Құқық

Тәртіп пен жаза

Жуырда өткен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Саламат Аманбаевтың өзі басқаратын мекемедегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы есебінен басталуы тиіс болатын. Алайда әлдебір себептермен бұл отырысқа қатыспаған басшысының орнына жауап берген директордың міндетін атқарушы Ж. Абдуллаеваның тұзы аздау әңгімесі кеңес мүшелерін қанағаттандырған жоқ. Мұндай маңызды мәселеге ат үсті қараудың келіспейтіндігін айтқан Тәртіптік кеңес мүшелері бұл есепті тыңдауды кейінге қалдыру туралы шешімді бір ауыздан қабылдады.

Әдетте, білдей мекеменің басшылары мен ауылдық жердегі әкім-қаралар қолымен істеген заң бұзушылықтар мен жауапты қызметкерлерінің былықтары үшін жауап беруден тайсақтайтындығы рас. Және бұл мәселе көптен бері Тәртіптік кеңес мүшелері тарапынан наразылық тудырып, тіпті, айыпты басшыларды заң аясында «желкелеп әкелу» туралы да ұсыныстар айтылып жүр. Үп-үлкен департаменттегі нақты тірліктерден хабарсыз директордың міндетін атқарушыға кеңес мүшелерінің шүйліккендігі де сондықтан. Осындай кездесулерден байқалып жүргендей, көбіне былыққа батқандар денсаулығы туралы анықтаманы алға тартып жатады.

Енді қалған шешімдерге тоқталайық. Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасағаны үшін Мәртөк аудандық статистика бөлімінің және аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы К. Бердиевке істің мәні бойынша шара қолдану облыстық статистика департаменті бастығының еншісіне қалдырылды.

Сонымен қатар №28 «Көктем» мектепке дейінгі ұйымы» МКҚК меңгерушісі Рысбике Умарғалиева екі бірдей адамның жұмыс уақытына қатысты жалған табель толтырып, мемлекетке 34 800 теңге залал келтіргендігі үшін сазайын тартпақ. Қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған басшыға «қатаң сөгіс» беру туралы ұсыныс жасалды.

Ал Ақтөбе облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының теміржол көлігіндегі бақылау бөлімінің бастығы Р. Сейіталин қызметінен мүлдем босатылуы мүмкін. Оған қатысты табыс әкелуге әкеп соғатын мүлікті сенім білдірілген басқаруға бермегендігі үшін Тәртіптік кеңес төрағасы шешімімен наурыз айында тәртіптік іс қозғаған. Енді Р. Сейіталиннің қызметтегі тағдыры тікелей басшысы Б. Дабылдың қолында.

Бір қызығы, жұмыс орнында болмаған қарамағындағы күйеуін қорғаштаған Мұғалжар аудандық Мәдениет үйінің меңгерушісі К. Абилова қаржы полициясының назарына ілігіп, басы пәлеге қалды. Енді, міне,  күйеуінің жұмыс уақытын заңсыз тіркеп, заңсыз ақы төлеген айыпталушы сөгіс арқалап тынды.

Тәртіптік кеңес мүшелері «Хромтау-Тазалық» КММ директоры лауазымына өзіне жаққан адамды конкурстық іріктеусіз қабылдаған аудан әкімі аппаратының жетекшісі С. Ізтілеуовке тиесілі сыбаға – сөгіс деген шешімге келді.

Мұндай жазалардан Ырғыз ауданынан арнайы шақыртылған бір топ қазынашылық пен салық саласының басшылары да құр қалған жоқ.

Жалпы, орын алған құқық бұзушылықтарға қарап, жергілікті атқамінерлердің заңды білмейтіндігін немесе біле тұра сыйламайтындығын ажырату қиын. Алайда аталы сөздерін айтып, кінәліні жауаптан құтқармайтын кеңес мүшелері олқылықтың орнын толтырып жатыр. Ал бұл жазалар өзгелерге сабақ болса, ауылдағы қара табан қазақтардың ұпайы бір толары анық.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button