Білім

«Балаларды мектепке жинаймыз»

Өткен аптада «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ғимаратында жасотандықтардың ұйымдастыруымен «Балаларды мектепке жинаймыз» атты қайырымдылық  акциясы өтті.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Дариға Байжанова оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Одан соң дәстүрлі акция биыл да жалғасып жатқанын, әуелгі кезекте партияның қоғамдық қабылдауына өтінішпен келгендерге көңіл бөлетіндерін  айтты.

Бұл жолы төрт отбасында тәрбиеленіп жатқан, мектепке баратын сегіз балаға мектеп киімдері мен оқу құралдары табыс етілді. «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Ербол Шыманың айтуынша, игі істі «Кеңес» сауда орталығының директоры Кеңес Жаңабаев пен «Анвар» серіктестігінің директоры Андрей Текебаев қолдап, демеушілік көрсетіпті.

Жаңа киім мен оқу құралдары толтырылған сөмкеге ие болған балалар жүзі жайнап, қуанышқа бөленді. Ата-аналары да риза. Алты баланың анасы Айнұр Бекееваның төрт баласы бірдей мектепте оқиды.

Балалардың қажет заттарын алып бергіміз-ақ келеді, бірақ күйеуімнің бір табысы қайсысына жетсін? Ал өзім үйде бала бағып отырмын. Сосын билік партиясының қоғамдық қабылдауында болдым. Жағдайымды айттым. Осындай акция ұйымдастырып, біз сияқты көп балалы отбасыларға көмектесіп жатқан ағаларға алғысым шексіз, — дейді Айнұр.

Мектеп табалдырығын енді аттайтын Ғалымжан мен оның әпкесі Кәмила да жаңа киімдеріне қуанып, оқу құралдары салынған сөмкелерін асынып алды. Олардың анасы Зылиха Оразбаева Қарақалпақстаннан көшіп келгендерін, өзінің тұрақты жұмысы жоғын әңгімеледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр балаға жаңа киімдері өздеріне шақ болуы үшін, алдын ала өлшемдері алыныпты.

«Балаларды мектепке жинаймыз!» акциясының тағы бір күні нұротандықтардың ұйымдастыруымен енді 26 тамыз күні өтеді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button