Денсаулық

Қызылша ауруы неге өршіп тұр?

Биыл елімізде, оның ішінде облыста қызылшамен ауырып жатқандар саны артып отыр. Қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты қазір барлық өңірде жаппай иммундау, яғни екпе алу науқаны жүріп жатыр. Атап айтсақ, облыста 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 6-11 айлық балаларға вакцина салынуда. Ал желтоқсаннан бастап 2-4 жастағы балаларға қосымша жаппай иммундау жүргізілмек. Біз осы орайда жауапты мамандардан аурудың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан шаралар мен қызылшаның белгілері туралы сұрап білген едік…

Кімдерге екпе салынып жатыр?

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, өңірімізде қызылша ауруы биыл ақпан айында тіркелген. Содан бері бүгінге дейін екі мыңнан астам адам ауырған.

  • Қызылша тез тарайтын жұқпалы ауру. Ол ауа тамшылары арқылы тарайды. Жалпы, биыл аурудың өңірімізде өршуіне қызылшаға қарсы жоспарлы түрде екпе салдыру науқанының дұрыс жүргізілмеуі себеп болып отыр. Нақтырақ айтсақ, осыған дейін бірнеше жыл бойы бүкіл әлем коронавирус инфекциясымен күресті, індетке қарсы вакцина салдырды. Осы індеттің салдарынан қызылшаға қарсы жоспарлы екпе салдыру науқаны дұрыс жүргізілмеді. Осыған байланысты қазір тұрғындар, әсіресе балалар арасында ауру деректері көбеюде. Мәселен, бүгінде облысымызда екі мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алмаған. Сондай-ақ бұрын осы ауруға қарсы екпе салдырмаған ересектер де бар. Демек, бұл ауруды екпе алмаған балалар да, ересектер де жұқтыруы мүмкін. Біз қазір аурудың кең таралуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдап жатырмыз, — дейді ол.

Мұхтар Сербаевтың айтуынша, 6 қарашадан бастап еліміздің барлық өңірінде ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 1 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы жаппай егілу науқаны басталған. Осы орайда қазір өңіріміздегі барлық емханада 6-11 айлық сәбилерге екпе салынып жатыр. Ал желтоқсан айынан бастап 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға екпе салынады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, өңірде бүгінге дейін

2343 адам қызылшаға қарсы екпе алған. Оның ішінде 1920-сы 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балалар болса, 426-сы — медицина саласының қызметкері.

Қазіргі таңда облыс бойынша қызылшамен ауырған науқастарға ауруханаларда 312 кереует бөлінген. Оның ішінде 53 орын ересектерге, 248 орын балаларға және 11 кереует жүкті әйелдерге арналған. Атап айтсақ, Ақтөбе фтизиопульмонологиялық орталығының оңалту бөлімінде науқастарға 200 кереует жасақталған. Ал аудандарда жалпы саны 100-ден астам кереует бөлінген. Бүгінде қызылшамен ауырған 207 адам стационарларда ем алуда. Оның ішінде 151-і Ақтөбе қаласында тұрса, 56-сы — облыс аудандарының тұрғындары. Науқастардың дені — балалар. Атап айтсақ, Ақтөбе қаласы бойынша 132 бала, ал аудандарда 48 бала емделіп жатыр. Олардың қатарында 1-3 жастағы балалар саны көп.

  • Негізі, елімізде Ұлттық күнтізбеге сәйкес қызылшаға қарсы екпе осыған дейін 6 және 12 жастағы (ревакцинация) балаларға салынды. Бұл инфекцияның зардабы сол — ол адамның иммунитетін төмендетіп жібереді. Сондықтан бұл ауру балаларға өте қауіпті. Қызылша ауруынан әсіресе өкпе, тыныс алу жолдары асқынады, көз көрмей қалуы мүмкін, ми қабынады. Жалпы, бұл екпе 1963 жылдан бастап елімізде жоспарлы түрде балаларға салынады. Сондықтан екпеден қорқуға негіз жоқ. Бұл екпеден зардап шеккен не көз жұмған адам жоқ. Бүгінге дейін облысымызда асқынулар да тіркелген жоқ. Маман ретінде облыс тұрғындарына айтарым, екпе салдырудан бас тартпаңыздар. Қызылшаның алдын алуда ең тиімді тәсіл — вакцина салдыру. Егер балаларыңыз екпе алмаған жағдайда ауруды жұқтыру қаупі өте жоғары болады, — дейді департамент басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста балаларына екпе салдырмай отырған ата-аналардың көбі — жат ағым жетегінде жүргендер. Мұндай ата-аналармен департамент мамандары жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дегенмен екпе алуға келісім беріп жатқандары аз.

  • Алдағы уақытта да біз ата-аналармен жүйелі түрде жұмыс жүргізетін боламыз. Ал қазір 6-11 айлық сәбилерге екпе салуға басымдық беріп отырмыз. Осы тұста айта кету керек, елімізге әкелінген екпелердің дені Үндістанда шығарылады, олардың арнайы сертификаттары бар. Ал егетін медбикелер арнайы оқытылады. Сондықтан балаларыңызға вакцина салдырамын десеңіз, өз емханаңызға барып, тегін түрде алуыңызға болады, — дейді М.Сербаев.

«Ақтөбенің» анықтамасы

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметованың айтуынша, елімізде жыл басынан бері қызылшаның 13 103 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 83 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар болса, 2,9 пайызы — жасөспірімдер, ал 14,1 пайызы ересектер.

Қызылшаны жұқтыру жағдайлары барлық өңірде тіркелген. Әсіресе Шымкент қаласында көп (2283). Сондай-ақ Алматы қаласында — 2217, Жамбыл облысында — 1605, Алматы облысында — 1215, Атырау облысында 940 адам ауырған.

1,5 мың бала екпеден бас тартқандықтан вакцина алмаған.

— Бүгінде еліміз бойынша 727 мектепте қызылшаның 1444 жағдайы тіркелген. Бұл ретте алғашқы 72 сағат ішінде эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 2565 байланысушы адам екпе алды. Сонымен бірге 1552 ата-ана балаларын вакциналаудан бас тартты. 538 баланың медициналық кейінге шегеруі бар. Сондай-ақ 1083 мектепке дейінгі балалар мекемесінде 1690 жағдай тіркелген. Ошақтарда эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 1469 байланысушы адам вакцина алды. 1,5 мың бала вакцинациядан бас тартқандықтан вакцина алмаған, 936 баланың медициналық кейінге шегеруі бар, деді ол.

 

Аурудың белгілері қандай?

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, қызылша тек науқас адамнан жұғады.

Оның негізгі белгілері: науқастың қызуы көтеріліп, теріде бөртпелер пайда болады, көз қызарып, тыныс ағзалары зақымданады.

— Аурудың жасырын кезеңінің екінші күнінен бастап денедегі бөртпелер науқаспен қарым- қатынаста болған адамдарға тыныс алу арқылы ауадан жұғады. Адам өмірінде қызылшамен ауырмаған болса не егілмеген жағдайда, ауруды жұқтыруы мүмкін.
Қызылшаның жасырын кезеңі 7-18 күн аралығында болады. Егер иммуноглобулин алған болса, жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін. Алғашқы белгілеріне келсек, науқастың қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлайды, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарып, қабынады. Егер осындай белгілер болса, кез келген ата-ана баласын міндетті түрде дәрігерге қаратуы керек. Бұл инфекцияның нақты емі жоқ. Дәрігерлер тек ем-шараны аурудың симптомдық белгісіне қарай береді. Негізі, әр адамның ағзасы әртүрлі. Сондықтан біреуде ауру жеңіл өтсе, кейбіреулерде ауыр болуы мүмкін. Ең дұрысы, қызылша ауруының алдын алған дұрыс
, — дейді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, биыл өңірге 90 932 100 теңгеге 30 мың доза вакцина сатып алынған. Вакциналардың барлығы сертификатталған.

Ақтөбе қаласындағы №1 емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Жанар Бұхарбаеваның айтуынша, аталған мекемеде тіркелген екпе алуға тиіс балалардың саны — 6 мыңға жуық. 6 қарашадан бері бұл емханада 6-11 айлық аралығындағы 60-қа жуық бала екпе алған.

— Бүгінде емханамызда тіркелген 6-11 айлық балалар қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы екпе алып жатыр. Сондай-ақ емханамыздағы 55 жасқа дейінгі барлық медицина қызметкері екпе алды. Ешқандай жағымсыз жағдайлар болған жоқ. Ал желтоқсаннан бастап қызылшаның егу мәртебесіне қарамастан, 2-4 жастағы балаларға қосымша жаппай иммундау жүргізіледі. Қазір біз ата-аналарға аурудың алдын алуға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Жалпы, емханада екпе аларда кез келген тұрғын арнайы тексеруден өтеді. Ал баласына екпе салдыратын ата-аналарға егу шарасы туралы алдын ала ақпарат беріледі. Екпе алғаннан кейін ересектер де, балалар да 30 минут егілу бөлмесінде медбикенің бақылауында болады. Кейіннен үй жағдайында қаралады. Бүгінге дейін емханамызда вакцина салдырған балаларда ешқандай асқынулар тіркелген жоқ, денсаулық жағдайлары қалыпты, — дейді бөлім меңгерушісі.

Ал №6 емханада жалпы саны 1020 бала қызылшаға қарсы екпе алған. Оның ішінде 578-і 1 жастағы балалар болса, 409-ы — 6 жастағылар. Ал 6 қарашадан бері екпе алғандар саны — 33 бала.

Сондай-ақ бүгінде облыстағы аудандарда да жаппай иммундау шаралары жүргізіліп жатыр.

Р.S. Өзіңізден немесе балаңыздан қызылша ауруының белгілері байқалса, дереу дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Үйде ауруды емдеумен айналыспаңыз. Себебі ауруды қоздырып, қасыңыздағы адамдарға жұқтырып алуыңыз мүмкін. Бұдан бөлек қызылшамен ауырғаныңызды сезсеңіз, үйде болыңыз, жұмыс орнына, қоғамдық орындарға бармаңыз. Егер балаңыз ауырған болса, көпшілік орындарға, мектептерге, балабақшаға жібермеңіз. Аурудың жұқпалы екенін естен шығармаған жөн.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button