Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Бүркеншік есім заңдастырыла ма?

— Шығармашылық саласында жұмыс істейтіндерде, әсіресе, жазушылар мен журналистерде бүркеншік есім деген болады. Бұл қай заманнан әлемдік әдебиетте қалыптасқан құбылысқа айналғаны белгілі. Білейін дегенім, біздің еліміздің заңнамасында азаматтың бүркеншік есімі мойындала ма?

Есмұханбет Айтмағамбет

— ҚР Азаматтық кодексінің 15-бабында азамат тегi мен есiмiн, сондай-ақ қалауы бойынша – әкесiнiң атын қоса отырып, өз атымен құқықтар мен мiндеттерге ие бола алатыны көрсетілген. Ол өз есiмiн заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша өзгертуге құқылы. Азаматтың туған кезде берiлген есiмi сияқты, өзгертілген есiмi де азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы заңдарда белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiсті. Бірақ жария өзгертілген есім мен жасырын (аноним) және бүркеншік (псевдоним) есімдерді шатастыруға болмайды. Себебі аталған бапқа сәйкес адамның жасырын түрде құқықтар иеленiп, мiндеттердi жүзеге асыратын (яғни жауапкершілік арқалайтын) жағдайлары немесе бүркеншiк атты (ойдан шығарылған есiмдi) пайдаланатын реттерi де заңда көзделуi мүмкiн.

Есiмiн (жария) өзгерту оның бұрынғы есiмiмен, жасырын немесе бүркеншiк атпен алған құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға немесе өзгертуге негiз болмайды.

Қайтыс болған айыпталушыға үкім шығарыла ма?

— Не себептен екенін білмеймін, інім қайдағы бір оңбаған адамдарға қосылып, қылмыс жасапты. Дүкен тонауға қатысқан бәрі де ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Күндіз, дүкен жұмыс істеп тұрғанында бетперде киіп барғандарымен, сатушылар оларды танып қалғандықтан, Қылмыстық кодекстің 179-бабының 2-бөлігінің а), в) тармақтарымен қойылған айыптарын мойындамасқа амалдары қалмады. Адвокаттарының айтуынша, алдын ала сөз байласып, өндiрiстiк үй-жайға кiріп қарақшылық шабуыл жасағандар жоғарыда аталған баппен бес жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады екен. Сонымен тергеу аяқталып, іс сотқа өткенде інім қамауда қайтыс болды. Қайғымызға өзекті өртер және бір жәйт жамалып отыр. Естуімізше, сот бәрібір басталыпты. Марқұм ініміздің онсыз да көзі тірісінде мойындаған «айыптары мойнына қойылуда» дейді. Қайтыс болған адамның қылмыстық ісі қысқармаушы ма еді? Басқаларын соттай берсін. Неге оның аруағын мазалайтындарын түсінбеймін. Сот шынымен ініме қатысты үкім шығаруы мүмкін бе?

Б.

ҚР Жоғарғы Сотының «Сот үкімі туралы» 2002 жылғы 15 тамыздағы № 19 қаулысының 9-тармағына сәйкес сотталушының (айыпталушының) қайтыс болуы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 37-бабы (Қылмыстық iзге түсуді болдырмайтын жағдайлар) 1 бөлігі 11-тармағының және 307 (Қылмыстық iстi қысқарту), 324 (Басты сот талқылауында iстi тоқтату) баптарының негізінде қаулы шығару жолымен іс жөніндегі сот өндірісінің кез келген сатысында қысқартылуына әкеп соғады.

Бірақ қайтыс болған адамды ақтау немесе істі онымен бірге қылмыс жасаған басқа адамдарға қатысты қарау қажет болған жағдайда қылмыстық іс өндірісі жалғасады және қайтыс болған адамға қатысты айыптау үкімін жаза тағайындамай шығарумен аяқталады. Мұндай үкімнің қорытынды бөлігінде оны қылмыстық заңның тиісті бабы бойынша айыпты деп тану және қайтыс болуына байланысты іс жөніндегі өндірісті қысқарту туралы тұжырым жасалады.

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 56-21-64; 51-04-13; 8-702-318-04-13

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button