Әлеумет

Бұқара

Достық

Құрбылар

Қарғалы ауданы орталығындағы №2 Бадамша орта мектебінде қазақ сыныбында оқитын Лера мен Әсем балабақшадан бері дос. Қазақ тілінде мүдірмей сөйлейтін 2-сынып оқушысы Лера:

Мен Әсеммен, сыныптастарыммен қазақша сөйлесемін. Ал, үйде орыс тілінде әңгімелесеміз. Өйткені, мен олай жасамасам, мамам мен әжем түсінбей қалады. Негізі, досым Әсем мені қазақша сөйлесуге үйретті, сосын мұғалімдерім, – дейді. «Қазақтың қай ақындарын білесің?» – деген сауалға мүдірместен:

«Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп,

Ауылдың маңы – терең сай

Тасыған өзен гүрілдеп», – деп сәби даусымен тақпақтай жөнелген Лера: «мен Абайды білемін, ол қазақтың Ұлы ақыны», – деп лезде жауап берді. Қос жанары теңіз түстес орыс қызы Лера мен қазақтың ботакөзі Әсемнің қашан көрсең де жұбы жазылған емес. Екеуінің де інісі балалар бақшасына барады. Менің де назарыма олар сол жерде іліккен болатын. Сүйрететін шанасының көрпесін дұрыстап жатқан Лераға Әсем көмектесіп, қазақ тілінде ақылдарын айтып қояды. Ол да қазақ тілінде жауап қатады. Әдейі көрініс үшін емес, балалық көңілмен сөйлесіп тұрған олар өтіп бара жатқан жүргіншілердің назарын өздеріне аударды.

Валерия Мороз – бұл Лераның шын аты. Әсем Қосжанова екеуі сыныбындағы алғыр, үздік оқушылар. Әсемнің айтуынша, құрбысы «Айгөлек» балалар журналын оқығанды жақсы көреді. Бірігіп сурет салғанды жандары сүйеді. Оқушылар үйіндегі би үйірмесіне екеуі қол ұстасып бірге барып жүр. Лера домбыра тартуды үйреніп жүр, әзірше «Еркем-ай» әнін ғана шерте алады.

Кішкентай қос биші аудандық мәдениет үйінің сахнасында өнерлерін көрсетіп те үлгеріпті. Биыл облыс орталығында өткен байқауға да қатысқан.

Лераның анасы – Татьяна Юрьевна «Болашағы жарқын болады, немеремді қазақ мектебіне бер!» деген атасының ақылына құлақ асқан. Өзі қызы оқитын мектептің орыс бөліміндегі бастауыш сыныптарының ұстазы. Ресейде туыстары тұратын Лера:

– Мен ол жаққа қонаққа барғанды ұнатам! Бірақ, үйді, Әсемді сағынам. Үлкен қыз болғанда да Қазақстаннан кетпес едім. Сосын, мен қазақша дұрыс білмейтін балаларды да білемін. Оларға ана тілін білмегендері ұят деймін,– дейді.

Деректер бойынша, Қарғалы ауданында 30-ға жуық ұлт өкілдері тұрады екен. Ұлыстың Ұлы күнінде иісі мұсылманның Наурыз көжесін бөлісе ішіп, Пасха мерекесінде көршісінің қай ұлттан екендігіне қарамай түрлі-түсті жұмыртқа мен тәтті нанын сыйлайтын отандастар бір шаңырақтың астында тату-тәтті мекендеп жатыр. Бұған дәлел 8 жасар Лера мен Әсемнің достығы. Бейбіт Қазақстанда мекендеп жатқан қос құрбының армандары да үлкен. Қуыршақтарын емдейтін Лера «Дәрігер болғым келеді» десе, қай жерде де үздік болуға тырысатын Әсем «Елбасы болсам» дейді.

Индира СПАНОВА.

Қарғалы ауданы.

Бірлік

Біріңді бірің дос көрсең…

Абай айтқан «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөз қай кезде де мәнін жоймайтыны белгілі. Әсіресе, қазіргідей әлемді жайлаған дағдарысты кезеңде бірліктің бағасы жоғары. Біздің Ақтөбе қаласында да 16 ұлттық-мәдени орталық жұмыс істейді. Бұл да ынтымақтастық пен бірлікті, достықты нығайту ниетінен туындаған шара болса керек.

Мәселен, татар-башқұрттардың «Шатлық», украиндардың «Оксана», шешен-ингуштардың «Вайнах», неміс диаспорасының «Возрождение» орталықтары да тарихи отандарынан жырақ жүрген адамдар үшін ұлттық ерекшеліктерін сақтаудың бірден-бір жолы деп айтуға болады. Біздер үлкен мерекелерде осындай ұлттық-мәдени орталықтардың ұйымдастырған концерттерін тамашалаймыз, әр ұлттың дастарқанын көреміз. Көру арқылы өз халқымыздың өнерін, салт-дәстүрлерін әлі де терең игеріп, жандандыра берсек деймін.

Өз шәкірттерімізге тәлім-тәрбие беру барысында да осындай жайттарды ескеріп отырамыз. Біздің мектебімізде бірлік, ынтымақтастық бағытындағы мәдени-көпшілік шаралар жиі өткізіліп тұрады.

Әрине, өз елімізде тұрған соң бізге мұндай орталықтар құрудың қажеті болмас, бірақ, достыққа шақыратын, ұйымшылдыққа баулитын іс-шаралар күнделікті тіршілігімізден қағыс қалмауы тиіс.

Ғазиза МӘТЕНОВА,

№24 Ақтөбе лингвистикалық мектеп-гимназиясының мұғалімі.

Мәселе

Аққулар өлмесін…

…Осыдан бірнеше жыл бұрын Алғаның аты республикаға жайылды. Аққуларды тап бір Алға (әлде Алғаның адамдары) әдейілеп өлтіріп жатқандай  облыстың (тіпті республиканың да!)  «ал да шап» газеттері «Алғада аққулар қырылып жатыр» деп аттандаған. Мәселенің мәнісін пайымдаған да бар, түсінбегендер де көп…

Әңгіме былай: көзі қарақты оқырман біледі, Алғада бір кездері (тарихқа кеткен КСРО кезіндегі зауыт болған соң, әрі сол зауыттың пайдасы мен зиянының, тап Қазақстан үшін пайдасының балансын білмегендіктен зауыт туралы әдейі айтпай отырмын) химия зауыты болған. КСРО келмеске кетті, зауыт та сонымен бірге, зардабын Қазақстан, Қазақ шегіп жатыр…

Таратсақ: Аудан әкімшілігінің тікелей  қатысуымен облыстың құзырлы органдарына қатынас жіберілді. Хат жазылды. Соның нәтижесінде биылғы жылдың наурызынан бастап  жоғарыда аталған зауыт аймағына арнайы күзет қойылды. Күзет болғанда…

Қуаныш Аязов, табиғат ресурстары облыстық басқармасының бөлім бастығы:

Бір кездері химия зауытынан шыққан бор қалдықтары далаға, айдалаға төгілген. Оның соңынан келер зардабын сол кездері білген ешкім жоқ. Қазір де тек аттандап жатырмыз. Мына бордың қалдығын кептіру үшін  көп қаржы керек, бәлки, миллион, бәлки миллиард…

Биылдан бастап құс келерде немесе қайтарда оларды осы бордан пайда болатын сорға (немесе көлшікке) қондырмас үшін қолдан келгенді жасап жатырмыз. Бұл шаруа негізі былтыр басталған болатын, бірақ сенген адамдарымыз күзетшілікті аңшылықпен алмастырып, аталмыш сорға қонған құстарды атып, браконьерлікпен айналысты. Биылғы жылдың наурызында  облыстық аңшылар және балықшылар қоғамымен  арнайы шарт жасалды. Соның негізінде Алға қаласында  бес адамнан тұратын арнайы топ құрылды. Олар екі ауысыммен жұмыс жасап, арнайы құралдар –  ракеталармен, бос патрондармен сорға қонбақшы болып келе жатқан құсты үркітеді. Акция басталғалы құстан шығын болған жоқ.

Анатолий Найденко, облыстық аңшылар және балықшылар қоғамының төрағасы:

Біздің ұйымның Алғадағы филиалының төрағасы Сергей Лаврушко бастаған бес жігіт жұмыс жасайды. Бұл жұмыс мамыр айына дейін созылмақ. Менің айтайын дегенім басқа нәрсе – Алғадан шыққан фекальды су кей жерлерде құбыр жарылуына байланысты Елекке ағып кетіп жатыр. Елек Ақтөбе теңізіне құятынын білесіз. Осылай жалғаса берсе, бірер жылдан соң өзеннің де, теңіздің де неге айналары белгісіз. Және бұл жағдай тек Алғада ғана емес, Қандағашта да солай. Рас, осыдан пәленбай жыл бұрын салынған құбырлардың жарылуы ықтимал жағдай, бірақ аудан басшылығы қолдан келгенше осы мәселеге назар аударса екен. Қажет жерлерге дренаж жасатып дегендей…

Сонымен құзырлы адамдар табиғаттың төл балалары құстарды аман сақтап қалу үшін жұмыс істеп жатыр. Ал әлгі байсалды басшы айтқан мәселе де аудан басшылығын алаңдатуы қажет-ақ.

Ш.ЕЛЕУСІЗ,

Алға қаласы.

Білім

Сауықтырып, біліміңді ұштайтын орда

Біздің Қурайлы мектеп-интернатының құрылғанына 50 жыл толды. Жарты ғасыр ішінде мыңдаған балаларды оқытып, тәрбиелеп, ұядан ұшырды. Қазір де бұл алтын ұяда облыстың түкпір-түкпірінен жиналған балалар денсаулықтарын нығайтып, оқиды, тәлім-тәрбие алады.

Осы ұжымда 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен, мектеп-интернаттың қазіргі директоры Амангелді Бектұрғанов мұндағы балаларды сауықтыруға, ұжым мүшелерінің заман талабына сай жұмыс жасауына жағдай жасап, мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасының нығаюына ерекше көңіл бөліп отыр.

Мектеп-интернатқа оқушылар оқу жылы бойы жаңадан қабылданып, емделу мерзімдері аяқталған соң өз аулындағы мектептеріне қайта кетіп жатады. Осы оқу жылында 32 бала емделіп шықты, 82 бала жаңадан қосылды. Қазір 123 оқушы оқып, тәрбиеленіп жатыр.

Интернаттың бас дәрігері А.Айтмағанбетова оқушыларға жан-жақты дәрігерлік бақылау жасап, аурудың алдын алу туралы пікір-кеңестер өткізеді. Санаторийлік мектеп-интернатта валеология пәнінің де берері мол. Балаларға жеке бас гигиенасынан бастап, салауатты өмір салтының негіздерін оқып-үйрететін пән мұғалімі жыл сайын «СПИД – ХХІ ғасыр індеті» атты акция өткізіп, басқа да қажетті тың мәліметтер беріп отырады.

Санаторийлік мектеп-интернат ұжымының басты мәселесі – құрамы тұрақсыз, білім деңгейі әр түрлі балаларды саралап оқытып, жан-жақты тәлім-тәрбие арқылы дамыту, оқытудың жаңа технологияларын қолданып, оқушылардың танымдық қабілетін, шығармашылық белсенділігін қалыптастыруға мүмкіндік жасау. Әрине, жаңадан қосылған әр оқушының білім деңгейі, қабілеті, бейімділігі сан түрлі болғандықтан, олардың даму ерекшеліктері де әр түрлі болады. Сол себептен мұғалімдер оқушының жан-жақты мүмкіндігін ескере отырып, саралап оқыту әдісін басшылыққа алады. Біздің ұжымда жаңа технологияның әдіс-тәсілдерін оқып, меңгеріп, өз сабақтарында қолданып жүрген мұғалімдер баршылық. Мәселен, өткен оқу жылында бастауыш әдістеме бірлестігінде «Жаңа білімділік технологиялар және олардың білім сапасын арттырудағы ролі» атты семинар өтті. Мұнда мұғалімдер С.Алимова мен Ш.Оспанова  жаңашыл сабақ жүргізудің жолдарын қолданып панорамалық сабақтар өткізсе, мұғалім А.Әжібаева «Оқушылардың танымдық қызығушылығын ойын арқылы дамыту» атты баяндамасын оқыды.

Осы оқу жылында мектебімізге интерактивті тақта беріліп, іске қосылды. Физика кабинеті қайта толық жабдықталды. Жақында математика және жаратылыстану әдістеме бірлестігі арасында «Инновациялық технологияларды қолдану – уақыт талабы» атты семинар-практикум өтті. Семинарда физика пәнінің мұғалімі Г.Әбдірайымова, химия пәнінің мұғалімі Ә.Нұрмұханова 8-сыныпта ашық сабақтар өткізіп, сабақ арасындағы сергіту сәтінде мектеп психологы Ж.Бекешова «Мен кіммін?»  атты тренинг ұйымдастырды.

Ал математика пәнінің мұғалімдері – Б.Сатаева, Т.Құшпанов, география пәнінің мұғалімі С.Дүзкеева баяндамалар оқыды.

Биылғы оқу жылында компьютер кабинеті 12 жаңа компьютермен толықты. Информатика сабағы 2-сыныптан бастап жүргізіледі. Жас ұстаз, информатика пәні мұғалімі Г.Төлепбергенова «Компьютерлік сауаттылықты арттыру» тақырыбында практикалық сабақ өткізді.

Технология пәнінің мұғалімдері З.Кубаев пен К.Мамбетова «Қолөнер – асыл мұра» атты оқушылар көрмесімен көпшілікті қызықтырды.

Интерактивті тақтаның тиімділігі соншалық, барлық пән мұғалімдері жаппай ашық сабақ өткізуде. «Еліміздің ертеңі – білімді ұрпақ» дегендей, өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беруде біздің ұжым педагогтарының да еңбегі зор.

Лида АХМЕТОВА,

Қурайлы мектеп-интернаты директорының

оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Үйірме

Домбыраның үнімен тәрбиелейді

Жақында Қурайлы селосындағы Георгиевка мектебінде «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзге бақытын бағалау» атты ашық сабақ өтті.

Мұны оқушыларға он жыл бойы қазақтың ұлттық аспабы – домбыра туралы алғашқы дәрістер оқып, осы аспапты меңгеруге оқушыларды баулып жүрген термеші, музыка пәнінің мұғалімі Рысты Ноғаеваның есептік кеші десе де болады.

Ашық сабақтың «Домбыра үні – бір дастан» тақырыбында өткен бөлімі өте тартымды болды. Мұнда оқушылардан құралған домбырашылар оркестрі «Адай» (Құрманғазы), «Құдаша» (Дәулеткерей), «Шыныаяқ тастау» (Қазанғап) және «Қуаныш» (Жасарал Еңсепов), «Тың толғауы» (Жібек Ілиясова), «Кеңес» пен «Келіншек» халық күйлерін нақышына келтіре орындады.

Кішкентай балдырғандар балаң саусақтарымен қос ішек бойымен қажет пернелерді дөп басып отырғандарын көріп сүйсінесің. Ел арасына кеңінен тараған қазақ күйлерін нәшіне келтіре орындағанын көрген сайын, оларды осы күйге жеткізген оркестр жетекшісі –  «бапкерлері» Рысты Қапақызы да іштей қуанады. Оқушылардан құралған домбырашылар құрамы да әр жылдары өзгеріп отырады. Үйірмедегі үш топтың әрқайсысында 15 оқушыдан бар.

Былтыр «Ауыл – еліміздің алтын қазынасы» қалалық байқауында Рысты Ноғаева  терме орындап, жүлделі екінші орынға ие болды. Сондай-ақ, осы байқауда оның шәкірттері – домбырашылардан құралған «Серпер» тобы да өнерлерін көрсетіп, екінші орынды иеленді.

Кішкентай домбырашылардың бірі – Георгиевка мектебінің 4-сыныбының оқушысы Аяжан Құлжігітова «Жас толқын-2008» фестиваль-байқауында дипломант атанып, Гала-концертке қатысты. Аяжан «Күміс қоңырау-2009» байқауында сөзін де, әнін де ұстазы Рысты Қапақызы жазған «Ардагерлерге» әнін орындап, екінші орынға ие болды.

Музыка пәнінің мұғалімі, жас домбырашылар бапкері Рысты Ноғаева бірнеше өлеңге ән жазған. Өлең де жазады. Облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының музыка бөлімінің меңгерушісі Әлия Рахметова Рысты Қапақызының  бес әні мен бірнеше өлеңдері топтастырылған «Шарықта, шырқа жас ұлан!» атты кітабын шығаруға көмектесті.

Ұстаз үйірмеге қатысатын жас домбырашылардың ертеңіне сенеді. «Өнердің жолын біржола қуып кетпесе де, домбыра тартатын адамнан жамандық шықпайды», –  дейді балаларды домбыра үнімен тәрбиелеп жатқан Рысты Қапақызы.

А.ІЛИЯС.

Лебіз

Тілге жанашырлығымды оятқан

Тіл – қай халықтың да бүгіні мен ертеңі, келешегі мен болашағы ғана емес, бүкіл өмірінің түп қазығы. Қазіргі таңда мемлекеттік тілге көп көңіл бөлініп, Үкімет басындағы ағаларымыз өздері бастап мемлекеттік тілде мәжілістер өткізіп жатыр. Кейде білдей мекеме басшылары мемлекеттік тілге көңіл бөлмей, тілді шұбарлап сөйлегенде, қарның ашиды…

Мен үшін ата-бабаларымыз саф алтындай қорғап келген тілді шұбарлау – дінді қорлау, көңіл тұнығын лайлаумен тең. Ұлтым деп шырқыраған, елім деп елжіреген әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс деп ойлаймын. Қазақстандай ұлан-байтақ, жазиралы ен даласы бар тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп, қазақ тілін білмеу ұят нәрсе ғой. Менің бойыма осындай тілге деген жанашырлықты оятқан бірден бір адам, ол менің мектептегі ұстазым – №1 Қарауылкелді орта мектебінің мұғалімі Светлана Сүйенгенова.

Қазір ұстазым Ақтөбе облысының Байғанин ауданында әлі де ұлт жанашырларын өсіріп тәрбиелеуде. Менің бойыма адами қасиеттерді дарытқан әуелі анама, сынып жетекшім Айнаш Әділхановаға, Света апайыма мәңгі басымды иемін! Қазір, міне, мен де апайларым тәрізді тәуелсіз елдің саналы азаматтарына сапалы білім беретін «мұғалім» деген ұлы мамандықтың иесімін. Соның ішінде, Света апайым тәрізді қазақ тілі мен әдебиет мамандығын таңдадым. Абай атамыздың «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген сөзін жиі есіме аламын.

Біз сияқты Тәуелсіз елдің көк байрағын желбіретер жалынды жастар тіл мәселесі туралы сөз қозғамағанда кім қозғайды?! Ұлтын құрметтеген әр азамат тілін де қастерлейтініне кәміл сенемін.

Светлана МУМБАСОВА,

Ақтөбе қаласы.

Кездесу

Бас қосайық, бәріміз…

Мұғалжар ауданына қарасты Еңбек елді мекеніндегі негізгі мектеп 1977 жылы салынып, 1979 жылға дейін бұл мектепті Асылғазы Мақанов басқарды. Жас ұрпаққа білім беруде бар күш-жігерін аямай, тер төгіп жүрген ұстаздарыма қызыға қарайтынмын. Көп нәрсеге үйреткен алғашқы ұстазымыз Шайкөзова Мәдина Темірғалиқызына барлық бірге оқыған кластастарымыздың атынан алғысымыздың шексіз екендігін білдіремін. Әр дәуірдің өз өнегесі, өз ерекшелігі, өз талабы да болады. Ол кездегі темірдей тәртіпке де бағындық. Өмірдің өзі сайыс. Сондықтан бұл сайыста адам болудың жолын іздеп, өз құқығын біліп, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп, сөз мәдениетін сақтап, саналы түрде ғұмыр кешкен адам ғана жеңіске жеткенін қалайды.

Қай ұлттың болсын, қай халықтың болсын, кемеліне келіп толысуына, рухани өсуіне, әдеби-мәдени дамуына басты ықпал жасайтын негізгі тірек – мектеп. Мектеп – мәдениет ошағы. Мектеп – ел болашағы үшін қажетті, аса маңызды міндеттерді арқалаған, жауапкершілігі зор, бейнеті бел қайыстыратын күрделі орда. Алғаш мектеп құрылғанда табалдырығын аттаған жандардың бұл ұяны ұмытуы мүмкін емес.

Мен мектеп табалдырығын 1977 жылы аттап, 1985 жылы 8 сыныптық білім алып шықтым. 1977-1985 жылдар аралығында біздің мектепте оқыған қымбатты құрбы-құрдастар, сыныптас достар! Ұстаздарымыздың бейнесі, жарқыраған жүздері біздің жадымызда мәңгілікке қалды емес пе? Бәріміз де сан тарапқа арман қуып, қанат қақтық. Енді көп жылдардан соң бәріміз бірігіп, бас қоссақ деген үміт-ниетпен биыл 25 мамыр күні Еңбек негізгі мектебінде өткізілетін кездесу кешіне уақыт бөлсек. Кездесуге осы мақаланы оқығандарың түгел келеді деп сенемін, күтемін.

Одан біздердің мәртебеміз төмендеп қалмайтын болар, керісінше, суретші болсақ, ең әсем бейнені ұстазға арнайық, сәулетші болсақ, ең көрікті ғимаратты ұстазға салайық, жүрек күйін тербетер сазгер болсақ, асыл әнді осы ұстаздарға шырқайық! Сезімді билейтін ақын болсақ, нұрлы жырлардың әр жолдарын аяулы ұстаздарымызға арнасақ, бәрі де солардың еңбегі екенін ұмытпағанымыз.

Кәдіржан НҰРҒАЛИЕВ,

бірге оқыған сыныптастарды мектепте күтуші –

Еңбек негізгі мектебінің директоры.

Пікір

Ел тынысын «Ақтөбеден» танимыз

Қазір не көп, басылымдар көп. Олардың бәріне жазылу мүмкін емес.

Десек те, Қарғалы ауданында облыстық «Ақтөбе» газетіне жазылуға ден қоюшылар қатары көбейіп келеді.

Оған себеп – газеттің сан-салалы мәселелерді көтеруінде, оқырмандарын мәдени, әдеби негізде кеңінен таныта білуінде. Әсіресе, ауыл адамдарының жылы қабылдап, талқыға салар тақырыбы – «Бұқара» бетінің маңайында. Өзге аймақты қайдам біздің аудан ақсақалдары «Бұқара» бетіне дән риза. Газеттің әр номері мазмұнымен қатар түрлі-түсті бояулармен сапалы басылып, оқырман ойынан шығып жатады. Балалардан бастап басшыларға да арнайы бет ашып, оқырман көңілінен шығуға тырысқан қалам иелерінің ізденісі әр номерден байқалып тұрады. Ғасырға жуық ғұмырлы газет өз оқырмандарын қай қоғамда болмасын таныта білуде. Тілшілер де тілге шебер, істеріне мығым жандар.

Өзім газетке жақын болғандықтан «Ақтөбені» өзгелер мақтаса марқайып қаламын.

Ризашылықпен қатар ұсыныс та жоқ емес. Өнегелі істерімен танылып жүрген шаруа қожалықтарын, кәсіпкерлерді, ауылдардан іздеп жүріп еңбегін көрсетсе деймін. Материал жанды да мәнді әсерлі болар еді. Жастар саясаты дегенде қазіргі «Жастар» беті ауыл жастарына бұрыла түсуі қажет. Оқу-білім жүйесінде танылып жүрген ауыл жастары да баршылық.

Газет қашан да көптің үні. Ол барша оқырманның жоқшысы бола білсе ғана мәртебесі өсіп, мерейі биіктей түспек.

85 жылдық ғұмыры бар «Ақтөбе» талай асулардан өтті, сан оқырманға қол ұшын берді, жыл санап таралымы тамыр жайды, қызметкерлері елге танылды, аға буын кейінгілерін жеткізді. Айта берсек, жақсылық тұстары жетерлік, тек алға қарай оқырмандары үшін жандандыра жалынды материалдармен айшықтала түссе деймін.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button