Білім

Балдырған

Жануарлар әлемі

Тасбақа

Ерте заманда жоғалудың аз-ақ алдында қалған жайбасар  жануарлардың бірі – тасбақа. Ол ең көне және омыртқасыздардың ішінде ұзақ өмір сүретін жануарлар тобына жатады.

Тасбақаның өзгелерден ерекшелігі – ұзақ уақыт қоректенбей, су ішпей жүре алатындығында. Және бір ерекшелігі – олардың тосыннан қиянат жасар жауының аз екендігінде. Арқасындағы мықты сауыты тасбақаны ірі аң-құстардың шапқыншылығынан және температуралық толқулардан сақтайды екен. Қыстың қатты аязы мен боранында не жаздың аптапты ыстығында олар тіршілік етуді тоқтатады. Яғни мұндай сәттерде тасбақалар терең  ұйқыға кіріседі.

Тасбақа арқасына жабыстырылған тасынан мойнын алға созу арқылы дем алады және өкпесіне ауа толтырады. Қызығы, ол жүрген кезде ғана жақсы тыныстайтын көрінеді.

Жасына, көлеміне қарай тасбақалар әр түрлі келеді. Ал олардың өмір сүру ұзақтығы – 150 жыл. Тасбақалар 10 жасқа толғаннан кейін жұмыртқа салады. Жұмыртқалары аппақ әрі қалың қабыршақты келеді. Жылына 3-5 жұмыртқа салады.

Жасыл желек

Сабыншөп

Сабыншөп (мыльнянка) – біздің елімізде көп кездесетін жылдық өсімдік. Бұл өсімдіктің тамыры мен шөбі емге, дәріге көп пайдаланылады.

Сабыншөптің сабағы түзу, жапырақтары жалпақ әрі  ұзын келеді. Көбіне маусым-тамыз айларында гүлдейді. Гүлдері ақ және қызғылт түсті.

Жас ғалым

Жарайсың, Гүлназ!

Жақында Тараз қаласында өткен «Жас ғалым – 2009» халықаралық конференциясына №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Гүлназ Неталина қатысып, жүлдемен оралды.

Гүлназ бұған дейін де көптеген жарыстарға қатысып, талай жүлделерді бағындырыпты. Мәселен, ол Кіші ғылым академиясында өткен облыстық, республикалық ғылыми конференцияларда көптеген тақырыптарды қорғап, жүлдеге қол жеткізді. Гүлназдың жетекшісі – Нұрлан Жақыбаев.

Тараз қаласында өткен халықаралық конференцияға Қазақстанның ғана емес, әлемнің жас ғалымдары қатысты. Біздің мектептен бұл жарысқа 13 адам барды, оның екеуі – мұғалім. Бұл жолы мен «Қазақтың нақыл сөздері» атты тақырыпты кеңінен талқыладым. Мұнда ауылдағы көнекөз қариялар айтқан нақыл сөздердің ерекшелігіне аса назар аударып, жұртшылыққа кеңінен түсіндірдім. Біздің мектептен барған оқушылардың көбісі жүлдемен оралды. Мен 3-орынға қол жеткіздім, – дейді Гүлназ.

Ғылыми жұмыстан бөлек Гүлназ көптеген игі істермен айналысады екен. Мәселен, аудандық газетте оның мақалалары жиі жарияланады. Ол қолы қалт етсе, ағылшын тілі курсына қатысады. Келешекте Гүлназ ғылыми жұмыстарын ағылшын тіліне аударып, қорғауды көздейді.

Гүлмираның жетістігі

Жақында Ақтөбе қаласында өткен Кіші ғылым академиясы конференциясына оқушылар көп қатысты. Осы конференцияда біздің мектептің оқушысы Гүлзат Абдығалиева мақтау қағазымен марапатталды.

Бұл жолы Гүлзат Злиха апайдың жетекшілігімен «Химиялық препараттардың тұрмыстағы маңызы» деген тақырыпта ғылыми жобасын қорғады. Тақырыптың маңыздылығы – күнделікті өмірімізге байланысты.

– Ұзақ пайдалану кезеңінде шайнектің ішінде қақ пайда болады. Қақ – өте зиянды құбылыс. Мұны кетірудің қарапайым әдісі – сиыр сүтін пайдалану. Гүлзат сүт арқылы қақты кетіру жолын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп шықты, – дейді Злиха апай.

Конференция барысында Злиха апай мен Гүлзат мақтау қағаздарымен марапатталды.

Гүлмира АЙТЖАНОВА,

Тоқпансай орта мектебінің оқытушысы.

Алға ауданы.

Жас қалам

Мен дәрігер боламын

Мен өскенде дәрігер боламын. Себебі ақ халат  киіп, әдемі боп жүрген абзал жандарды еліміздің барлығы жақсы көреді. Дәрігерлер балалар мен аналарға, қарттарға, барлығына көмектеседі. Үлкендер оларға алғыстарын айтып, баталарын береді.

Әрине, дәрігер болу оңай емес. Алдымен Аслан ағам сияқты мектепті жақсы бітіріп, дәрігерлік оқуға баруым керек. Ағамның айтуынша, дәрігер болу үшін мектепте химия, биология, дене тәрбиесі пәндерін жақсы оқу қажет екен.

Егер мен мықты дәрігер болсам, ауылымда жұмыс жасап, адамдарға араша болар едім. Ауылға білімді, тәжірибесі мол дәрігер керек. Қыстың күні суықта, жаздың күні ыстықта тұрғындарға жиі көңіл бөліп, оларды тексеруден өткізген дұрыс деп ойлаймын. Біздің ауылдағы дәрігерлік пункт өте жақсы салынған. Тек ішіне әдемі, жаңа үлгідегі жиһаздар әкелініп, құрал-жабдықтармен және түрлі дәрі-дәрмектермен толықтырылса, күшті болады.

Сраж БАБЫР,

Баршақұм орта мектебінің

3-сынып оқушысы.

Байғанин ауданы.

Қызықты оқиға

Көршім болмағанда…

Ол кезде кішкентай едім. Апаммен бірге далаға ойнауға шықтым. Есік  алдында жүгіріп, бір-бірімізді қуалап біраз ойнадық. Үй алдында құдық болатын. Сірә, қақпағы дұрыс жабылмады ма, әлде үстіне мініп секіргенде түсіп кетті ме, белгісіз, қысқасы, мен құдыққа батып кеттім. Құдық өте терең және үлкен екен. Мен батып кететін шығармын деп қорықтым. Апам айғайлап, жылап, көрші үйдегі  ағайды шақырып келді. Ол ағай құдыққа жайлап түсіп, мені ақырын алып шықты.

Әбден қорықсам керек, есімді біраз уақытқа дейін жия алмай қиналдым. Әрі көп су жұтып қойыппын. Маған жасанды тыныс алдырды. Содан соң ауруханаға апарды. Анам мен апам көп жылады… Мен ауруханада бір апта жатып емделдім. Шыққан соң көрші ағама бардым. Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін көршілеріме алғысымды білдіремін. Егер көрші аға болмағанда, мен аспанда ұшып жүретін едім…

Дияр МЕНДІБАЕВ,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының

6-сынып оқушысы.

Оқушының өлеңі

Ұстаз

Шыңдасаң шыңға шығамын,

Келмейді менің құлағым.

Шарықтасам деп тұр шырағың,

Шабытқа сыймай пырағың.

Бас иіп тағзым етеді

Ұлағаттылығыңа ұланың!

Білім теңіз тартылмас,

Жағалап кеткен жыраға.

Сол теңіздің бар сәні,

Сен иесі сірә да.

Сендей батыл бола алмас

Тасқа біткен қына да.

Ұмытпайық ұрпақтар,

Ұстаз деген ұлы адам!

Отан

Айналдым арыс ақ ордамдай асқардан,

Елу елге ену болған басты арман.

Дархан дала, Есіл, Жайық, Дария,

Отан ұлы отбасынан басталған.

Қанат қақсын, құламасын қарышы,

Асыл өлке – айнабұлақ ағысы.

Еңселі ғой елеулі елдің екпіні,

Отан – алып қайсар ердің намысы.

Жылы шуақ, жылы мекен, жайдарлы,

Қия белге қыран қанат жайған-ды.

Өрелі елім, өркендей бер, өркенде,

Отан, отан, оттан да ыстық айбарлы.

Әйгерім ӘБДІКӘРІМОВА,

№8 қазақ орта мектебінің оқушысы.

Шалқар қаласы.

Бетті әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. маған катты ұнады өте қызықты әрі тамаша сондықтан да осыны жазған балаларға олардың ата аналарына алғысым шексіз !!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!! рахмет !!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!

  2. маған катты ұнады өте қызықты әрі тамаша сондықтан да осыны жазған балаларға олардың ата аналарына алғысым шексіз !!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!! рахмет !!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button