Денсаулық

Көз

Мәліметтерге сүйенсек, әлемде 45 миллионнан астам адамның көзі мүлде көрмейді. Одан бөлек, 135 миллион адам түрлі көз ауруына шалдыққан. Ал елімізде көз ауруларына шалдыққан адамдардың саны миллионнан асады. Әсіресе, глаукома өте көп: медициналық тіркеуде 37 мың адам есепте тұр. Глаукомаға (су қараңғы) шалдығушылардың саны жыл сайын көбейіп барады. Өкініштісі, елімізде нәрестелердің өзі соқыр болып туып жатыр.
Мамандар еліміздің мектептерінде көз дәрігері кабинеттерінің жоқтығына алаңдаушылық білдіреді. Республика мектептерінің 30 пайызы ғана арнайы кабинеттермен жабдықталған. Сонымен қатар, аймақтарда офтальмологтер өте аз. Республика өңірлерінде офтальмолог-хирургтардың микрохирургиялық техникалары да жеткіліксіз. Ауылдық жерлерде тиісті дәрежеде микрохирургиялық ем жасайтын жоғары кәсіби мамандар жоқтың қасы. Қазір елімізде небары 1000 офтальмолог жұмыс жасайды. Республикадағы 160 аудандық ауруханаларда талапқа сай 800 дәрігер қызмет жасауы тиіс. Маман тапшылығының салдарынан, 110 маман ғана жұмыс жасап жатыр. Елімізде балалар офтальмологтері тіпті аз. 167 балалар офтальмологінің алтауы ғана елді мекендерде қызмет етеді.

 

… «Жасарып» барады

Офтальмолог-дәрігерлердің айтуынша, көз аурулары «жасарып» барады. Бұған түрлі факторлар әсер етіп отыр: компьютер, теледидар, ұялы телефон, экологияның нашарлығы, дұрыс тамақтанбау.
Көздің кейбір аурулары инфекциялық сипатта: коньюктивит, трахома және басқа. Негізінен, инфекция жұғатын заттар: жамылғы-төсеніш, бет орамал. Әрине, олар таза болса, зиянды емес. Сондай-ақ, көп жағдайда инфекция кір қолдан да түседі.
Егер адам көзіндегі сұйықтың қалыпты айналу жағдайы бұзылса, көз ішінің қысымы жоғарылайды, глоукома ауруы пайда болады. Адамның ішкі органдары сырқатқа шалдықса да ол көзге әсер етеді. Орталық және шеткі жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырының жүйесі ауырса да, адам уланса да, ағзадағы зат алмасу бұзылса да, ішкі секреция бездері зақымданса да көз маңайында ауру процесстері басталса да көзді ауыртады. Бір көздің жарақаттануы екінші көзге де әсер етеді.

Көздің көруінің нашарлауынан, оның сәуле сындыру күшінің ақауларынан (алыстан көргіштік, алыстан көрмеушілік, астигматтық, дальтонизм) пайда болатын және іштен туа біткен көз аурулары көп. Соңғы жылдары іштен туа біткен ауру — глаукома мен көз жарақаттары жиі кездеседі. Әсіресе, басыр, бленнорея, катаракта, коньюктивит, көзге ақ түсу ауруларының саны басым. Көзге ақ түсу, лейкома (Leu coma corneae) — көздің қасаң қабығының ауруы. Бұл, көбінесе, жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан болады. Қызылша, шешек, туберкулез ауруларының асқынуынан қасаң қабықта ақ дақ пайда болып, ол кейде беріштеніп бітуі мүмкін. Мұның салдарынан көздің көруіне нұқсан келеді. Көздің көруі қасаң қабықтың қай жеріне ақ түскеніне, оның көлеміне байланысты. Егер ақ қарашыққа түссе, адам көрмей қалады.
Көз аурулары тұқым қуалауы мүмкін. Сонымен қатар, сыртқы ортаның жағымсыз әсері де көз ауруына себеп. Мысалы, дұрыс тамақтанбаудың салдарынан катаракта пайда болады. Яғни, құрамында канцерогендердің жоғары мөлшері бар тағам көзге аса зиян. Сондықтан, ас мәзірінде қырыққабат, шпинат, брокколи, брюсель, жүгеріден жасалған тағамдар көп болғаны дұрыс. Себебі, бұл тағамдардың құрамында витаминдер және минералды заттар көп. Көздің көру қабілетін жақсартуда А витаминінің де маңызы зор. Ол ағзаның инфекцияларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Ал С, В1, В2 және В12 витаминдері көз қан тамырларының қабырғасын бекітеді және орталық жүйке жүйесін қоректендіреді.

Бүгінде көптеген адамдар көбіне компьютермен жұмыс істейді, ал кейбіреулері тіпті күні бойы компьютердің алдында отырады. Соның салдарынан көз шаншып, қызарып ауырады. Сондықтан көздердің шаршауын болдырмау үшін бірнеше минут сайын көзді демалтып, бөлмені желдету қажет. Егер ауа тым құрғақ болса, батареяның астына су құйылған ыдысты қою керек немесе ауа ылғалдағышты пайдаланған жөн. Таза ауада көбірек серуендеу де көзге аса пайдалы.

 

Көз қызарса


Пиязды суға қайнатып, аздаған бал немесе бор қышқылын қосады да, көзді күніне сонымен 4-5 рет шаяды. Тағы бір тәсіл: шыны ыдысқа екі шай қасық жолжелкеннің (подорожник) піскен дәнін сеуіп, үстіне 2 шай қасық салқын су құяды. Араластырып, тағы да алты ас қасық қайнаған су қосады. Суығанға дейін шайқап тұру керек. Сүзгіден өткізіп, көздің қабынған тұсына дәкеге малып басады.

Көзілдірік

Көздің көруі нашарлағанда дәрігер кеңес берсе, дереу көзілдірік киген дұрыс. Көзілдірікті дер кезінде кию, оны дұрыс таңдап алу көздің бірқалыпты көруіне көмектеседі. Үнемі көзілдірік киіп жүретін адамдар оны пайдаланбаса басы ауырады, көзі суырып, мазасы кетеді. Көз шаршаса, адамның жұмыс қабілеті де төмендейді.

Көзілдірікке қойылатын талаптар: оның құлақ қыстырмасы самай мен құлақты қыспауы тиіс. Сонымен қатар көзілдірікті кигенде екі көз де әйнектің дәл ортасынан қарайтындай болғаны жөн. Ал әйнек көзден бірдей қашықтықта орналассын. Көзілдірікті тек қана жұмсақ шүберекпен сүрту керектігін ұмытпаңыз.

Біле жүріңіз!

Жұмыс істеп отырғанында шам адамның сол жағында тұруы тиіс. Кітапты көзге тым жақын ұстап оқуға болмайды. Кітапқа тым еңкейіп қарау омыртқаны қисайтып, алыстан көрмеушілікке ұшыратады.

Көзден қағазға дейінгі аралық 35-40 сантиметр болуы шарт. Телехабарларды көргенде экраннан 2,5 метр алысырақ отырған дұрыс. Көлікте кітап, журнал, газет оқуға болмайды. Өйткені оны ұстап отыру ыңғайсыз, әрі оқуға жарық жеткіліксіз.

Жаттығулар

• Түзу отырыңыз, көзіңізді жұмыңыз. Сөйтіп, айналмалы қозғалыстар жасаңыз. Мәселен, солға, жоғарыға, оңға, төмен қарай (5-10 рет).

• Саусақтардың ұшымен көзді аздап басып тұрыңыз. Одан кейін көзді ашып, 15 рет жылдам жыпылықтатыңыз.

• Оң қолыңызды алға созып, ортаңғы саусақтың тырнағына қараңыз. Қолыңызды оң жаққа мүмкіндігінше созыңыз, бірақ басты бұрмаңыз және саусақтан көз алмаңыз. Оң қолыңызды қайтарып, енді сол қолыңызбен жасаңыз. 5 рет  қайталаңыз.
• Қайтадан оң қолды созып, ортаңғы саусақтың тырнағына қараңыз. Назарыңызды аудармай, қолыңызды баяу мұрныңызға бағыттаңыз. 15 рет қайталаңыз.

 

Әзірлеген Г. БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button