БілімБасты жаңалықтар

Бала тәрбиесі — ортақ міндет

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Оқуғарту министрлігі «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» әзірлеген болатын.

Соған сәйкес ұлттық, адами құндылықтарға негізделген бірыңғай тәрбие жоспары бекітілді. Еліміздегі, облыстағы барлық білім шаңырақтарындағы тәрбие жұмыстары үш бағыт — «Ұлттық мүдде», «Ар-ұят», «Талап» құндылықтары бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында өңірдің барлық мектебінде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» құрылып, жұмысын бастады.

Біз облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовадан орталық жұмыстары туралы білген едік…

Отбасы құндылығы — тәрбие негізі

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен «Әділетті Қазақстан—Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайда мектептегі тәрбие жұмыстарының ақсап тұрғанын, қазіргі жас ұрпақ интернет арқылы тәрбие алып жатқанын айтқан-ды. 

«Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл — өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл — ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды  жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді», — деп, білім беру ұйымдарында   жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстарының сапасының сын көтермейтінін айтқан болатын. Осыған байланысты министрлік «Біртұтас тәрбие бағдарламасын »әзірледі, арнайы жоспар бекітілді. Жаңа оқу жылынан бастап бағдарлама барлық білім беру ұйымына енгізілді. Осы бағдарлама аясында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» құрылды. Орталықтың басты мақсаты — балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайта түсу. Сондай-ақ тәрбие бағытындағы жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту.

Орталықта ата-аналарға арналған сабақтардың бағдарламасына сәйкес  кесте бекітіліп, айына бір рет ата-аналарды оқыту жұмыстары жүргізіліп, педагогикалық қолдау көрсетіледі. Ата-аналардың сұраныстары ескеріліп, педагогикалық қолдау бағдарламасы дайындалды. Бағдарлама аясында арнайы курстан өткен педагогтер ата-аналармен жұмыс жүргізеді, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Орталықтың қызметі балаларды тәрбиелеу және дамыту мәселелерінде ата-аналардың және балалардың басқа да заңды өкілдерінің құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған.

Орталықта ата-аналар интерактивті режимде балаларымен нақты позитивті қарым-қатынас жасауды, олардың психологиялық, эмоционалдық жағдайын түсінуді үйренеді. Бұл балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы сияқты күрделі мәселенің туындамауына септігін тигізеді, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Топ жетекшілері, педагог-психологтер, әлеуметтік педагогтер жалпы саны 665 педагог біліктілігін арттыру бойынша курстан өтті. Соған байланысты олар ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау орталығында жұмыс жасайды. Орталықта 1-4 сынып, 5-9 сынып, 10-11 сынып оқушыларының ата-аналары үшін кестеге сәйкес жылына сегіз сабақты  қамтитын  курс өткізіледі.

Орталықтың қызметіне белсенді ата-аналар, аға буын өкілдері тартылған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button