек. Тағы бір мәселе, ауданда орта және шағын кәсіпкерліктің дамуы төмен. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша ауданнан бірде-бір өтініш түспеген. Бүгінде еңбек етуге ынталы адамға үкімет тарапынан көп көмек көрсетіліп жатыр. Мысалы, субсидия берілуде. Сондықтан мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  еліміздің ет экспортын 2016 жылға дейін 60 мың тоннаға жеткізу керектігін тапсырды. Бұл — қазіргі жағдайдағы 4 миллион тонна бидай экспортына тең әлеуеті зор жоба. Міндеттелген межеге жету үшін көп еңбектену қажет. Ауданда қой мен қозының өсімі жақсы. Қалған малдардың санын көбейту керек.

Шешілмейтін мәселе жоқ, сол бағыттағы жұмыстарды тиянақты тындыруымыз керек, — деді басқосу қорытындысында Архимед Мұхамбетов. Өз сөзінде облыс әкімі Архимед Бегежанұлы аудан орталығы — Комсомол ауылында мешіт салынатындығын жеткізді. Мешіт құрылысына облыс тарапынан да көмек көрсетіледі. Жалпы ауданда 3 мешіт бар.

Жиыннан соң облыс басшысы №9 Әйтеке би кәсіптік лицейіне бас сұқты. Лицейде 5 мамандық бойынша 225 оқушы білім алып жатыр. 2010-2011 жылдары «Жол картасы» бағдарламасы аясында 7 мамандық бойынша 365 маман қайта даярлау курстарынан өтіпті. Лицей ұжымы аудан және облыс көлемінде ұйымдастырылған жарыстарда жүлделі орындарды иеленген.

Аталған білім мекемесінің оқу ғимаратында 11 оқу кабинеті, медициналық кабинет және жаңа талапқа сай жабдықталған асхана бар. Лицей директоры Асылбек Қанымбаевтың айтуынша, 240 адамға арналған 4 қабатты жатақхана, 120 адамға арналған асхана, 2 өндірістік оқу шеберханасы, спорт алаңы, компьютерлік кабинет, кітапхана күрделі жөндеуді қажет етеді.

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ Аралтөбе ауылындағы Қызылжұлдыз орта мектебі мен Қарабұтақтағы Т.Шевченко атындағы орта мектептерді аралап көрді. 2009 жылы пайдалануға берілген Қызылжұлдыз орта мектебінде қазір 147 оқушы білім алып жатыр. Маман жеткілікті. Материалдық-техникалық базасы да жақсы. Ал Т.Шевченко атындағы орта мектептің жағдайы нашар. Мектеп директоры Амангелді Жанқұловтың айтуынша, білім шаңырағына күрделі жөндеу қажет. Жылу жүйесінің әбден тозығы жеткен. Сонымен қатар, бастауыш сынып парталары талапқа сай емес. Асхана, акт залдары толық жабдықталмаған. Оқушылар тасымалын ұйымдастыруда да проблема бар. Көлік қажет екен. Мектептердің жағдайымен танысқан соң Архимед Бегежанұлы «Қарабұтақ» мешітінде болып, ауыл ақсақалдарымен тілдесті.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Әйтеке би ауданына іссапары  қорытындысында журналистерге сұхбат берді.

Бүгін жұмыс сапарымен Әйтеке би ауданына келдім. Мұндағы бірнеше нысандарда болып, мамандармен, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерімен кездестім. Әйтеке би ауданы — облыс бойынша егінді көп өсіретін аудан.  160 мың гектар жерге дәнді дақыл егіліп, гектарынан 6,5 центнер өнім алынып отыр. Бұл облыс көрсеткішімен салыстырғанда аздау. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру керек. Соңғы мәлімет бойынша, ауданда астық алқабының 75 пайызы орылған.

Ауданда бұрын өндіріс орны жоқ болатын. Желтоқсан айында «KazCopper» серіктестігінің  қолға алуымен бұл ауданда алғаш рет кен орны іске қосылады. Бұл — мақтанып айтуға лайықты жоба. Бенқала кен орнының халықтың әлеуметтік мәселелерін шешіп, экономиканың ілгері дами түсуіне қосар үлесі зор болмақ. Аталған мекемеде қазірдің өзінде 400-ге жуық жұмыс орны ашылды. Жоба жүзеге асырылғанда, осы мекемеден жергілікті бюджетке жылына 400 мың АҚШ доллары көлемінде кіріс түседі.

Аудандарды аралағанда әлеуметтік нысандарға көбірек көңіл бөлемін. Әлгінде ғана №9 Әйтеке би кәсіптік лицейінде, Тарас Шевченко атындағы орта мектепте болдым. Бұл білім мекемелерінде бірнеше проблема бар. Оларға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Әсіресе, жылу жүйесін жаңарту қажет. Сонымен қатар, арнайы кабинеттерді талапқа сай жабдықтау керек. Мұндай мектеп тек қана Әйтеке би ауданында емес, басқа аудандарда да бар.  Сондықтан, облыстық бюджеттің басты бағыты ескірген және апатты жағдайдағы әлеуметтік нысандардың — мектеп, балабақша, аурухана, емханалардың проблемаларын шешуге бағытталады.

Ауданда орташа жалақы аз. Осы мәселені шешу үшін аудан басшысына тапсырма бердім. Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпкерлердің санын көбейту қажет. Аудан басшылығы осы бағытта ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Ауданда ауыз сумен қамту, газдандыру үлкен мәселе болып отыр. Мұның басты себебі, аудан облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Қазір 32 елді мекеннің 8-і ғана орталықтандырылған су құбырымен қамтылған.

Бірінші кезекте Ақтөбе қаласы мен шағын қалалардың проблемасын шешуіміз керек. Себебі, ауыз сумен қамтуда алдымен халық саны ескеріледі.

Облыстағы 6 елді мекен суды тасып ішіп отыр. Келесі жылы сол ауылдарды ауыз сумен қамту мәселесі толық шешіледі.

Қарабұтақ ауылын газдандыру үшін техникалық негіздеме дайындалды. Құны — 1 миллиард 109 миллион теңге. Жобалық-сметалық құны бойынша қажетті қаржы бұдан да көп. Талап бойынша, техникалық негіздеме мен жобалық-сметалық құн бірдей болуы тиіс. Осыған байланысты бас мердігермен арада келіспеушілік бар. Жақын уақытта бұл мәселені реттейміз. Содан кейін газдандыру қай жылдан бастап қолға алынатыны шешіледі.

Жалпы ауданның жағдайы тұрақты, — деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button