Денсаулық

Жүрек дертінен сақтаныңыз!

25 қыркүйек — Бүкіләлемдік жүрек күні. Осыған орай елімізде 19-29 қыркүйек аралығында онкүндік өтіп жатыр. Онкүндік мақсаты — жүрек қан тамырлары ауруларын алдын ала анықтау.

Кеше Ақтөбеде де «Жүрек өмір сүру үшін қажет» атты ұранмен онкүндік басталды.

«Мега Шығыс» сауда үйінің алдында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметкерлері мен №2 қалалық емхананың дәрігерлері онкүндікке атсалысты.

Кардиолог, терапевт мамандар кеңес берді, қан қысымын, холестерин және глюкозаның мөлшерін, Кетле индексін анықтады, физикалық параметрлер мен дене салмағын өлшеді.

— 1999 жылдан бастап Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен Бүкіл әлемде жүрек күні аталып өтеді. Атаулы күнді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНЕСКО секілді ірі ұйымдар қолдады. Біздің елде де жүрек қан тамырлары аурулары қазіргі күні өте көп тіркеліп отыр.  Мысалы, қазір елімізде жұмысқа қабілетті ер азаматтардың өлім-жітімдерінің арасында жүрек қан тамырлары аурулары алдыңғы орындарда тұр. Алдын ала тексеру шараларын үнемі ұйымдастырып отырамыз, тұрғындардың өз денсаулығына бейжай қарайтынына қарным ашады. Әр адам кем дегенде жылына бір рет дәрігерге көрініп, өз денсалуғына алаңдаушылық білдіргені дұрыс. Әсіресе, қазақтар дәрігердің алдына ауруын әбден асқындырып алғанда ғана барады. Дәрігерге барып, алдын ала тексерілсеңіз,  ауруды ерте анықтап, оны дереу емдеуге мүмкіндігіңіз болады, — дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Райхан Ыбраева.

Бұл күні адам қарасы көп болды. Бірақ бәрі де кезек күткілері келмеді. Бас-аяғы екі сағаттың ішінде 60-тан астам адам көрініп, дәрігер кеңесін алды. Тұрғындардың көпшілігі қан қысымына шағым жасапты. Кейбірінде артық салмақ анықталды. Оларға жергілікті учаскелік дәрігерге көрінуге жолдама берілді.

Онкүндік аясында барлық қалалық емханаларда қауіпті факторлардың алдын алу мақсатында «Ашық есік күні» ұйымдастырылады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button