Басты жаңалықтар

«Менің Қазақстаным»: Хромтаудағы жүздесу

Астанадан шыққан «Менің Қазақстаным» деп аталатын ақпараттық-насихат пойызын Хромтау станциясында қарсы алушылар қарасы көп болды. Олардың арасында жергілікті тұрғындар, әр түрлі мамандық иелері, жастар, сондай-ақ осы станцияда еңбек ететін теміржолшылар қонақтарды тағатсыздана күтті.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойына тарту ретінде жол­ға шыққан «Менің Қазақ­станым» арнайы пойызындағылар негізінен елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, әлеуметтік сала қызметкерлері, өнер адамдары, спорт саңлақтары, басқа да мамандық иелері еді.

Аталған пойыз бұған дейін еліміздің солтүстік-шығыс өңірін аралады. Олар жаңа бағытта белгіленген он жеті күн ішінде он бес станцияға аялдама жасамақшы.

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы мен ҚР Мәдениет министрлігі ұйымдастырып отырған бұл шара халықпен қоян-қолтық араласудың, елімізде бұған дейін атқарылған жасампаз істерді жария етудің, алдағы міндеттерді түсіндірудің негізгі көзіне айналды.

Хромтау станциясындағы жүздесу барысында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин алғашқы болып сөз алды.

— Бүгін біз қасиетті Хромтау жеріне табан тіреп тұрмыз,— деді Нұрлан Зайроллаұлы,— Биылғы жыл бәріміз үшін ерекше кезеңге айналып отыр. Осыдан жиырма жыл бұрын басталған тәуекелі мол жол бізді Елбасымыздың сарабдал саясаты нәтижесінде осындай жақсы күнге жеткізіп отыр. Қазақстан қазір күллі әлемге танылды. Еліміздің мұндай биік дәрежеге жетуіне «ел экономикасының локомотиві» атанып отырған Ақтөбе облысының да, оның ішінде Хромтау өңірі тұрғындарының да үлесі мол.

Биыл туған елімізде мерекелік көңіл-күй жыл бойы берік орнығуда. Алғы даму жолымызды айқындау үшін де өткен жылдарда жеткен жетістіктерімізді жария ете білуіміз керек. Болашақ — жастардың қолында. Аға ұрпақтың атқарған шаруаларын лайықты жалғастырады деп сіздерге сенеміз!

Вокзал алаңында жиналған хромтаулық жастар бұл шақыруды көңілді қарсы алып,  қолдайтындықтарын білдірді.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов астаналық қонақтарға сәт сапар тілей отырып, бұл игілікті шараның қазақстандық патриотизмді күшейтуге зор ықпалы болатындығына сенім білдірді.

— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен елімізде көптеген ілгерілеулер орын алғанын бәріміз жақсы білеміз,— деді Архимед Бегежанұлы,— бірлік пен ауызбіршілік, ел тыныштығы — біздің басты байлығымыз. Бүгінгі сапар — өткенімізді саралау мен болашағымызды байыптаудың бір мүмкіндігі іспеттес болып отыр. Ендеше, осы тұрғыдан алғанда,  ақтөбеліктер алдағы уақытта да еліміздің ілгері дамуына лайықты үлесін қоса беретін болады.

Қонақтар атынан сөз алған ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев өздерінің ән-жыры халыққа арналатынын айтты.

Жергілікті тұрғындар атынан «Қазақ тілі» қоғамы аудандық бөлімшесінің төрайымы Мәриям Жұмағалиева Елбасы жүргізіп отырған саясатты қызу қолдайтындықтарын, өңір тұрғындары еліміздің экономикасын дамытуға алда да көрнекті үлес қоса беретіндіктерін жеткізді.

Вокзал алаңында «Атамекен» әні шырқалды.

 

Қабылдауда қозғалған мәселелер

Елбасы жетекшілік ететін партияға жұртшылық жоғары сенім білдіреді. Сондықтан да «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллиннің қабылдауына келгендер өздері ұсынған мәселелердің оң шешім табатындығына күмән білдірмеді.

Сондай адамдардың бірі Ақтөлеп Малғарин аудан орталығы үшін көптен бері  маңызды шаруа болып келе жатқан мәселені қозғады. Ол — аудандық мәдениет үйі құрылысын жүргізуге қатысты еді.

«Біз осы кезге дейін мәдени шаралар өткізуде, басқа да көпшілік жиындарды ұйымдастырғанда  кеншілердің Мәдениет үйін пайдаланып келеміз,— дейді Ақтөлеп Сәдуақасұлы,— ал қырық мың тұрғыны бар аудан үшін бұл жеткіліксіз. Нұрлан Нығматулин мен қозғаған мәселеге түсіністікпен қарады, мұндай мәдени ошақтың қазіргі кезде аса қажеттігін айтып, өз тарапынан ықпал жасайтындығына сендірді».

Ақтөлеп Малғарин мәдениет саласына сырттан келген адам емес. Ол 1966 жылы  Мәскеудегі  Щепкин  атындағы  музыка училищесін, одан кейін  Алматыдағы опера  студиясын  тәмамдап, сондағы  Абай  атындағы опера және  балет  театрында  жұмыс істеген. Уақытында Кәукен Кенжетаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Роза  Жаманова, Ермек  Серкебаев сынды  сахна  саңлақтарымен  қатар  өнер  көрсету  бақытына  ие  болған, «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан-Сара», «Кармен», «Аида» операларында, «Аққу көлі», «Бақшасарай   фонтаны», «Жизель» сияқты  классикалық туындыларда   көпшілік  сахналарында  өнер көрсеткен. «Қыз Жібек», «Найзатас» фильмдеріне  түсті.

1969 жылы  отбасылық  жағдаймен  елге  оралып, Қарабұтақ  аудандық  мәдениет  үйінің  директоры  болып  орналасады. Ал 1996 жылдан  Хромтау  аудандық мәдениет  бөлімінде  халық аспаптары  оркестрінің  дирижері,  балалар  студиясының  ұйымдастырушысы әрі  жетекшісі  болды. 2002 жылдан  көркемөнерпаздар  театрының  режиссері.

Ақтөлеп Малғарин көркемөнерпаздардың  бүкілодақтық фестивальдарында   екі рет  лауреат  атанды. Төрт рет республикалық  байқаулардың  лауреаты  болды. Ән шығарумен де айналысады, жиырмадан астам  әндердің  авторы.

Міне, өзі де жанын салып мәдениет майданында шабуылдап жүрген адамның осындай ұсыныс жасауын Нұрлан Нығматуллин  мырза дұрыс түсінді.

Ақтөбе мыс компаниясының лаборанты Айна Өтешова алыстан ат арытып, ата мекенге асығып жеткен қандастарымыздың көкейінде жүрген күрделі мәселені ортаға салды. Ол — соңғы он жылда өз тарихи Отанына қайтып оралған оралмандарды «Нұрлы көш» бағдарламасына енгізу жайы. Қазіргі уақытта аталған бағдарламамен 2009 жылдан кейін келгендер ғана қамтылады екен.

Шынында да бұл мәселе бұған дейін де республика деңгейінде көтеріле бастады. Яғни оның бірер күнде туындап отырған немесе жекелеген адамдардың мүддесін қорғаумен шектелетін жайт емес екендігі белгілі болып отыр. Осы тұрғыдан келгенде оралмандарға қатысты қандай да ұсыныс-тілектер «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы назарында тұратыны айтылды.

Хромтаудағы кәсіптік-техникалық лицейдің оқытушысы Марал Бижановты ауылдық жерде ел шаруасын көтеретін кадрлардың жетіспеушілігі мазасыздандырады екен. «Біздер белгілі бір салалар бойынша мамандар даярлап отырғандықтан, түлектердің жұмысқа орналасуы, олардың қоғамға пайда келтіруі жайына көңіл бөлмей тұра алмаймыз,— деді ол,— меніңше, қазіргі уақытта осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек деп есептеймін».

Марал Бижанов инженер, агроном, зоотехник мамандарын алыс ауылдарға қызметке жіберу мақсатында оларды «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында қамтуды ұсынды. Өйткені өзіне нақты жағдайлар жасалатынын біліп тұрған жас маман болашағын ойлап, елге барып жұмыс істер еді. Ал қазіргі уақытта ауылға қардар болып отырған осындай мамандық иелері қаладан аттап басқысы келмейді.

Қабылдаудан шыққаннан кейін лицей оқытушысы: «Менің ұсынысым қараусыз қалмайтынын білемін, өйткені, «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы — партиялық, «нұротандық» бағдарлама болып табылады»,— деді сеніммен.

«Нұр Отан» партиясының еліміз бойынша сапарының алғашқы кезеңінде қабылдауда 320 адам болыпты. Олардың көтерген мәселелерінің барлығы да бақылауға алынып, тиісті шаралар жасалуы үшін соған қатысты мемлекеттік ұйым-мекемелерге жолданыпты.

Алға қойған мақсаты — елдің барлық аймақтарының тұрғындарына нақты көмек көрсету болып табылатын қабылдау бөліміне келушілер ризалық сезімімен шығып жатты. Бөле-жара айтатын бір ерекшелік, жекелеген адамдардың көбісі өз басы мүддесін емес, халық игілігі тұрғысындағы қажеттіліктерді, рухани сұраныстарды қозғады.

 

«Хромтаудан да чемпиондар шығады»

 

Насихаттық топ құрамында Ермахан Ыбырайымов, Юрий Мельниченко секілді есімдері күллі әлемге танымал спорт жұлдыздарының болуы әсіресе жастар мен балғындар тарапынан ерекше қуаныш сезімдерін тудырды. Көпшілікпен кездескеннен кейін қадірлі қонақтар бірден Дөң  кен байыту  комбинатының  дене шынықтыру-сауықтыру  орталығына беттеді. Мұнда олар алып кешеннің жұмысымен танысты, үйірмелерде болып жатқан жаттығуларды көрді.

Содан кейін Юрий Мельниченко залдағы кілем үстіне шығып, жас балуандармен жүздесті. Ол өзінің жас кезінен күреспен шұғылданғанын, жеңістің оңайшылықпен келмейтінін, ол үшін ащы тер төгу қажеттігін әңгімелеп берді.

Шынында да еңбек сіңірген спорт шебері, «Парасат» орденінің иегері Юрий Мельниченконың спорттағы жетістіктері мақтан тұтуға тұрарлық. Ол — еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында палуандар арасында Олимпиада чемпионы болған жалғыз жүйрік. 1996 жылы Атлантада алған алтын медалі де жанкүйерлердің жадында. Бүгінде республикамызда грек-рим және еркін күрестің биік дәрежеде дамуына тікелей үлес қосып жүрген саңлақ спортшының шәкірттері көптеп саналады.

Атақты палуан хромтаулық балғындармен жаттығу өткізу барысында жас түлек Ерлан Аймағамбетовті ортаға шығарып, онымен бірге күрес тәсілдерін үйретті.

Жаттығу соңында ол «Сендерге табыс тілеймін, хромтаулықтардың арасынан таяу жылдарда чемпиондар шығатынына күмәнданбаймын. Өйткені, мұнда жаттығуға, шеберліктеріңді шыңдауға, республикалық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтауларыңызға мүмкіндіктер барлығы байқалып тұр. Мен бұдан былай сендерге жанкүйер болып жүремін»,— деп жылы лебізін білдірді.

Қазір мұнда еркін күреспен қырық бес бала шұғылданады. Күрестен спорт шебері Аслан Жолмұратов шәкірттерінің болашағына үміті мол екенін жасырған жоқ.

Алдағы уақытта Хромтауда күрес өнерінің қарқынды дамитындығына біз де сенгіміз келеді. Өйткені Юрий Мельниченко секілді дара туған тұлғалар кез келген жерге барып, оң сапар тілеп жатқан жоқ қой.

Ал бокстан әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының алтынын арыстандай алысып жүріп алған  Ермахан Ыбырайымовты қаумалап, онымен жүздесуге асыққандар бұл күні аз болған жоқ. Ермахан да елді сағынып қалғаны байқалады.

— Мен Ақтөбе өңіріне жылына кемі бір рет келіп тұрамын. Ақтөбе — менің бағымды ашқан қала, Олимпиада чемпионы болуыма ықпал етті,— деді ол журналистерге берген сұхбатында,— осы өңірде талантты спортшылар көп, олардың алда талай ел намысын лайықты қорғап, жүлделер алып келетініне сенемін.

Ермахан Ыбырайымов осы сапарында өзінің өңірдегі спорт нысандарында болып, бапкерлерге кеңес берумен шұғылданып, сондай-ақ жас буынға үлгі-сабақтарын өткізетіндігін мәлім етті.

— Спорт пен дене тәрбиесі туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында ерекше айтылды,— деді танымал боксшы,— сондықтан біз кәсіби бағытта ғана жұмыс істеп қоймай, жұртшылықпен кездесу барысында егеменді еліміздің Тәуелсіздігінің жиырма жылы ішіндегі табыстарымызды халыққа жеткізіп отырамыз.

Еліміздің атақты спортшыларын хромтаулықтар алақанына салып ұстады десе де болғандай еді. Өйткені, бұрын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ғана есімдері танымал спорт жұлдыздары бүгін орталарына келді. Олардың жас буынға берген тәлімі жақсы биіктерге жетелейтіні сөзсіз.

Бір кездері халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо күресінен Азия, әлем чемпионаттарына, Сидней олимпиадасына қатысқан Гүлнәр Көшербаева, бокстан Кеңестер Одағының чемпионы атанған спорт шебері Юрий Алифиренко секілді таланттар түлеп ұшқан Хромтау осы жақсы дәстүрді күні ертең де жалғастыруға пейілді.

* * *

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы ықпалымен ұйымдастырылған шаралар аясы шектеулі болған жоқ. Бұл күні әлеуметтік қамсыздан­ды­ру мен банк саласындағы қызметтерден кеңес алушылар қарамы көп көрінді. Астанадан келген денсаулық саласы қызметкерлері де бір сәтке тыным таппады.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев, Хромтау ауданының әкімі Аязбай Османғалиев, шараға белсене қатысып жүрген «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев, «Қазақ теміржолы» Ақтөбе бөлімшесінің директоры Жарас Ізғұлов және басқалары бізге ел бірлігін нығайта түсетін мұндай жүздесулердің берері көптігін айтты.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Хромтау ауданы.

***

Келесі аялдама: Мұғалжар

Мұғалжар мерейлі мерекеге бөленді.  Хромтаудан шыққан «Менің Қазақстаным» керуен пойызы сейсенбіде Қандыағаш қаласына келіп тоқтады.

Керуен пойызының құрамында «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының талдау және әлеуметтік зерттеулер орталығының басшысы Қазбек Қазкенов, «Қазақконцерт» АҚ әншілері, «Гүлдер» ансамблінің әншілері мен бишілері, сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі А. Қоразбаев пен Ж. Сейдолла, «Бәйтерек» тобы, т.б. өнер жұлдыздары, Олимпиада чемпиондары Е. Ыбырайымов, Ю. Мельниченко, әлеуметтік қызмет, денсаулық сақтау, қаржы министрліктерінің өкілдері бар.

Тәуелсіздікті дәріптеп, еңселі егемендіктің жетістігін жария етіп, ауданға келген мәртебесі биік елордалықтарды «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы Б. Ордабаев, облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары С. Әбдірахманов, аудан әкімі С. Шаңғұтов бастаған аудан басшылары мен қала тұрғындары сән-салтанатпен қарсы алды.

Керуен пойыздан түскен қонақтардың алдынан ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ақтан ауыз тигізіп, жеті шелпек таратып, үлкен қошеметпен күтіп алды.

Теміржол вокзалы алаңында қала тұрғындарымен өткен митингінде Қ. Қазкенов  сөз алып, керуен пойызының мақсатын түсіндіріп, халықты бірлікке шақырды.

Өнер жұлдыздарына жетекшілік етіп келген ҚР халық әртісі А. Қоразбаев:

— Мұғалжар жері — қазақ-классика музыкасының атасы Ахмет Жұбановтың туған жері. Осындай ғұлама тудырған тарихы терең тартқан киелі жерге келіп, өнер көрсету — біз үшін мәртебе. Мен халықпен кездесіп, зор қуанышқа бөленіп тұрмын. Өнер жұлдыздарының сіздерге арнап салған әні араға 10 жыл салып, осы елге қайтып келгенше құлақтарыңыздан кетпесін, — деді ол.

Аудан әкімі Серік Шаңғұтов соңғы жылда жеткен аудан жетістіктерін айтып, өңір тарихынан сыр шертті.

— Құрметті «Менің Қазақстаным» үгіт-насихат пойызының мәртебелі жолаушылары, егеменді еліміздің осы жылдарда қол жеткізген жетістіктері мен бағындырған шыңдарын насихаттап, ұзақ сапар шегіп келесіздер. Сіздердің ауданымызға келіп, қала тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, беретін кеңестеріңіз — аудан халқы үшін зор қуаныш. Сіздерге шығармашылық табыстар тілеймін, — деді ол.

«Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының өкілдері аудандық Мәдениет үйінде лекция өткізіп, 20 жылдағы елдің дамуы тұрғысында ой бөлісті. Ал дәрігерлер, әлеуметтік қызмет мамандары, қаржыгерлер тұрғындарды қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді. Кеңес алуға келген аудан тұрғындарының кезегінде лек болмады.

— Осы пойыздың кестесінде көрсетілген станцияларда жоғары мамандандырылған медициналық мамандардың көмегін ұйымдастырып келеміз. Шалғайдағы ауыл адамдары келіп,  қажетті медициналық көмектер алып жатыр.  Мұғалжар ауданында  медицинаның жақсы дамығанын көріп отырмыз. Алайда жетіспейтін тұстарын да байқап, алдағы уақытта ескеру керек жайттармен таныстық,— деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмек ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Е. Мырзағұлов.

Ал чемпиондар Е. Ыбырайымов пен Ю.Мельниченко Қандыағаш қалалық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде мұғалжарлық жас спортшыларға өз салалары бойынша мастер-класс жүргізді.

Бұдан кейін аудан тұрғындары мен балалар Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» және Данияр Саламатовтың «Бәйтерек» фильмдерін көріп, зор әсер алды.

Ал кешкілік өнер қайраткерлері Алтынбек Қоразбаев пен Жеңіс Сейдолла бастаған «Қазақконцерт» пен «Гүлдер» ансамблінің өнерпаз әнші-бишілері орталық стадионда жиналған халыққа ән мен биден шашу шашты.

Қандығаш қаласының бір топ тұрғындарынан олардың бүгінгі күннен алған әсерлерін білдік. Олар бізге былай деп жауап берді.

Рая Нұрмағанбетова:

— Біздің қазақ эстрада жұлдыздарының концертін тек теледидардан көретін едім. Күнделікті тыңдап жүрген әндерді әртістерің өздері келіп орындағанды тірідей тыңдау, көру – екі есе әсер береді екен. Сүйікті әншілерім Алтынбек Қоразбаев пен Жеңіс Сейдоллаұлын көру тіптен қуаныш болды. Бағдат Сәмединова да өзі сондай сыпайы, күлімдеген, әдемі әнші екен. Өлеңдеріне де, өзіне де риза болдым. Байқағаным, біздің жерде музыкаға әуес және жақсы көретін тыңдармандар көп екен. Олай дейтінім, орталық стадион көрермендерге толы болды. Концерт мерекеге сәйкес жақсы көңіл күй сыйлады. Әншілеріміз бен бишілерімізге алыстан сапарлатып келгендеріне көп рахмет. Және де болашақта осындай концерттер ұйымдастырылып тұрса деймін.

Гүлназ Байманова:

— Қаламызға «Менің Қазақстаным» керуен-пойызының келуі – мұғалжарлықтар үшін зор қуаныш болды. Келушілер қатарында түрлі министрліктер өкілдері бар екен. Олар өз салалары бойынша тұрғындарды қабылдады. Ал кешкілік болған концерт өте ұнады. Әншілер күннің суығына қарамай, бізге өздерінің әндерімен халыққа деген жылы сезімдерін бере алды. Менің сүйікті тобым — «Бәйтерек» бірнеше әндерін орындады. Әсіресе «Ханшайым», «Сені іздеймін» және «Сүйген адам кешірімді» әндері көпке танымал. Қыздар тіптен олармен қосылып, ән айтып отырды. Қандыағаш қаласы оларға ұнады деп ойлаймын. Оны олардың бізге деген ілтипатынан көруге болады. Ал тұрғындардың алғысында шек жоқ.

Бақыт Сәрсенова:

— Өнер жұлдыздарын көріп бір мәз болып қалдық. «Менің Қазақстаным» пойыз-керуенінің Астана қаласынан шыққандығынан күнделікті телеарналардан хабардар болғанбыз. Содан бері күтіп келдік. Бұл — жыл сайын бола бермейтін жағдай. Күнде теледидардан көріп жүрген өнер адамдарын жүзбе-жүз көрудің өзі қандай?! «Бәйтерек» тобын, белгілі спорт жұлдыздарын көрген балаларым мәз-мейрам болды. Отбасымызбен негізінде «Музарт» тобын, Мақпал Жүнісованы, Роза Рымбаеваны күтіп едік. Өкінішке орай, оларды көре алмадық.

Талғат Өтемұратов:

— Бұл шараның үлкен саяси мәні бар. Елбасының тапсырмасымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай ел аралап келе жатқан саяси-идеологиялық пойыз-керуені еліміздің жиырма жыл ішінде қандай дәрежеге жеткендігін насихаттап, шалғай жатқан елді мекендердің тұрғындарымен жүздесуінің өзі — маңызды шара. Түрлі әлеуметтік сала бойынша министрліктерден келген өкілдер аудан тұрғындарымен кездесіп, шешілмей жүрген мәселелері бойынша кеңес берді. Үнемі теледидардан көріп жүрген өнер, спорт жұлдыздарын көріп олардың шығармашылықтарына тәнті болдық.

Бану ЖАРТИНА,

Мұғалжар ауданы.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button